1 желтоқсан - ҚР Тұңғыш Президенті күні

Елге ел қосылса – құт

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан ­Назарбаевтың тәуелсіз мемлекетімізді бүгінгідей биік дәрежеге көтерудегі жұмсаған еңбегі, төккен тері ұшан-теңіз. Бұлардың арасында Елбасының шетел қазақтарымен тығыз байланыс орнатып, олардың Қазақстанға көшіп келуіне жол ашудағы қызметінің алар орны  ерекше. Осыған орай, Қазақстан тарихында қазақтардың басын қосайық деген мұндай игілікті іс бұрын-соңды қолға алынбағанын айта кеткен жөн. Керісінше, сонау елуінші жылдардан бастап біздің республикамызға сырт жерлерден өзге ұлт өкілдері  жүз мыңдап, миллиондап келе бастады.  Осының салдарынан Қазақстандағы қазақтардың үлесі 30 пайызға дейін  төмендеп, қазақ мектептері жаппай жабылып, қазақ халқы өз ана тілінен айрылып, ұлт ретінде жойылып кету қаупіне ұшырады.

[smartslider3 slider=1160]

Осындай қиын жағдайда Тұңғыш Президентіміз сонау сексенінші жылдардың соңында, әлі тәуелсіздік алмай тұрған кездің өзінде республика басшылығына келген бойда бірден сырт жерлердегі ағайындармен жан-жақты, тығыз байланыс орнатып, олардың атажұртқа оралуына барлық мүмкіндік жасауды қолға алды. Бұл ретте сол кездегі шетел қазақтарымен мәдени байланыс жасайтын «Қазақстан» қоғамының жұмысын күшейтуге айрықша көңіл бөлді. Осының нәтижесінде 1990 жылғы 12 қазанда Қазақ республикасының  құрылғанына 70 жыл толуына арналып Алматыда өткен салтанатты мерекеге Түркияда тұратын атақты дінтанушы ғалым Халифа Алтай бастаған біртоп шетелдік қазақтар арнайы шақырумен келіп қатысты. Бұл алыс-жақындағы ағайындардың атажұртқа ресми шақырумен тұңғыш рет келуі болды.

Бұдан кейін шетелдегі ағайын­дармен байланыс жасаудағы мұндай игілікті істер одан әрі жалғаса түсті. Оның бір айқын көрінісі  Елбасының  1991 жылдың қыркүйек айында ресми сапармен арнайы делегацияны бастап Түркияға баруы болды. Түркиядағы қазақтар Елбасын Стамбул әуежайында қазақтың ежелгі дәстүрімен ақсарбас айтып сойып, салтанатпен қарсы алды. Сол күні кешкісін Елбасы «Мәрмар» мейманхасында ағайындармен кездесіп, салиқалы мәжіліс өткізді. Мәжіліс барысында Қазақстанда әлемнің әр түкпірінде жүрген қазақтардың басын қосатын үлкен  бір жиын өткізілсе деген ұсыныс та айтылды. Елбасы бұл ұсынысты бірден қолдап, Алматыда Дүниежүзі қазақтарының құрылтайын өткізу жөнінде шешім қабылдады. Және бұл құрылтайды ұйымдастыру жұмысын дереу қолға алуды осы делегацияның құрамында барған Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Қалдарбек Найманбаевқа тапсырды.

Осыдан кейін Елбасының тапсырмасымен 1991 жылғы 18 қарашада Қазақ КСР Министрлер кабинеті «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» №711 қаулы қабылдады. 1991 жылы 31 желтоқсанда Елбасы Қазақ радиосынан алыс-жақындағы ағайындарды атажұртқа шақырған тарихи Үндеуін жариялады. 1992 жылғы 26 маусымда Қазақстан Республикасының  «Көшіп келу туралы» Заңы қабылданды. 1992 жылғы 23 қыркүйекте Әлем қазақтарының бірінші құрылтайы қарсаңында Қазақстан үкіметі «Шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдерін Қазақстан Республикасында болған кезінде әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктермен қамтамасыз ету туралы» №791 қаулы қабылдады. Көлемі алақандай ғана осы шағын қаулы 2005 жылдың ақпан айында өз күшін жойғанға дейін шетелден келген барлық қазақтың тұрақты тұру, азаматтық алу,  оқуға түсу сияқты мәселелерін ешқандай әуре-сарсаңға салмай, бірден шешетін негізгі құжат болды.

