Қала тіршілігі

Электронды әкімдік

КҮМІСБЕКОВТЕН  КҮЙ  КЕТЕР  КӨКТЕМ  КЕЛСЕ…

Думан Мамаев:

–  Қайырлы күн! Осы елдің салық төлеп жүрген әрі алдағы уақытта да төлей беретін азаматы ретінде  өзімді әбден ашындырған мәселені қаузағым келеді. Биыл немесе осы ғасырда Күмісбеков көшесіне бірдеңе істеле ме?  Маңайында жер көп екеніне қарамастан, көше жолы өте тар әрі ойдым-ойдым, құдды аспаннан метеорит жауғандай. Ал, көлік кептелісі жөнінде айтып жатпай-ақ қояйын. Жыл сайын төсейтін асфальт қабаты қармен бірге еріп кетеді, дұрыс, сапалы жол сала  алатын дені дұрыс маман табыңыздар! Бұл – Астана ғой!..

1 сәуірде түскен шағымға 5 күнде жауап берілді.  

 0707

Коммуналдық шаруашылық басқармасы:

Сіздің шағымыңызға байланысты «Кенесары- Күмісбеков көшелері-Бөгенбай батыр-Сарыарқа даңғылдары шегіндегі А,Б, Слабодка ауданының жоспарланған инженерлік желілері мен жолдары» жобасын жүзеге асыруға тапсырыс беруші Астана қаласы коммуналдық шаруашылық басқармасы екенін хабарлаймыз.   Бөлінген  қаржының тапшылығын ескере отырып, биыл Жангелдин көшесінің Сарыарқа даңғылынан Күмісбеков көшесіне дейінгі бөлігін қайта жөндеу жоспарланып отыр. Ол 2015 жылдың қазан айында аяқталуға тиіс.  Айта кетерлік жәйт, «Целиноград» және «Жібек жолы» тұрғын үй кешендерінің кіреберісіне Жангелдин көшесінің Күмісбеков көшесінен Бейсеков көшесіне дейінгі бөлігіне құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында жол төселеді, Астана қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тапсырыс беріп отырған бұл жоба 2016-2017 жылдары жүзеге асырылады.

 

КҮЛ-ҚОҚЫС  ЖАЙЛАП  АЛДЫ  КӨШЕМІЗДІ

Архат Есқалиев:

– Құрметті Әділбек Рыскелдіұлы! Қаланың «Оңтүстік-Шығыс» шағын ауданындағы Жанкент пен Төлебаев көшелерінің қиылысына қоныс тепкен тұрғындардың тазалықты сақтау мәселесіне көз қырынызды салғанынызды өтінеміз. Аталған көшелерге өткен, яғни, 2014 жылы тас жол төсеп, асфальттаған еді. Бірақ тұрғындардың осы игілікті дұрыс пайдаланып, қадеге асыра алмай отырғаны еріксіз қынжылтады. Осыған орай көрсетілген мекенжайға өз өкілдеріңізді жіберуіңізді өтінеміз.

Мәселе 6 күн ішінде шешімін тапты.

e6c14de38cb7f2cf8fe026c6301

Алматы ауданы әкімінің аппараты:

– Құрметті  Архат! Алматы ауданы әкімінің аппараты Сіздің шағымыңызды тексере келіп, бүгінгі таңда Жанкент пен Төлебаев көшелерінің қиылысы күл-қоқыстан тазартылғанын хабарлайды. Қосымша айтарымыз: аталған көшелердің санитариялық ахуалына жауапты мердігер ұйымның жетекшісіне мұндай жағдайға жол беруге болмайтындығы түсіндірілді, күл-қоқыс пен қатқыл тұрмыс қалдықтарын  уақтылы тасып шығармау кемшілігі тағы да қайталанған ретте аталған мердігер ұйымға  айыппұл салынады.

 

…САНИТАРИЯҒА САҢҒЫП  ЖҮР  ҚҰСТАР

Николай Сорокопуд:

– «Green» супермаркетінде ылғи пайдалану мерзімі өтіп кеткен немесе өтуге таялған тауарлар сатылады. Ал, ғимарат ішінде құстар – торғайлар ұшып, біздің сатып алатын тағамымызға саңғып жүретіні бір бөлек әңгіме… Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалаудың қайда қарайтыны түсініксіз. Әлдебір олар да баршамызға белгілі норма атаулыға пысқырмай ма?

Мәселе 8 күн ішінде шешімін тапты.

8c9e274162e39ac718e661b95dc

Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті: 

Құрметті Николай Васильевич! «Green» супермаркетінде пайдалану мерзімі өтіп кеткен немесе өтуге таялған тауарлар сатылатындығын хабарлаған әуелгі шағымыңызда нысанның мекенжайы көрсетілмеген еді. 30 наурызда департаментке Өзіңіз аяқтай  келген кезіңізде шағым жазудың және оны қараудың тәртібін түсіндірдік, содан соң супермаркеттің тиісті деректері мен шағымдануға түрткі болған себептер жазбаша түрде ресімделді.  Қазіргі кезде 2015 жылғы 31 наурызда түскен № С-419 жазбаша шағымыңызға сәйкес тексеріс тағайындау туралы акті ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнаулы есепке алу комитетінің Алматы қаласы бойынша басқармасында тіркелуде. Сізге заңда белгіленген мерзімде жауап қайтарылады.

«АЯЛДАМАДАН  АСЫП  КЕТКЕНІ, НЕ  ЕТКЕНІ?!.»

