Елдің құты, жердің сүті – су
«Су иесі – Сүлеймен» деп сыйлайтын халқымыз ежелден-ақ «судың да сұрауы бар» деп, оны ысырапшылдықпен пайдалануға тыйым салған. Мұны қазақ баяғыда айтқанмен, оның мәні мен маңызы енді ғана өзекті болып отыр. Өйткені қазіргі таңда су тапшылығы мәселесі әлемде жиі талқыланатын тақырыптардың біріне айналды.
Шын мәнінде, су мәселесі қай кезеңде де маңызды болған. Көшпенді халқымыз шөбі шүйгін, суы тұнық жер іздеп бекер көшіп-қонбаған. Тарихқа үңілсек, шумерлер мен аккадтықтар арасындағы қақтығыстар, кейіннен Вавилон мен Ассирия империяларының арасындағы су ресурстарына деген бақталастық, Үндістан мен Пәкістанның арасындағы арпалыстар, Түрікменстан мен Өзбекстан арасындағы Әмудария өзені үшін болған соғыстар, тіпті Отырардың күйреуі де су тапшылығынан, қалаға келетін судың жолының бөгелуінен болған жоқ па?! Ертектер мен діни наным-сенімдерде айтылатын, адамзат мәдениеті мен өркениетінің қайта дәуірлеуі мен күйреуінің белгісі саналатын «топан судың» өзі де біз айтып отырған сумен байланысты.
Ал енді қазіргі дәуірімізде болып жатқан мәселеге келсек, әлемде қазір 2 миллиардтан астам адам ауызсудан таршылық көруде. Өзендердің өзегі мен көлдердің кенезесі кеуіп бара жатқан бұл тұста бүкіл әлем ерні кеберсімей тұрғанда етек-жеңін жинауға кірісуде.
Кейбір ақпараттарға сүйенсек, 2040 жылға қарай су тапшылығы 50 пайызға дейін жетуі ықтимал. Бұл жағдай Қазақстанның да су мәселесі бойынша дағдарысқа тап болуы мүмкін екенін көрсетеді. Әрі бұл мәселе туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жыл сайынғы Жолдауында және шетелдерге барған жиналыстарында жиі айтып жүр. Мемлекет басшысы айтқандай, шын мәнінде «су қауіпсіздігі – жай ғана техникалық немесе экологиялық мәселе емес, бұл моральдық императивке» айналып отыр.
Қазақстанда қанша су қойма бар?
«Қазақстанда қанша су қоймасы бар? Олардың құрамын зерттеп, бақылайтын институт жұмыс істей ме? Таза ауызсу мәселесі мен еліміздегі су тапшылығы қалай реттелуде?» деген сұрағымызды ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі гидротехникалық ғимараттар басқармасының басшысы Жәнібек Қайшыбекұлына қойдық.
– Қазақстанда 405 су қоймасы бар, оның 94-і – республикалық, 272-сі – коммуналдық, ал 39-ы – жекеменшікте. Республикалық 94 гидротехникалық құрылысқа 80-нен аса көп факторлы зерттеу жүргізілді. Сондай-ақ жаңа Су кодексіне сәйкес, елімізде гидротехникалық нысандар әр 5 жыл сайын көп факторлы зерттеуден өтуге міндеттеледі, – дейді ол.
Сондай-ақ Ж.Қайшыбекұлы Министрлік әзірлеген Су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарына да тоқталды.
