Жаңалықтар

Электрондық әкімдік

Алқа-салқа көлікпен адам тасиды

Өкінішке қарай, қалалық меди­ци­налық жедел жәрдем стансасы сапалы қызмет көрсетуге мән бе­ру­ден қалды. 22 мамырда, түнгі сағат 1:20 шамасында болған же­дел жәрдем машинасының (мем­лекеттік нөмірі – Z118CC, борт нөмірі – 41) жол- көлік апатынан дәрі­гер мен медбике, сондай-ақ, 1981 жылғы ұлым А.С. Ғаббасова қат­ты зардап шекті. Көлік қатты соқ­ты­ғылысқанда, басын кабина мен салонның ор­тасындағы ме­талл далдаға қатты ұрғаны сон­дай, әлгі жер майысып қалды, өзі майып бола жаздады. Келесі кү­ні кө­ліктің ішін көріп, жағамды ұс­та­­дым. Едені мен орындықтары жы­­рым-жырым, ілініп тұратын құ­­рыл­­ғылар жерде жайрап жатыр, кө­­ліктің темірі әбден тоттанған, жа­­нын­дағы есігінің ішкі жағы жұм­сақ мате­риалмен қапталмаған. Сонда осындай алқа-салқа көлік­пен қалай адам тасисыздар?
Сырым Ғаббасов

Өтініш 28 мамырда түсіп, 11 күнде жауап берілді.

Құзіретті мекеме не дейді?
Денсаулық сақтау басқармасы:
Қазір қалалық медициналық жедел жәрдем стансасының балансында 76 санитар автокөлігі бар. Олардың жартысына жуығы, дәлірек айтсақ, 48 пайызы тозған. Он шақтысы жөндеуге де келмейді. Астана қаласының тұрғындарына толыққанды қызмет көрсету үшін күн сайын 77 бригада үздіксіз жұмыс істеуі керек. Көлік жетпегесін, 62-64 бригаданы ғана жасақтау мүмкін боп отыр. Сол себепті, ара-тұра ескі көлікті де пайдалануға тура келеді. Жыл аяғына қарай 13 автокөлікті республикалық бюджет есебінен, алтауын қалалық бюджет есебінен сатып алып, автопаркімізді жаңартсақ, әлгі айтқан санитар көлігін жарамсыз деп тауып, қолданыстан шығару ойымызда бар.

«Жол-пол» жоқ белгі үшін жөнсіз соқтықты

24 сәуірде, ұмытпасам кешкі сағат 8-9 шамасында Қабанбай батыр даңғылы бойынан жол полициясы тоқтатып, құжаттарымды көрсетуімді сұрады. «Қандай негізде тоқтаттыңыздар?» деп қар­сы сұрақ қойдым. Өйткені, таяқ­шасы жанбады, ысқырығы қалта­сында, онымен қоймай, дәл «Қаз­МұнайГаздың» түбіндегі көпір­ге өтер жерден тоқтатып тұр. «Жол көлік ережесін бұзды­ңыз, «Тыйым салынған» деген бел­гіні еле­местен бірінші жолақ­тан тіке жүр­діңіз» деді. «Таңер­тең жоқ еді, кешке дейін қойып үлгер­­діңдер ме?» деп таңырқай қой­­ған сұрағыма «жол-пол» қыз­мет­кері дөрекі тіл қата бастады. Бол­­маған соң, ерінбей барып, әлгі жерде ешқандай да белгі жоқ­ты­ғына көз жеткізіп келдім де, бұл­­тарт­пас дәлел болу үшін мына ви­деоны түсіріп алдым: )http://www.youtube.com/watch?v=-SFJs15CH1Y ). Жетон нөмірі – Z 348, көлі­гінің мемлекеттік нөмірі – M 192 DON. Ин­спек­тордың аты-жөні – Жар­қын­баев Асқар Алиайдарұлы.
Медет Тот

Өтініш 25 мамырда түсіп, 10 күнде қаралды

Құзіретті мекеме не дейді?
ІІБ ЖПБ:
Сіздің шағымыңызды Астана қаласы ІІБ-ның Жол полициясы басқармасы қарастырып, аталған факті бойынша қызметтік тексеріс бастады. Жағдайды әділ, жан-жақты қарастыру үшін Жетіген көшесі, 16 үйде орналасқан жол күзеті бөлімшесіне, №16 кабинетке келіңіз.

