ЖаңалықтарҚала мен Сала

Электронды тіркеу – ең тиімді жол

Елбасының тапсырмасы бойынша, биылдан бастап ел азаматтары мемлекет тарапынан рұқсат етілетін барлық құжаттарды электронды түрде немесе халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы алу керек. Осыған байланыс-ты Астана қаласының Әділет департаменті де көптеген жұмыстарды қолға алды.  Соның бірі – заңды тұлғаларды электрондық нұсқа арқылы мемлекеттік тіркеу.

Биыл 9 қаңтардан бастап, «Қазақстан Республикасындағы кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы күшіне енді. Осы құжатқа байланысты әр азамат үйінде отырып-ақ, бизнесін 15 минуттың ішінде аша алады. Ол үшін «Электрондық үкімет» порталына кіріп, қажетті сауалдарға жауап беріп, заңды тұлға ретінде тіркелуі керек. Тіркеу қорытындысында өтініш жіберген адам мемлекеттік тіркеуге заңды тұлға ретінде тіркелгені туралы анықтаманы ала алады.
Заңды тұлғаны тіркеу үшін өтініш беру, оған электрондық цифрлық қолтаңба қою, көрсетілген қызметке төлем шлюзі арқылы төлеу «Заңды тұлғалар» мемлекеттік деректер қорына өтініш арқылы жүзеге асырылады. Осы электронды қызметтің арқасында кәсіпкерлер тек уақытын ғана емес, қаражатын да үнемдей алады.
Осы жылдың алғашқы тоқсанында 600 шағын кәсіпкерлік субъектісі «Электрондық үкімет» порталына тіркеліп, ешқайда сабылып жатпай-ақ, қажетті мәліметке қол жеткізді.
Елорданың әділет органдары осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жетілдіре түспек. Өйткені, электронды қызмет түрі – мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттырады. Бұл өз кезегінде ел азаматтарының заңды құқыларының сақталуына, жеке мүддесінің қорғалуына мүмкіндік туғызатыны анық.

Гүлмира Аймағанбет

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button