– 2024-2028 жылдар аралығында республика бойынша 557 нысанда көп факторлы зерттеу жүргізу жоспарланып отыр. Биыл 105 гидротехникалық нысан тексерістен өтеді. Ал еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, су тапшылығын азайту, маусымдық су тасқыны мен құрғақшылықтан болатын экономикалық шығындарды азайту үшін жаңадан 42 су қоймасын салу, 37 су қоймасы мен 14 мың шақырымнан астам суару каналын реконструкциялау және жаңғырту жұмыстары басталады. Құрылыс жұмыстарының нәтижесінде экономика салаларында пайдалану үшін 2,6 текше шақырым су жинау, су тасқыны қаупін азайту, сондай-ақ магистральдық және шаруашылық каналдар арқылы тасымалдау кезінде су шығынын 50%-дан 25%-ға дейін азайту жоспарланып отыр. Ал су қоймаларының сапасын бақылау және зерттеу жұмыстарын бірнеше мекеме атқарады. Олардың қатарында «Қазгидромет» РМК, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылық комитеті, ҚР Экология министрлігі сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар бар. Сонымен қатар Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты (ҚазСШҒЗИ), У.Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институты, «Қазгидромет» РМК ғылыми-зерттеу орталығы бар. Бұл мекемелер мен ұйымдар су сапасын мониторингтеу, ластаушы заттарды анықтау және су қоймаларының экологиялық жағдайын бағалау жұмыстарын жүргізеді, – дейді Жәнібек Қайшыбекұлы.
Тұтынуға жарамды су қанша?
Жер бетінде жалпы су ресурстарының шамамен 2,5%-ы ғана тұтынуға жарамды. Оның өзі тек белгілі бір бөлігінде ғана адамдар мен табиғаттың қажеттіліктерін қанағаттандыра алады. Қалған 97,5% су – тұзды су, яғни теңіздер мен мұхиттарда орналасқан. Ал Қазақстандағы судың қанша пайызы тұтынуға жарамды дегенге келсек, қазіргі таңда еліміз су қорының көлемі – шамамен 539 км3. Оның шамамен 56,5 км³-і ел аумағында қалыптасады, ал қалғаны көршілес мемлекеттерден келеді. Жыл сайын Қазақстан аумағында 100 миллиард текше метрден астам су жиналады. Ал халыққа қажетті ауызсу көлемі жылдық жалпы су қорының тек 1%-ын құрайды.
Ең таза су қай өңірге тиесілі?
Тұрмыстық ауызсу мақсатында пайдалануға келсек, физикалық және химиялық қасиеттеріне байланысты су көздерінің ішінде ең тазасы жерасты сулары болып келеді. Негізгі жерасты суларының кен орындары оңтүстік, оңтүстік-шығыс, шығыс аймақтарда шоғырланған. Сондықтан осы аймақтардағы тұтынуға жарамды ауызсудың сапасы жерүсті су көздерінен су тұтынып отырған еліміздің басқа аймақтарына қарағанда жоғары деп есептеуге болады.
Астана маңындағы су қоймаларының жай-күйі қалай?
Астанада екі үлкен су қоймасы бар. Біріншісі – Есіл өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан Астана (Вячеслав) су қоймасы. Су қоймасының ауданы – 61 км², ең терең жері – 25 м, ал жалпы көлемі – 411 млн м³. Бұл су қоймасы – Астана қаласының негізгі су көзі, жылына шамамен 300 млн м³ су тұтынатын елорда тұрғындарының қажеттілігін қамтамасыз етеді. Екіншісі – Есіл өзенінің орта ағысында орналасқан Сергеев су қоймасы. Бұл – ірі гидротехникалық нысан. Оның жалпы ауданы – 117 км², су көлемі – 693 млн м³. Аталған су қоймасының негізгі міндеті – Есіл өзеніндегі су тасқыны қаупін төмендету және өңірдің ауыл шаруашылығы қажеттіліктерін қамтамасыз ету. Алайда су қоймаларының экологиялық жүйеге әсері туралы ғылыми зерттеулер көрсеткендей, кейбір аймақтарда судың тұздылығы мен құрамындағы ауыр металдардың мөлшері артқанын жасырмады. Ендеше біз тұтынып жүрген судың құрамы мен сапасы қандай? Бұл сұраққа Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаев жауап берді.
