Басты ақпаратҚоғам

Электронды үкімет тығырықтан шығара ма?

Бізде бір қуанарлығы сол, «eGov электронды үкімет порталының» жұмысы жақсы жолға қойылған. Ақпараттық-коммуникациялық инновациялар есебінен мемлекеттік биліктің ел халқымен өзара іс-қимылын жеңілдету үшін әзірленген жоба азаматтар мен мемлекеттің өзара әрекеттестігін ыңғайлы, қарапайым, қолжетімді және түсінікті ету үшін электронды үкімет жұмыс істейді. 17 жылдың ішінде порталға 14 млн қолданушы тіркеліп, 400 миллионнан астам қызмет алған. Мемлекет көрсететін қызметтерді жеңілдетіп қана қоймай, жемқорлық тәуекелдерін төмендетіп отыр. Азаматтардың өмірін қолайлы ете түскенін атап өту қажет. 

«Электронды үкімет жобасы бойынша әлемдегі көшбасшы елдердің қатарына кіріп отырмыз. Онлайн қызметтер көрсету жөнінен алғашқы ондыққа кіреміз. Осы жылдың аяғына дейін электронды негізде смартфон арқылы көрсетілетін мемлекет қызметтерінің үлесін 90 пайызға жеткізу міндеті тұр. Мобильді қосымшаны қазірдің өзінде 3 миллиондай адам қолданып жүр. Бұлардың бәрі – ай сайын оның қызметіне жүгінетін белсенді қолданушылар» деді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин.

Осыдан он жылдай бұрын, 2012 жылдары «eGov электронды үкімет порталында» мемлекеттік қызметтердің 77 түрі қолжетімді болса, бұл – қазіргі бар қызметтің 11 пайызы ғана. Бүгінде 700-ден астам мемлекеттік қызметті онлайн форматта, яғни телефонмен оңай алуға болады. Енді тек алыс, шалғай жатқан ауылдарды интернетпен, қолжетімді ақпаратпен, құжаттармен қамтамасыз ету мақсатында жұмысты жеделдету Цифрлық даму және аэроғарыш министрлігінің басты міндетіне айналуы тиіс.

Тиімділігін әлі де зерттеу керек шығар, соңғы уақытта «Ашық НҚА» порталында азаматтар заң жобаларын талқылауға да қатысып жүр. Мемлекеттік органдарға қатысты халықта сұрақ көп, бірақ жауап үнемі кешігіп, я түсініксіз тілде келетіні тағы рас. Орысшадан қазақшаға немесе қазақшадан орысшаға шала аударылған мәтін түріндегі мардымсыз жауаптар бұқараның көңілін толтыра алмайды, құрғақ статистикалар қарапайым халықтың не түсінерін білмей дал болды.

Тәртіп сақшысы тұрғындар шағымына құлақ асса…

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының басты мақсаты – билік пен халық арасында конструктивті диалог орнату болса, қоғамдағы ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел түрде назар аудару – басты басымдықтың бірі. Цифрландыру дәуірінде, электронды Үкімет қарқынды дамып жатқан кезде бұл іс кешеуілдемейтін шығар деген үмітте болғанымыз рас. Тұрғындардың көп бөлігі солай ойлады. Содан бері не істелді, не өзгерді дейсіз ғой. Мысалды күнделікті өмірден алсақ дейміз.

Өмір жолында талай тағдырды тоғыстырып, сан арманның орындалуына себеп болған елорданың қауіпсіздігіне әуел бастан зор мән беріліп келеді. Соңғы 10 жылда халық саны екі есе өсіп, тұрғыны бүгінде 1 миллион 400 мыңға жеткен қаланың ең бірінші қарапайым халық үшін қолайлы, қауіпсіз болуы да күн тәртібінен түскен емес.

Көп шулайтын көршілерді қайтеміз?..

Қала болғасын көршіде болып жатқан ұрыс-жанжал немесе дау-дамай, төбелес, айқай-шу қабырғадан естіліп, түн жарымында не таң алдында ұйқыңнан шырт оятатыны рас. Көршің ішімдікпен «дос» болса, сыртта жүрсең да өзің, балаларың үшін алаңдап тұратының және рас. Ондай көрші сөзге де түсінбейтін, абақтыға барып келсе де тыным таппайтын жүгенсіз біреу болса, көршісінің мезгілсіз есігін қағып, елдің мазасын алатын бұзақы болса, тіпті қиын…

– Астанадағы биік ғимарат, зәулім тұрғын үйден пәтер сатып алғанда кеудемді ерекше қуаныш кернегені рас, – дейді редакция­мызға көршісі үстінен шағым айта келген зейнеткер Айым Қамалова. Полицияны талай шақырдық, көршіні ұстап әкетеді де, бір тәуліктен соң баяғы ішкен күйі пәтеріне қайта келеді де тағы әуеніне басады… Ортақ дәлізге (подъезд) шығады да өзіне келген, әбден ішімдікке мас біреулермен төбелеседі де жатады. Заңды бұдан да қатаңдатпаса, я басқа шаралар қолданылмаса, уақытша абақтыға қамалғаннан пайда жоқ, – дейді қария шырылдап.

Қазіргідей заманда қала не аудан полициясы бастығына әлеуметтік желі арқылы шағымдану – шулай беретін көршілермен күресудің жалғыз жолы емес.

