Электрондық сауданы дамыту жоспары қайта жаңартылады
Үкімет басшысы Олжас Бектенов электрондық сауданы дамытудағы 2027 жылға дейінгі жоспарды қайта қарауды тапсырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
– Сауданың дамуы көлік, логистика және қойма инфрақұрылымына тікелей байланысты. Сауда және интеграция министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және бизнес қоғамдастықпен бірлесіп, наурыз айының соңына дейін ел ішінде, сол сияқты халықаралық деңгейде тауарларды жеткізудің тиімді тізбегін қалыптастыруы қажет, – деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Сондай-ақ, Премьер-министр мүдделі мемлекеттік органдардың «Цифрлық Қазақстан» қауымдастығымен бірлесіп, электрондық коммерцияны дамытуды мемлекеттік қолдаудың қосымша шараларын әзірлеуді тапсырды.
– Электрондық сауданы дамытудың 2027-ші жылға дейінгі жоспары қабылданған болатын. Алайда, оны отандық бизнестің ұсыныстарын және маркетплейстермен жұмыс тәжірибесін ескере отырып жаңарту қажеттігі туындап отыр. Бұл жұмысты наурыздың соңына дейін аяқтау қажет, – дейді ол.
Бұған дейін Олжас Бектенов маркетплейстердегі тауарлардың сапасына қатысты сұрақтың көптігін айтқан еді.