Имантаразы

ЕЛЕМЕС ӘЖЕНІҢ ЕСТЕЛІГІ

ERA_8424

Құдайға шүкір, бүгінде елорда аумағында сәулеті мен дәулеті жарасқан бірнеше мешіт бой көтерген. Солардың қатарындағы С.Ғылмани мешіті – қаланың байырғы мінәжат орны. Имандылық ұясына айналып отырған айтулы мешітте биыл Қазақстан мұсылмандары діни бірлестігінің бастамасымен мұражай ашылып, жамағатты бір қуанышқа бөлеген еді.

Қазір осы мұражайға келушілер көбейе түскен. 1952 – 1972 жылдар аралығында Орта Азия мен Қазақстан діни басқармасының уәкілетті өкілі, сонымен Қазақстанның қазиы болған Сәдуақас Ғылмани атындағы осынау мұражайдың ішіне кіргеннен-ақ адам бойында ерекше бір имандылық пен сабырлық пайда болатындай. Мұражай директоры Бахытхан Сұлтанбайұлы келушілер күн санап көбейіп жатқанын айтып: «Дін қайраткері Сәдуақас Ғылманидың өнегелі өмірі туралы білгісі келетін жамағатқа осындағы құжаттар мен дүниелерді көрсетіп қана қоймай, өз тарапымыздан қосымша мәліметтер беріп, ел аузында сақталған әңгімелерді баяндап береміз», – дейді.

Біз барған күні астаналық зейнеткер Елемес Мұқатова апай мұражайға немерелерін, ағайын-туыстарын ертіп келіп, аралап жүр екен. Наиб-имам Мамлюк Мұсаев арнайы келген қонақтарды жылы шыраймен қарсы алып, ардақты ананың мұражайға алып келген естелік дүниелері үшін алғысын айтты. Елемес әженің әкесі кезінде Ақмола облыстық «Сталин туы» газетінде қызмет атқарған Ғалымжан Мұқатұлы дін қайраткері Сәдуақас Ғылманидың шәкірті болған екен. Осы орайда баспасөз ардагері мен дін қайраткері арасындағы рухани жақындық жайлы мұражайға арнайы келген еңбек ардагері-зейнеткер Қуандық Тәженов әсерлеп әңгімелеп берді. Сәдуақас Ғылманидың дінімізді ұлықтау, насихаттау жөнінде жүргізген жұмысы өшпес өнеге екенін жеткізді. Бұл ретте Ғалымжан Мұқатұлының дін қайраткеріне сенімді серіктес болғанын да айтып, өзі көріп-естіген біраз оқиғаларды еске түсірді.

Жақсы жүздесумен басталып, ғибратты сырласумен тәмамдалған осы кездесудің соңында мұражай директоры үрім-бұтағын, туыс-жақындарын арнайы ертіп келген Елемес апаға ақ пейілі үшін алғысын айтты. Осындай көңіл көншіткен кездесуге куә болған біздер де бір марқайып қалдық.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button