Сұхбат

Электронды тіркеу уақытты үнемдеп, материалдық шығынды азайтады

Сүйіндік ЖҰМАҒҰЛОВ, Астана қаласы бойынша Әділет департаменті басшысының орынбасары: 

– Сәлеметсіз бе, Сүйіндік Сабырұлы! Қазіргі заманда кімге де болсын уақыт қымбат. Айтыңызшы, жылжымайтын мүлікке құқықтарды электронды тіркеу қалай жүргізіледі?
– Расында да, әділет органдарының басты міндеті – төрешілдік, сыбайлас жемқорлық, қағаз әуре-сарсаңы мен әкімшілік кедергілерді жою. Бүгінгі таңда үкімет порталы арқылы әділет органдары электронды форматта 22 қызмет түрін көрсетеді. Осындай қызметтердің бірі, 2013 жылғы 1 қаңтарда енгізілген жылжымайтын мүлікті электронды тіркеу болып табылады. Ол үшін Қазақстан азаматтары нотариус­та келісім рәсімделгеннен кейін 1 күн ішінде әділет органдарында өз құқықтарын тіркей алады. Келісімге қол қойылғаннан кейін нотариус сатып алушының жазбаша келісімімен өзінің электронды цифрлы қолтаңбасымен құпталған құжаттарды электронды түрде «Е-нотариат», яғни бірыңғай нота­риалды ақпараттық жүйенің бағ­дарламасы арқылы аумақтық әділет органына жібереді. Жылжымайтын мүлікті сатып алушы келісімге қол қойылғаннан кейін, Қазақстан Республикасы электронды үкіметінің төлем шлюзі арқылы тіркеу үшін алым сомасын төлеуі қажет. Электронды тіркеу үшін азаматтардың электронды цифрлы қолтаңбасы қажет етілмейді. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу саласына электронды тіркеуді енгізу мемлекеттік тіркеу мерзімін 5 күннен 1 күнге дейін қысқартты, сонымен қатар жедел тіркеу үшін алым төленбейді. Электронды тіркеудің жеке және заңды тұлғалар үшін ең басты ар­тық­шылығы – уақыт пен мате­риалдық шығынның азаюы. Енді нота­риуста келісім жасалғаннан кейін аза­­мат­тар құжаттарын ХҚКО-ға тап­сырып, әділет органдарының шеші­мін күтпейді. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеудің электронды түрі рәсімдеу шараларын түбегейлі жеңілдетіп, кедергілерді жойып, азаматтарға қолайлы жағ­дайлар туғызуда. Қазіргі таңда осы жеделдетілген мемлекеттік қызмет түрін қолданушылар саны күннен-күнге өсуде.

– Менің атам Ұлы Отан соғысының ардагері, ол ад­во­­каттың тегін кеңесін ала ала ма?
– Қазақстан Республикасы «Ад­вокаттық қызмет туралы» Заңы­ның 2-тарауындағы 1-тар­мақ­шаның 6-бабына сәйкес, егер сот­тың қарауындағы дау кәсiпкерлiк қызметпен байланысты болмаса, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен оларға теңестiрiлген адамдар, мерзiмдi қызметтегi әскери қызметшiлер, I және II топтағы мүгедектер, жасы бойынша зейнеткерлер болып табылатын талап қоюшылар мен жауапкерлер адвокаттың тегін кеңесін ала алады.

