Қоғам

Электронды апостиль бағдарламасын пайдалану мәселесі өзекті

Астанада алғаш рет электрондық апостиль бойынша халықаралық форум өткізілді. Форумды Әділет министрлігі мен Maqsut Narikbayev University бірлесе ұйымдастырды. Халықаралық жеке құқық жөніндегі Гаага конференциясының Бас хатшысы Кристоф Бернасконидің қолдауымен өткізіліп жатқан форум – осындай ауқымды форматта Орталық Азия елінде алғаш рет өткізілді.

Форумға 16-дан астам елдің сарапшылары мен практиктері, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Қатысушылар «Е-Апостиль» бағдарламасын енгізу мен пайдаланудың өзекті мәселелерін талқылап, тәжірибелерімен бөлісті және жүйені одан әрі жетілдіру үшін бірлескен ұсыныстар әзірледі.

– Бұл 2019 жылдан бері, Бразилияның Форталезасында өткен 11-ші e-APP форумынан кейінгі алғашқы ашық форматтағы кездесу. Сондықтан форумның толыққанды форматқа оралуы, 300-ден астам қатысушының басын қосқаны, оның ішінде 70 келіссөз жүргізуші тараптары мен Конвенцияға қатысушы емес үш мемлекеттің өкілдерін көру ерекше қуантады,-деді Халықаралық жеке құқық жөніндегі Гаага конференциясының Бас хатшысы Кристоф Бернаскони.

– Электрондық апостиль — халықаралық құжат айналымын жеңілдету, ашықтық пен қауіпсіздікті арттыру жолындағы маңызды қадам, – дейді ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев.

Maqsut Narikbayev University Провосты Сергей Пеннің айтуынша, университет 2019 жылдан бастап Халықаралық жеке құқық бойынша Гаага конференциясымен серіктестік құрметіне ие болды. Сондай-ақ, оқу орны Орталық Азияда Гаага конференциясының өкілі ретінде қызмет ететін Антенна ретінде жұмыс атқарады.

– Осы рөліміз арқылы біз Гаага конференциясына мүшелікке қосылуды белсенді түрде насихаттап, оның конвенцияларын бүкіл аймақ бойынша ратификациялауды ынталандырамыз,- деді ол.

Қазақстандағы осы бағыттағы форумды өткізу –  елдің апостилизация процестерін цифрландыру саласындағы көшбасшылық орнын көрсетеді. Мұндай форумдар бұған дейін Америкада, Еуропада және Азияда өтті, енді Қазақстан халықаралық деңгейде апостилизацияның цифрландыру мәселелерін талқылайтын негізгі орталыққа айналады.

Форумның бірінші күнінің қорытындысы бойынша мынадай ұсынымдар әзірленді:

  • «Е-Апостиль» жүйесінің мемлекеттік реестрлермен интеграциясы;
  • электронды қолтаңбаларды және мөрлерді верификациялау механизмдерін жетілдіру;
  • азаматтардың электронды апостильдің артықшылықтары туралы хабардарлығын арттыру.

Қабылданған келісімдер құжаттардың цифрлық апостилдеу саласындағы озық тәжірибелердің әлемдік деңгейде одан әрі дамуына және таралуына ықпал ететін болады.

 Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button