Басты ақпаратМәселе

Электронды дегенмен ол да темекі

Сабақтағы үзіліс кезінде оқушылар мен жасөспірімдер арасында будақтаған көк түтінді тез байқауға болады. Түкпір-түкпірден таралған түрлі қолқаны қабар иіс мұрын жарады. Бұл қоғамның тағы бір дерті – электронды темекі. Енді бұған ересектер ғана емес, жасөспірімдер де қызығушылық таныта бастаған. Кәмелет жасқа толмағандар үшін темекі сатуға тыйым салынғанымен, құрамында никотині бар вейпке құмар жастардың қатары артып келеді. Ол «сәнге» айналды. Біреулер ермек үшін қолданса, өзгесі кәдімгі шылымды тастауға көмектеседі деген оймен пайдаланып жүр. Сыртты былай қойғанда, оны ғимараттың ішінде, үйде шегетіндер көп. 

Өкінішке қарай, бала денсаулығын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жалпы электронды темекілерді сатпау туралы заң актілерінде арнайы тармақтар жоқ екен. Мектептерде өткен жиындарда педагогтар, ата-аналар осы өзекті мәселені ұдайы қозғаумен келеді. Бірақ халық қалау­лылары тарапынан Үкіметке сауал жолдап, осы мәселенің анық-қанығына жетіп, электронды темекілерді білім ордасында сатуға тыйым салуды қатаңдату, құқық бұзушыларды, таратушыларды қатаң жазаға тарту мәселесі шешілмей тұр.

Жастар арасында электронды темекіні сатуды қалай тоқтатуға болады? Бұған мектепте өткен жиында қалалық мәслихат депутаты Азамат Айтхожин: «Электронды темекі ғана емес, есірткі деген күрделі мәселе бар екенін білеміз. Заңдық тұрғыдан қоғам болып талқылап, ұсыныс беріп, бірге төтеп бергенде ғана бұл мәселе шешімін таппақ» деп жауап берді.

– Белгілі бір тәртіп болғанмен, оған ешкім бағынбайды. Кез келген адам, мейлі бала болсын, дүкенге келіп сатып ала алады. Төлқұжат тексерілмейді. Кәсіби мамандардың өзі де заңға бағынғысы жоқ, – дейді темекі шекпейтін елорда тұрғыны Олжас Төреханов.

Жалпы әлемде электронды темекінің 100-ге жуық түрі бар. Осыдан 15 жыл бұрын пайда болған тауардың бұл түрі әдеттегі темекіден зияны аз балама ретінде шығарылған еді. Осылайша әдеттегі темекінің кесірінен туындайтын аурулардың алдын алу көзделген еді. Мысалы, Францияда, бір жағынан, вейп ересектерге темекіні тастауға септігін тигізсе, екінші жағынан, жастардың қызығушылығын оятқан. Франция заңына сәйкес, электронды темекіге акциз салынбайды. Сондықтан мұндағы баға да қолжетімді. Ал көрші Германияда бұл тауарға салық бар. Финляндия, Венгрия мен Нидерланд билігі хош иісті вейпті сатуға толық тосқауыл қойған. Енді Еуроодақ бұл шектеуді барлық аймақта жүзеге асыруға ниетті. Өйткені электронды темекінің құрамында әдеттегі шылымдыкіндей никотин болуы мүмкін дейді саясаткерлер.

Еуразиялық темекіге қарсы коалицияның ­мәліметінше, Қазақстанда халықтың 20 пайызы шылым шегеді. Бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіштің бірі

Қазақстанда балаларға темекі сатуға қатаң тыйым салынған. Алайда олар үшін синтетикалық никотин толтырылған электронды темекілер, вейптер, сондай-ақ IQOS («айкос») әбден қолжетімді: интернет және әлеу­меттік желі арқылы оқушылар арасында кеңінен жарнамаланатыны рас. Мұндай қауіпті көре отырып, мемлекет тарапынан бұдан да қатаң тосқауыл мен ерекше шектеу қойылмауы, шынында да, алаңдатады.

Денсаулық сақтау министрлігі Парламентке табыстаған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа кодекске ұлт жанашырлары асыға күткен өзгерістер енді. Оған сәйкес, электронды темекі дәстүрлі шылыммен теңесті. Тиісінше, оны да ғимарат ішінде будақтатуға тыйым салынады. Бұған қоса, «дәстүрлі» және электронды темекілерді ашық сөреде сатуға жол берілмейді. Олар арнайы жабдықталған сөреде жасырылуы тиіс. Сатушы тауарды шылымқор сұраса ғана алып береді. Тек құжатта темекі сөресін қай жерге қоюға болмайтыны нақты көрсетілмек. Мәселен, ойыншықтар мен балаларға арналған өнімдер сатылатын сөрелерден аулақ болуы шарт. Үлкен сауда орындарында темекі және электронды темекілер тұратын бөлек орын жабдықталуы тиіс.

Бұдан бөлек, Қазақстанда темекі өнімдерін тек жасы 21-ден асқан адамдарға ғана сату көзделіп отыр. Бұған дейін 18-ге толғандар сатып ала беретін.

ДСМ тұжырымдауынша, темекіге қарсы жаңа шаралар 5 жыл ішінде әлгі жаман әдеті бар қазақстандықтардың санын 5 пайызға азайта алады.

Еуразиялық темекіге қарсы коалицияның мәліметінше, Қазақстанда халықтың 20 пайызы шылым шегеді. Бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіштің бірі.

Ресей Мемлекеттік думасы таяуда электронды темекілер мен вейпті темекіге теңеп, оны қоғамдық орындарда тұтынуға және кәмелетке толмағандарға сатуға тыйым салатын заң қабылдады.

Бұл синтетикалық індеттен дамыған елдер де зардап шегуде. Вейпингтің кең таралуы АҚШ-та адам өкпесінің зақымдалуына және өліміне әкеліп соқтырды.

Мамандардың түсіндіруінше, никотинсіз қоспаның құрамы глицериннен және этиленгликольден тұрады. Олар шектен тыс қызғанда, аса улы альдегидтер пайда болады. Электронды темекіні өндірушілер өз девайсінде температура қадағаланатынын жариялап жатады. Алайда журналистер мен сарапшылар мұның тек шоуға арналған ­«экспонат» екенін, саудаға түсетін вейптерде қыздыру шамасы бақыланбайтынын анықтады.

– Электронды темекінің негізгі бөлігі – никотин. Улы зат адам ағзасына бірінші тартқаннан-ақ кіріп, қанға өтеді. Психологиялық тәуелділік туындайды. Адам оны шекпесе, ашуланшақ болады. Жүрек-қан тамырларына әсер етеді. Сондай-ақ өкпе мен бүйрекке зиян тигізеді. Ұзақ уақыт бұл құрылғыны пайдалану қатерлі ісікке әкелуі мүмкін, – дейді патологиялық ауытқу бойынша маман Иван Подскребкин.

Сондықтан бұл мәселеге біздің Денсаулық сақтау министрлігі бейжай қарамауы керек. Әлеуметтік жағынан аз қорғалған жасөспірімдердің арасында осы бір жағымсыз әдет кеңінен таралу үстінде. Бұл дегеніңіз – ұлт денсаулығына қауіп деген сөз. Мемлекет тарапынан нақты шаралар қолданбасақ, кейін кеш қалуымыз әбден мүмкін.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button