– Қайырлы күн, Сүйіндік Сабырұлы! Мемлекеттік салықты сенімхат арқылы төле­уіме бола ма?
– Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 10 желтоқсанындағы № 99-IV «Салық және бюджетке төленетін міндетті төлемдер (Салық кодексі)» Кодексінің 454-бабына сәйкес, алым төлеушілер болып тір­кеуші органның Қазақстан Рес­пуб­ликасының заңына сәйкес, тіркеу іс-әрекеті кезінде мүдделерін қор­ғайтын жеке және заңды тұлғалар болып табылады. Құрылымдық бө­лім­шелер мүддесіне орай, тіркеуші орган тіркеу іс-әрекетін жүргізу кезінде құрылымдық бөлімшелер дербес алым төлеушілер ретінде қа­рас­тырылуы мүмкін. Осыған орай, сенімхат арқылы мемлекеттік алымды төлеу кезінде, сенім білдірген тұлға, төлем құжаттарында сенім біл­дірушінің деректерін, яғни толық аты-жөнін, ЖСН, БСН енгізуі қажет.

– Мен Павлодар қа­ла­сының тұрғынымын, Ас­та­на қа­ласы адвокатының заң көмегіне жүгінейін деп едім. Бұл мүмкін бе?
– Әрине. Адвокат Қазақстан Рес­публикасының бүкiл аумағында, сондай-ақ, егер бұл қабылдаған тап­сырманы орындау үшін қажет бол­са және тиiстi мемлекеттердiң заңдарына әрі Қазақстан Респуб­ликасының халықаралық шарттарына қайшы келмесе, оның аумағынан тыс жерлерде адвокаттық қызметпен айналысуға құқылы.

– Жеке нотариус лицен­зия­сының күшін кім­ және қандай негіздер бойынша тоқтата алады?
– Нотариус лицензиясының күші азаматтардың арыздары, аумақтық әдiлет органдарының, нотариаттық палаталардың, прокуратура, тергеу, анықтау органдарының ұсыныстары негiзiнде Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң шешiмiмен тоқтатыла тұрады.

– №2 нысанды анықтама алуға барғанымда, пәте­рім­нің арестте тұрғанын айтты. Ол мем­лекеттік сот орындаушысының қаулысы негізінде қойылған. Сот актілерін орындау департаменті аталған қаулының көшірмесін ұсына алмады. Астана қаласының Әділет департаментінен сол қаулы­ның көшірмесін ала аламын ба?
– Қазақстан Республикасының «Жыл­жымайтын мүлікке құқық­тарды мемлекеттік тіркеу туралы» Заңының 17-бабы 2-тармағына сәй­кес, құқықтық кадастрды тіркеу ісіндегі құжаттардың көшірмелері сот, құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген құзыретіне сәйкес, дәлел­ді сұрауларына ұсынылады. Бас­қа тұлғаларға аталған ақпарат тек құ­қық иеленушінің келісімімен ғана ұсы­нылады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Мемлекеттік қызмет үлгісін бекіту туралы» 2009 жылғы №2121 қаулысына сәйкес, тіркеуші органмен құпталған жылжымайтын объектілердің жоспары мен тіркеу ісіндегі құжаттардың көшірмелерін ұсыну қызметімен, «бір терезе» қағидасымен жұмыс істейтін халыққа қызмет көрсету орталықтары айналысады. Осылайша, тіркеу ісіндегі құжаттардың көшірмелерін алу үшін, белгіленген үлгідегі өтінішпен ха­лыққа қызмет көрсету орталығына жүгінгеніңіз жөн.

– Сүйіндік Сабырұлы, мынаны білгім келеді: сенімхат қанша мерзімге беріледі?
– Сенімхат 3 жыл мерзімге берілуі мүмкін. Егер мерзім көрсетілмесе, сенімхат берілген күннен бастап 1 жыл мерзімге беріледі. Егер берілген күн көрсетілмеген жағдайда, сенімхат жарамсыз болып танылады.

– Өз атыма жылжымайтын мүліктің құқықтық мен­ші­гіме тіркелмегендігі туралы мә­ліметті қалай алуыма болады?
– Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 15 желтоқсанда №2121 Үкімет Қаулысымен бекітілген, мем­лекеттік қызмет стандартына сәйкес, «Жылжымайтын мүлікке тір­келген «тіркелмеген» құқық­тары (ауыртпалықтары) жайлы анық­та­маны аумақтық әділет органдары­мен халыққа қызмет көрсету орта­лықтары арқылы ұсынылады. Сонымен қатар электронды цифрлы қолтаңбаның болуы жағдайында «элек­тронды үкіметтің» www.e.gov.kz, веб-порталы арқылы алуға болады. Бұл ретте Астана қаласының Әділет департаменті мәліметті тек Астана қаласы бойынша беретінін ескерген жөн.

