Қала тіршілігі

Электрондық әкімдік

Тілендиев даңғылы демесеңіз, базарда жүргендей күй кешеміз

Сенбесеңіздер, композитор атамыздың атына бұйырған даңғылдың бойындағы «Бақыт» жанар-жағармай стансасының маңын барып көріңіздерші. Жағалай темір контейнер қойып тастаған. Шамасы, шағын базар ашқылары келеді. Бұл қаншалықты заңды? Егер рұқсат етілмесе, шұғыл шара қолдануыңызды сұраймын.

                                                                                                                                       Марат Сыздықов

Өтініш 2 шілдеде түсіп, 15 күнде жауап берілді

Жер қатынастары басқармасы:

Жерді мемлекеттік тіркеуге алатын бірыңғай базаның мәліметіне сенсек, сіздің хатыңызда көрсетілген Тілендиев даңғылындағы 1,6 га жер телімі «Кемер» көпсалалы құрылыс компаниясы» ЖШС-ның меншігінде. Осыған байланысты, аталған серіктестік жерді пайдалануда заңды белден басқанына көзіңіз жетсе, Аумақтық жер инспекциясына (Астана қ. Желтоқсан к-сі, 25) шағымдануыңызға болады. Өйткені, Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 145-бабы, 1-тармағына сәйкес жердің пайдалануды мемлекеттік бақылау мен қорғау міндеті аталған мекемеге жүктелген.

 

Жертөлені жатақхана қылғаны несі?

Менің бұдан бұрын жолдаған №НК-695 хатыма «Заңға және құрылыс нормалары мен ережелеріне (ҚНмЕ) сүйене отырып, бұл жер кісі тұрғызуға лайықталмағаны жөнінде үй-жай иесіне ескертілді» деп жауап берілген болатын. Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 40-бабына сәйкес, меншiк иесiнiң үй-жайды ортақ мүлiкке қауiп төндiретiн немесе оны нашарлататын жұмыстар жүргiзе отырып өзгертуiне, соның iшiнде қайта жоспарлауына және қайта жабдықтауына тыйым салынады. Алайда, төле қабатты жатақхана ретінде пайдалану жалғасуда. Заң талабын жорта елемегені үшін «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ-ға  қатаңдау шара қолданып, Рысқұлбеков көшесі, 16 үйдің («Еңлік» ТК) жертөлесін жатақхана қылуды доғаруын талап етемін.

Бақытжан Дүйсембаев

Өтініш 30 маусымда түсіп, 24 күнде жауап берілді

Тұрғын үй инспекциясы басқармасы:

Осы мәселе бойынша Тұрғын үй инспекциясы басқармасы Алматы ауданы әкімдігінің, Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің, Төтенше жағдайлар департаментінің, Мемлекеттік сәулет және құрылысты бақылау және лицензиялау департаментінің өкілдерімен бірге көшпелі мәжіліс өткізді. Расында, Ұлттық ғылыми медициналық орталық ешқандай рұқсатсыз төле қабаттан өз қызметкерлеріне жатақхана жасақтағаны анықталды. Осы негізде жоғарыда аталған мекемелерге санитарлық-эпидемиологиялық тазалық, өрт қауіпсіздігі, сәулет-құрылыс талаптарына қатысты тексеріс жүргізіп, заң аясында шара қолдану тапсырылды.

 

«Көктем» көз қуантпайды

Күніне «Көктем» сауда үйінің жанынан екі-үш мәрте өтемін. Абажадай, аңғал-саңғал терезелерінен көрінетін ішіндегі ретсіз жиналған зат көрініп, сиқын қашырып тұр. Өзімізді қойшы, сырт көзден ұят емес пе? Тым болмаса, сауда үйі туралы мағлұмат алатындай бірдеңе іліп қойсыншы.

Есенжол Сәтбаев

 Өтініш 5 шілдеде тіркеліп, 14 күнде шешімін тапты

Сарырқа ауданының әкімдігі:

Сіздің шағымыңызға орай, сауда үйінің басшылығына терезелер мен қасбетті  талапқа сәйкес безендіру міндеттелді.

 

Жол салды – төте салды, жан-жағын бітеу салды

Маусым айында К.Байсейітова көшесіне (Герцен көшесімен қиылысар тұсы) асфальт төсеген. Жұмыс толықтай бітпеді десе болады, өйткені, үйлерге кіреберіс жолдар жасалмай қалды. Жан-жағы бітеу. Көлігімізді аулаға кіргізе алмай әлек боп жүрміз. Биіктігі 35-40 см жиектастан жеңіл мәшине түгіл, жүк көлігі өте алмайды. Көптеген үйлердің өз алдына кәрізі бар. Келтірілген қолайсыздықтардың кесірінен жиналған ақаба су сорғызылмай борсып жатады. Құрылысшылардан өтініп көрген ек, көзімізді бақырайтып қойып 50 000 теңге сұрады. Сонда ол  аумақты абаттандыру шығынына кірмей ме?

Светлана Листопадная

Өтініш 19 шілдеде түсіп, 3 күнде жауап берілді

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы:

Сіздің үйіңіздің кіреберісіне жол  5 тамызға дейін салынады.

 

Шетелдік азамат ауыра қалса, қайтеді?

Ресей азаматымын, алайда, Қазақстан Республикасында тұруға рұқсатым бар. 2009 жылдан бері Астанада жұмыс істеймін. Осы жерде тіркелгем. Маған операция жасалуы керек еді. Ол мемлекет тарапынан тегін екен. Мұндай көмекке иек арта алам ба? ҚР заңдарында көрсетілген барлық салық түрлерін үзбей төлеп тұрмын. Тұруға рұқсат қағазын ресімдеген кезде, көші-қон полициясындағылар тек сайлауға қатысудан басқаға құқығым Қазақстан азаматтарымен бірдей деп айтқан. Осының жай-жапсарын түсіндіріп беріңізші.

Наталья Гниденко

Өтініш 23 шілдеде түсіп, 1 күнде жауап берілді

Денсаулық сақтау басқармасы:

ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2011 жылғы 30 қыркүйектегі «Иммигранттарға медициналық жәрдем көрсету ережесін бекіту туралы» №665 бұйрығына сәйкес, ҚР «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 28,31, 35-баптарының сәйкесінше мына тармақшаларында көрсетілген мақсатпен 2) отбасына қосылу үшін  3) білім алу үшін 4) еңбек ету  үшін) Қазақстан Республикасына келген азаматтардың өзімен бірге медициналық сақтандыруы болуы қажет. Мемлекеттік кепілдендірілген медициналық көмек иммигранттарға айналасына қауіп тудыратындай асқынған ауруларға шалдыққанда ғана көрсетіледі. Аурулардың тізімі №2018 қаулымен бекітілген. Басқа жағдайларда медициналық көмек ақылы негізде. Ондай қызметті, сондай-ақ, ерікті медициналық сақтандыру арқылы немесе жұмыс берушінің есебінен төлету арқылы пайдалана аласыз.

Дайындаған: Әділбек ЖАПАҚ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button