Дүңгіршек иесі қулыққа басты, ал, СЭС жауапкершіліктен қашты

«Орбита» сауда үйіне таяу, Петров көшесін­дегі №1 үйдің іргесіндегі санитарлық нормаларды өркескел бұзып отырған «Куры гриль» жылжы­малы дүңгір­шегіне қа­тысты шара қолда­ну­лары­ңызды өтінемін. Дүң­гір­­­шек орналасқан жер Астана қаласы әкім­дігінің қау­лы­­сымен бекітілген сау­да орындарының тізі­мінде жоқ. 28 мамырда Алматы ауданы әкімді­гі­нің қызмет­керлері алып таста­ғысы келіп еді, иесі «бір күн­нің ішін­де өз еркім­мен аламын» де­ге­сін, жайына қалдырды. Алайда, қулыққа басты, күндіз жауып тас­тайды да, саудасын кеш­құрым қызды­ратынды шығарды. Әлгі дүңгір­шектен сатып алған тамағын адамдар тура біздің үйдің кіребе­рісінде отырып жейді. Қағаз майлық, теме­кі­нің тұқылы шашылып жа­тады, тіпті, кейбір ұят­тан безген­дері үлкен дә­рет­­терін осында өтей­тінін қайтерсің. Түсір­ген ша­ғы­мымыздан түк шық­пады. Қалалық СЭС сани­тарлық нормалар көрінеу бұзылып, инфек­циялық ауру тарату қаупі төніп тұрса да, кәсіп­керлік туралы заңның талабына сүйеніп, тексере алмай­тын­дығын мәлімдеді. По­­ли­­­цияның тірек-бө­лім­­­­шесіндегілер «сауда жа­сау­­ға рұқсаты бар» деп ша­ра қол­данудан бас тарт­ты, ал, Кәсіпкерлік жә­­­не өнеркәсіп басқармасы­ның атынан жауап берген Ж. Бескем­пірова биыл еш­қандай рұқсат бе­ріл­ме­­ген­дігін жазып, ІІБ-ге сілтейді. Сонда мұны­мен кім айналысады?
Ысқақ Құлатай

Өтініш 31 мамырда түсіп, 8 күнде орындалды. 

Құзіретті мекеме не дейді?
«Алматы» ауданының әкімдігі:
Алматы ауданы әкімдігінің мамандары Петров көшесі, №1 үйдегі «Донер» және «Куры гриль» дүңгір­шектерін алып тастатқызды.

Бабатайұлын жөндейтіндер барсыңдар ма?

«Көктал-1» шағын ауда­нындағы Дулат Ба­ба­­тайұлы көше­сінің көп-көрім асфальтталған жо­лы бар еді, жөн­дей­міз деп бастады да тас­тады. Біздің ауданды қа­да­­ға­лайтын инспектор Әділхан Жолдасбаев тұр­­ғындардың арыз-ша­­ғымына селт ет­­пейді, «ертең-ертең­мен» той­ғызып келеді. Көк­темгі, күзгі жауын-шашында таяқ тас­там жердегі дүкенге барып-келудің өзі мұң. Көлікті жудың-жума­дың – бәрібір лас бола­ды. Жол жөндеу жұ­мыс­тары кезінде жанын­дағы қара жолға тым бол­маса қиыршық тас, құм төксе де болар еді.
Ольга Суслова

Өтініш 6 мамырда түсіп, 4 күнде жауап берілді.

Құзіретті мекеме не дейді?
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы:
Қаржыландыруға қарай осы жылдың екінші жартысында Бабатайұлы көшесін асфальттау жалғастырылады.

Лагерь деп әбігер боп жатырмыз 

Өзім ата-ана әрі мұға­лім­мін. Сізге қояр сұра­ғым – мек­теп жанындағы ла­герьге мемлекет та­ра­пынан қаржы бө­ліне ме? Оған қан­дай балалар бара алады? Лагерь деп әбігер боп жатыр­мыз. Мектеп әкім­шілігі «әр сынып­тан 15 баладан шы­­ға­ра­сыңдар, әйт­­песе, де­малысқа шық­­пай­­сың­дар» деп мұ­ға­лім­дер­ге қа­таң талап қойып­ты. Бала басынан 2500 тең­ге­ден жи­нал­ған қар­жы­ны бас­тауыш білім бе­ру жөніндегі мең­ге­руші қал­тасына жым­­қырады деген қауе­сет тағы бар. Мек­теп тара­пы­нан бұ­рындары лагерь­ге қа­ғаз, қалам, ойын­­шық­тар бөлінуші еді, кейінгі 5-6 жыл еш­­теңе көрмейміз.
Нағима

Өтініш 6 мамырда түсіп, 4 күнде жауап берілді.

Құзіретті мекеме не дейді?
Білім беру басқармасы:
Жазғы демалыс кезінде балалар мен жасөспірімдердің демалысы, сауықтырылуы және еңбекпен қамтылуы – ең маңызды әлеуметтік мәселелердің бірі. Елордамызда 3 маусымда 1-4 сынып оқушыларының бос уақытын қызықты өткізетін 66 мектеп жанындағы лагерь өз жұмысын бастады. Ол лагерьлерге мемлекет тарапынан қаражат бөлінбейді, тек қана жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған отбасынан шыққан балалардың тамақтануына жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылады. Ал, қалған бастауыш сынып оқушылары ақылы түрде өз еркімен, ата-анасының рұқсатымен демалып, сауыға алады. Биыл мектеп жанындағы лагерьлерде тамақтану құны күніне 240-260 теңгені құрайды.

Дайындаған: Әділбек ЖАПАҚ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button