Электросамокат ережелерін көбіне жасөспірімдер бұзады

Электросамокат тізгіндеген жасөспірімдер жол ережелерін жиі бұзып отыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Бұл туралы Астана қаласының Полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Махамбет Төлешов мәлім етті.
— Жол қозғалысы ережелерін көбіне кәмелетке толмағандар бұзады. Олар электросамокатпен жүргіншілер бөлігіне жиі шығып кетеді және көп жағдайда шлемсіз басқарады. Сондай-ақ, қиылыстардан өту ережелері мен тыйым салатын белгіге бағынбайды. Одан бөлек, жолдың екінші және үшінші жолағымен қозғалу тәртібін бұзады, — деді Махамбет Төлешов Астана қаласы коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Полиция департаменті өкілінің мәліметінше, 15 сәуірдегі жағдай бойынша 180-нен астам электросамокат тізгіндеуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 33 факті бойынша ережені кәмелетке толмағандар бұзған.
Сәуірдің басында электросамокатшыларға қандай тыйым салынатыны туралы жазған едік.
Айта кетсек, бүгінде елордада 1341 мопед тіркеліп, куәлік берілді.
Еске салайық, елімізде биыл 5 сәуірге дейін мопедтерді ресми тіркеу міндеті қойылды. Осы орайда тіркемегендерге қандай жауапкершілік көзделгенін жазған болатынбыз.