– Адвокаттың заңға қайшы іс-әрекетімен жиі кездесіп жатамыз. Мұндай жағдайларда қандай мемлекеттік органға немесе ұйымға шағымданғанымыз жөн?
– Бұл ретте Астана қаласы Жеңіс даңғылы, 15-үйде орналасқан Әділет департаментіне және Сарыарқа даңғылы, 31/2 үйдегі адвокаттар ал­қасына шағымдана аласыз.

– Мүлікті сатып алу келісімі рәсімделгеннен кейін, қанша уақыттың ішінде меншікке өз құқығымды тіркеуім қажет?
– Қазақстан Республикасының «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Заң­ның 9-бабының 1-тармағына сәй­кес, сот шешімі өз күшіне енгеннен кейін, келісімді нотариалды куә­лан­дырғаннан кейін, басқа да құ­қық­тың пайда болуына негіз бола алатын құқықты куәландыратын құжатты қолға алғаннан кейін, 6 айдан кешік­тірмей мемлекеттік тіркеуге өтініш жазуыңыз керек. Осы баптың 1-тар­мағында белгіленген мерзімді бұз­ған заңды және жеке тұлғалар Қа­зақ­стан Республикасының заңымен қа­растырылған жауапқа тартылады.

– Пәтерімді сатайын деп едім. Әйелімнің рұқсаты керек екен. Жылжымайтын мү­лікке қатысты жасалған сатып алу-сату шартын тіркеген кезде, ерлi-зайыптылардың біреуі ғана, ал сату кезінде неліктен ерлi-зайыптылардың екеуі туралы мәлімет көрсетіледі?
– «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 33-бабының 1-тармағына сәйкес, ерлi-зайыптылар некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезінде жинаған мүлiк олардың бiрлескен ортақ мен­шiгi болып табылады.

Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің 223-бабының 1-тармағына сәйкес, ерлi-зайып­ты­лардың некеде тұрған кезде жина­ған мүлкi, егер бұл мүлiк ерлi-зайып­ты­лардың үлестi меншiгi болатыны, не олардың әрқайсысына тиесiлi немесе меншiк құқығында тиiстi бөлiктерде ерлi-зайыптылардың әрқайсысына тиесiлi екенi олардың арасындағы шартта көзделмесе, олардың бiрлескен меншiгi болып табылады.
2012 жылдың 27 сәуіріндегі «Қа­зақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әртүрлі заңна­малық актілердің құқық нормалары арасындағы қайшылықтарды, ол­қы­лықтарды, коллизияларды және сыбайлас жемқорлық құқық бұзу­шылықтар жасауға ықпал ететін нор­маларды жою мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республи­касының 2012 жылдың 27 сәуіріндегі №15-V Заңына сәйкес, жылжымайтын мүлікті жұбайлардың біреуі алғанда, екіншісіне де меншік құқығы тіркелетіндігі туралы норманы қарастыратын өзгерістер енгізілді. Осылайша, тіркеуші орган ерлi-зайыптылардың некеде тұрған кезде жинаған жылжымайтын мүлкiн тіркеуді, ерлi-зайыптылардың қай­сысы шартқа қол қойғандығына қарамастан, егер шартта ерлi-зайып­тылардың екіншісі туралы мәлімет болған жағдайда (ТАЖ, ЖСН) «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» мемлекеттік дерек қорына ерлi-зайыптылар туралы мәліметтерді енгізу жолымен жүзеге асырады.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

Пікір үстеу

Back to top button