– Қазіргі таңда қаладағы орталықтандырылған су тарату желілеріне (үйлердің крандары, су тарату бағандары) сапасы органолептикалық, микробиологиялық көрсеткіштер және химиялық құрамы бойынша гигиеналық нормативтерінің талаптарына сай су беріледі. Ал су сапасына қызмет көрсетуші ұйым белгіленген кезеңдерге сай су құрамына өндірістік бақылау жүргізеді. Сонымен қатар, Астана қаласының санитариялық- эпидемиологиялық бақылау департаментімен ауызсу сапасына, айына бір рет су сынамаларын алумен санитариялық- эпидемиологиялық мониторинг (СЭМ) жүргізіледі. Демек біздің тұтынып жүрген ауызсуымыздың сапасы, негізінен, талапқа сай деуге болады. Ал енді жеке адамдардың үйіне тазартқыш сүзгілер орнатуы ол өз денсаулығы үшін. Бірақ кейбір фильтрлер суының құрамында микроэлементтер жеткіліксіз болуы мүмкін, ондай суды көп мөлшерде ішу электролит-тұз теңгерімсіздігін тудыруы мүмкін. Әрі құрамында тым көп минералдар бар су электролиттер балансын одан әрі өзгертеді. Сондықтан адамдар қандай су ішеміз десе де таңдау өздерінде, – дейді Мұхамғали Қайыржанұлы.
Фильтр суы зиян ба, құбыр суы ше?
Иә, күнделікті тұрмыста қандай су ішетінін халық өзі шешеді. Жалпы күнделікті тұтынып жүрген ауызсу мәселесі туралы да қоғамда әртүрлі түсінік бар. Оның бірі қарапайым судың құрамы адам ағзасына зиян десе, енді бірі керісінше фильтрден өткен су адамды жиі-жиі дәретке шығарады. Оның құрамындағы адам ағзасына керекті минералдарды фильтр сүзіп қалғандықтан, одан шыққан су да ағзаға тез сіңбей, тек дәретке шығара береді. Бірден бүйрек пен қуыққа қысым түсіреді деген пікір айтады. Ал шын мәнінде фильтрлі су мен фильтрсіз судың айырмашылығы мен пайда-зиянын ажырату қиын. Бұған байланысты мамандар не дейді?
– Иә, қазіргі таңда су фильтрациясының танымалдылығы артқанмен, оның денсаулыққа зиянды әсерлері туралы пікірлер де кеңінен айтылуда. Бұл мәселе әсіресе тұрмыстық фильтрлерді қолданатын адамдар арасында жиі кездеседі. Кейбір фильтрлер, әсіресе активті көмір сүзгілері, судың құрамындағы минералдар мен микроэлементтерді алып тастауға қабілетті. Бұл минералдардың жетіспеушілігі денсаулыққа теріс әсер етуі мүмкін, өйткені біздің ағзамыз күнделікті тіршілік үшін кальций, магний, калий сияқты маңызды заттарды алуы қажет. Сонымен бірге қазіргі заманғы фильтрлер судан хлор мен кейбір химиялық заттарды тиімді түрде алып тастаса да, олар барлық бактериялар мен вирустарды жоя алмайды. Бұл әсіресе тазалық деңгейі төмен немесе табиғи көздерден алынған суды фильтрациялауда проблема болуы мүмкін, – дейді №5 қалалық емхананың алдын алу және әлеуметтік психологиялық көмек көрсету бөлімінің меңгерушісі Айгерим Исламова.
Бірақ фильтр орнату компанияларының қызметкерлері бұл пікірлерді жоққа шығарды. Олар керісінше кран суы зиянды екенін алға тартады.