Бағдат Әмірина:

          – 2015 жылғы 29 наурызда (сағат 14.10-де)   № 40 (мемл.нөмері z182cw) автобуста келе жаттым. Мен және тағы үш жолаушы» Бейсекбаев» (бұрынғы «Жуковка») аялдамасына түсуге дайындалдық. Автобус зымыраған күйінде аялдамаға тоқтамастан өте шықты, көлікті тоқтату туралы өтінішімізді құлағына ілген де жоқ. Кенесары – Сембинов көшелерінің қиылысында жүргізуші есікті ашып, жолаушыларды  түсіріп, әрі қарай жөней берді.   Бізде жүргізушілер қашаннан бері жолаушылар тасымалдау ережесін өздерінше белгілейтін болды?

Астана қаласының әрқилы автопаркіне бірнеше рет телефон шалып,   № 5 (мемл.нөмірі 193 AH 01), № 20 (мемл.нөмірі Z 737 CN) маршруттарына қатысты шағым айттым, бірақ диспетчер оларға еш шара қолданылмайтынын жұқалып жеткізді; тасымалдау бөлімінің бастығымен де сөйлестім, одан да түк нәтиже шыққан жоқ.  Сонда басшысын қосшысы билегені ме?

 Мәселе 8 күнде шешімін тапты.

47d13892e0b1980cfe72d8d8d81

 Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы:

– Бағдат, кез келген тәртіп бұзушылық талқыға салынып, дерегі дәлелденген шақта әкімшілік шара қолданылады. 29 наурыз күні № 40 маршрут бойынша қызмет көрсеткен Z 182 CW нөмірлі автобустың аялдамаға тоқтамай кеткені туралы Сіз көрсеткен дерек дәлелденіп,  Жолаушылар мен жүк тасымалдау ережесін бұзғаны үшін М.Айтекеев жұмыстан босатылды, Көлік мамандарының біліктілігін арттыру орталығына қайта аттестациядан өтуге жіберілді. Ал, 2015 жылғы 1 қаңтары мен 31 наурыз  аралығында   Z 031 CM нөмірлі автобусқа қатысты шағым еш жерде тіркелмеген. № 2 автобус паркінде Жолаушылар мен жүк тасымалдау ережесіне байланысты қосымша түсінік беру жұмыстары жүргізілді.

Әрине, осы салада жұмысты ұйымдастырып, бақылау орнатудың қолданыстағы жүйесі ойдағыдай нәтиже бермей отырғаны рас. Осыған орай қазіргі кезде қоғамдық көлік жұмысын жетілдіріп, жолақы төлеудің электронды жүйесі енгізілуде.

 

ТЫЙЫМ БЕЛГІСІН ТҰРАҚЖАЙ ЖАСАП…

Tal Albiev:

– Қайырлы күн! Түркістан көшесіндегі 33/1- мекенжайда орта мектеп орналасқан;  сабақ басталар және аяқталар кезде балаларды оқу орнына жеткізіп, алып кететін автомобильдер иін тіресіп, көшені кептеп тастайды. Жол осы бөлігіне аялдауға тыйым салатын белгі тұр, бірақ мектепке келетін көліктер оны тұрақжайға айналдырған. Сондықтан, оқу орны басшылығымен және ЖПП қызметкерлерімен арнайы әңгіме өткізіп, жол бойын бітеп тастағанша, мектеп ауласының қақпасын ашып қою керек деп ойлаймын; екіншіден, үнемі Түркістан-Сарайшық көшелерінің қиылысында тұратын ЖПП қызметкерлеріне сабақ басталар кезде (сағат 12.30 – 14.00-де) мектеп маңайындағы көшелерде кептелек туындататын құбылыстардың алдын алуды, жол жүру тәртібін бұзғандарды әкімшілік жауапкершілікке тартуды міндеттеу керек.

Мәселе 18 күнде шешімін тапты.

8a34bbf876eed23a8a46d323cf4

Ішкі істер департаменті:

– Астана қаласы ІІД әкімшілік полиция басқармасы Сіздің шағымыңызға орай № 66 мектебіне таяу Түркістан көшесі бақылауға алынды. Сап түзу бөлімшелерінің қызметкерлері қарбалас шақта (таңғы, түскі және кешкі мезгілде) жүргізушілердің көлікке жолаушыларды мінгізіп-түсіргенде аялдау ережелерін бұзуына жол бермеу үшін жұмыстануда. Жыл басынан бері осы көшеде көлік құралдарын қаңтарудың 40-тан аса дерегі тіркелді. Мектеп маңындағы аумақты уақытша аялдама – машина қаңтаратын жер ретінде пайдалану мақсатында қақпаны ашып қою мәселесін біз Есіл ауданының әкімдігімен бірнеше рет талқыладық. Соның қорытындысы бойынша айтарымыз, қоршау ішіндегі аумақтағы оқушылардың қауіпсіздігіне  оқу орны басшылығы жауап береді. Міне, сондықтан, № 66 орта мектеп төңірегіндегі аумақты ортақ пайдаланымға арналған тұрақжайға айналдыру жөніндегі ұсынысыңызды жүзеге асырудың мүмкіндігі болмай тұр.

Дайындаған Мақсот ІЗІМҰЛЫ

  • Деректер www.astana.kz сайтының «Халықтық бақылау» және Астана қаласы әкімдігіне қарасты мемлекеттік мекемелер мен коммуналдық қазыналық кәсіпорындар сайттарының «Сұрақ-жауап» бөлімінен іріктеліп алынды.
Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button