Түнде шулайтындарды әкімшілік жауапқа тартуға болатынын бәрі біле бермейді. Егер масаң күйде түнді уақытта көршілерін мазаласа ҚР ӘҚбК 437-бабына (Тыныштықты бұзу) сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады, жұмыс күндері сағат 22.00-ден таңғы 9.00-ге дейін, демалыс және мереке күндері, сағат 23.00-ден таңғы 10.00-ге дейін тыныштықты бұзуы, осы бап бойынша бес айлық есептік көрсеткіштен он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Сонымен қатар масаң күйінде қоғамдық орында көршілерінің мазасын алса, ҚР ӘҚбК 440 (Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады, осы бап бойынша бес айлық есептік көрсеткіштен он айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салынып немесе бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу талабы орындалады.

Қоғамдық орында масаң күйінде көршілеріне былапыт сөйлеп мазасын алатын болса, ҚР ӘҚбК 434-бабына (Ұсақ бұзақылық) сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады, осы бап бойынша жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл төлейді немесе бестен отыз тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алынады, – дейді Астана қаласы Полиция Департаментінің басқарма бастығы, полиция майоры Мирхат Құрманғалиев.

Тыныштық нормалары

Заңға сай көршілермен тату тұрып, тыныштық сақтау, әсіресе, халқы тығыз орналасқан үлкен қалаларда өте маңызды.

Қазіргі заңнамада түнгі тыныштыққа қатысты нақты норма бар. Дегенмен, күндіз де қатты шулаған адамдарға айыппұл салуға болады. Себебі тиісті нормативтерде тұрғын үйлердің ішіндегі дыбыстық шектеулер белгіленген. Оның деңгейі күндіз 45-55 децибелден аспауы тиіс. Мәселен, көрші музыканы қатты қойса, оның дыбысы 55 децибелден асып кетуі әбден мүмкін. Алайда полицейлер оны өлшей алмайды. Себебі арнайы құрал-жабдықтары жоқ. Заңгерлер санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарын шақыруға кеңес беріп отыр. Өйткені дыбыстық шектеулерге қатысты гигиеналық норматив солардың құзіретіне жатады.

Санитариялық қызметтің мамандары Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 425-бабы – «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу» бойынша айыппұл сала алады. Оның мөлшері де әртүрлі.

Ресми органдар берген мәліметке сәйкес, шу күндіз 55 децибел, кешке 45 децибелден аспауы керек. Оны былай түсіндіруге болады:

  • дауыс көтермей сөйлесу – бұл 40–50 децибел;
  • айқай, баланың жылауы, шаңсорғыш дыбысы – 80-90 децибел;
  • түрлі жөндеу жұмысы – 100 децибелге дейін;
  • кен балғасы не рок концерті – 120 децибелге дейін.

Полиция көмекке келе ме?

Егер шудың сізге қатты зияны болмаса, тыныштық бұзған көршілерді жай ескертіңіз. Олар айтқаныңызды елемесе, 102 (үй телефонынан) не 112 (мобайл телефоннан) нөміріне қоңырау шалып, полиция шақырыңыз не бөлімше инспекторына барып, шағым жазыңыз.

Полиция келгенде әкімшілік құқық бұзу туралы шағым жазасыз.

Онда оны кімнің атына жазғаныңызды, толық аты-жөніңіз, мекенжайыңыз бен телефон нөміріңізді, болған жайтты, міндетті түрде шулаған көршілер пәтерінің нөмірін не мекеме атауын, шу қашан басталып, қашан біткенін жазыңыз, соңында полициядан қандай да бір шара жасауын талап етіңіз.

Қайтадан полиция шақырыңыз. Құқық бұзу бір жыл ішінде қайталанса,  айыппұл екі есе артады.

  • Жеке тұлғалар – 10 АЕК-ге дейін (1 АЕК – 3450 теңге)
  • Шағын кәсіп не коммерциялық емес ұйым – 40 АЕК
  • Орта кәсіп – 60 АЕК
  • Ірі кәсіп – 150 АЕК

Егер полиция келмесе не көршілер ескертуіңізді елемесе, өзіңіз не басқа көршілермен бірігіп сотқа шағымданыңыз.

Бір жылдың ішінде тәртіп бұзушылық қайталанса, айыппұлдың мөлшері екі есеге өседі. Бірақ заңға сәйкес, шұғыл қажеттілігі бар жұмыстар үшін айыппұл салынбайды.

P.S: Учаскелік уәкілдер тұрғындармен үнемі байланыста, тығыз қарым-қатынаста болса ғана, оңтайлы қатынастың арқасында ғана қылмыстың алдын алуға болады. Тәртіп сақшысы болу шыдамдылық пен ерекше төзімділікті талап етеді. Елдің елдігін қадағалап, ішкі тәртібін бақылап отыратын полиция қызметкері болу – өте жауапты іс екенін құзыретті орган өкілдеріне тағы да айтқың келеді. Аумақтағы қоғамдық тәртіп, қылмыстың алдын алуда, көшедегі тәртіпті бақылауда белсенді тұрғындар, жастар ұйымдары көп көмек көрсетсе игі. іKomek-ке барып, өтініш айтып жүргенде уақыт кетеді, қылмысты дер кезінде құрықтау маңызды. Сонда ғана қала жайлы, қолайлы, әрі қауіпсіз болмақ. Бас қаланың қолайлылығы ең бірінші осымен бағалануы тиіс.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button