– Адам күнделікті 3,5 литр су жоғалтады. Егер дене құрамындағы су азайса, адамның жағдайы нашарлайды. Өйткені мидың 85, жүректің 75, бауырдың 77, сүйектің 22, бүйректің 83, көздің 95, өкпенің 80 пайызы судан тұрады. Кран суын ішкенде оның құрамындағы токсиндер мен шлактар, ауыр металдар және тұздар бүйрекке тас жиналуына, өттің ластануына әкелуі мүмкін. Өйткені қанша жерден күнделікті қолданыстағы су пайдалы дегенімізбен, бізде табиғи су шығып жатқан өзен-көлдер жоқ, сондықтан су арнайы қоймаларда сақталады. Қоймалардағы су хлорлау арқылы, шіріген құбырлар арқылы үйімізге келеді. Біздің құбырлар сонау Қонаевтың дәуірінен бастап алмастырылған жоқ. Сондықтан ол су ішкен адамның бүйрегіне құм, қуығына тас жиналу сияқты мәселелер туындатуы мүмкін. Сонымен қатар, бұл су шаштың түсуіне, тырнақтың сынып кетуіне, тіпті ауыр жағдайда бедеулікке әкелуі ықтимал. Бірінші – сүзгі көзге көрінетін заттар мен иісі бар компоненттерді ұстап қалады. Екінші – сүзгі судағы хлорды алып тастайды. Үшінші – сүзгі судың құрамындағы ауыр металдарды жояды. Ал енді бұл сүзгілер судың құрамындағы пайдалы витаминдерді жойып жібермей ме деген сұраққа келсек, бұл дұрыс емес. Себебі су сүзу аппаратының сүзгісі тек судың өлшем бірлігіне сай келетін бактериялар мен зиянды заттарды ғана алып тастайды. Мысалы, судың өзі 5 ангстрем болса, оның ішіндегі минералдардың көлемі 8 ангстрем, ал бактерия – 200, вирус – 50 ангстрем. Демек сүзгі тек 10 ангстремнен үлкен заттарды ғана сүзеді. Сондықтан су сүзілгенде оның ішіндегі пайдалы витаминдер мен минералдар сақталады, – дейді су сүзу аппаратын орнату компаниясының қызметкері Айбек Сәрсенбек.
Ал тұтынушылар қазіргі су сүзу аппараттары суды таза сүзіп берді дегенімізбен, ол суды көп ысырап етеді деп отыр.
– Шынымен, қазіргі тұрмысымызда сусүзгіш аппараттар кеңінен қолданылады. Бірақ сол су сүзу техникасының суды өте көп ысырап қылатынын көп адам ескере бермейді. Шын мәнінде, ең озық деген сусүзгіштің өзі екі кесе таза су шығару үшін кемінде бір кесе суды ысырап қылады. Мұны мамандар айтып та, жазып та жүр. Жақында мен отбасымдағы сусүзгіштің қанша су ысырап қылатынын байқап көру үшін сүзгіштің қалдық су ағатын түтікшесін 20 литрлік бөшкеге салып қойдым. Бір күнде қанша литр таза су ішкенімді білмеймін, бірақ 14 сағатта 40 литр қалдық су шықты. Егер бір отбасы күніне 20 литр су ысырап қылса, тек Астана қаласының өзінде күніне қанша тонна су ысырап болады? Бұл онсыз да су тапшылығы сезіліп отырған бас қала үшін үлкен мәселе деп ойлаймын, – дейді Шаризада есімді қала тұрғыны.
P.S: Су – өмірдің негізі, табиғаттың ең маңызды ресурсы. Оның тапшылығы адамзатқа экологиялық, экономикалық және әлеуметтік қиындықтар тудырады. Сондықтан күнделікті өмірімізде су ресурстарын үнемді пайдалану болашақ өмірімізді гүлдендіре түседі. Әрі біз табиғатпен үйлесімді өмір сүріп, суды ұқыпты пайдалану арқылы ғана болашақ ұрпаққа таза және жеткілікті су ресурстарын қалдыра аламыз. Ендеше суымызды суалтпай, туымызды құлатпай болашаққа жеткізу – біздің ата-баба алдындағы бір міндетіміз деп білгеніміз жөн.
Шапағат ӘБДІР