1992 жылы 28 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Алматыда Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы халқымыздың тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі ретінде үлкен табыспен өтті. Cөз реті келгенде Елбасының жоғарыда айтқан Түркия сапарындағы тапсырмасына орай, Қазақстан Жазушылар одағы 1991 жылдың қазан айынан бастап әлем қазақтарының тұңғыш басқосуын ұйымдас­тыру жұмыстарына белсене кіріскенін айта кеткеніміз жөн. Ең әуелі, Жазушылар одағы жанынан құрылтайды өткізу жөнінде ұйымдастыру комитеті құрылды. Оның төрағасы болып Қалдарбек Найманбаев, орынбасарлығына Одақтың екінші хатшысы Төлен Әбдіков бекітілді. Маған Ұйымдастыру комитетінің жауапты хатшысы міндеті жүктелді. Құрылтайды өткізуге Ә.Мамашәріпов бастаған «Мақсат» акционерлік қоғамы қаржылай қолдау көрсететін болды. Әрине, біздің елімізде бұған дейін сырт жерлердегі ағайындардың басын қосып дәл мұндай ауқымды жиын өткізу мүлдем қолға алынбаған. Ешқандай тәжірибе жоқ болғандықтан, талай қиындықтар кездесті. Оның бәрін тізіп айта берсек, ұзақ әңгіме. Шетелден кімдерді, қалай шақыру мәселесінде де тығырыққа тірелдік. Міне, осындай кезде белгілі қоғам қайраткері Шәңгерей Жәнібеков басқаратын «Қазақстан» қоғамы көмекке келді. Сол кездегі шетел қазақтарына арналып жарық көретін «Шалқар» газетінің редакторы Уақап Қыдырхан, Моңғолияда туып-өсіп, Еуропада оқу бітіріп, сол жақта  жұмыс істеп жүрген Досан Баймолда сынды азаматтар да дер кезінде шетел қазақтары туралы көптеген мәліметтер берді. Міне, сөйтіп алғашқы екі-үш  айда құрылтайға 20-дан астам алыс шетел мен көршілес республикалардан келетін 300 қонақтың нақты тізімі дайындалды. Әйткенмен, тағы бір қиындық бой көрсетті. Ол Құрылтай делегаттарының Алматыға келіп, қайту мәселесі еді. Бұл жылдары Қазақстаннан шетелдерге тікелей ұшақ қатынасы жоққа тән болатын. Тек Алматы мен Стамбул арасына аптасына бір ғана ұшақ қатынайды. Соған орай Еуропада тұратын қонақтардың бәрі тек осы бір ұшақпен келеді және құрылтайға толық қатысу үшін ұшақ қатынасына байланысты алдын ала, тіпті бір аптадай бұрын жетіп алуы қажет. Осы жағдайға байланысты қонақтарды қалай орналастыру мәселесі де ойластырылып, ертерек келген қонақтарды Ұлытау, Түркістан сияқты тарихи жерлерді аралатып, көрсету керек деген байламға келдік.

Елбасының тікелей тапсырмасымен құрылтайға бір айдай уақыт қалғанда, яғни 27 тамыз күні Үкіметтің арнайы қаулысы шығып, ҚР Премьер-минис­трінің орынбасары Мырзатай ­Жолдасбеков басқарған Үкіметтік комиссия құрылып, Алтынбек Сәрсенбаев жетекшілік ететін штаб іске кірісті. Бұл штабта Сауытбек Абдрахманов, Әлібек Асқаров, Серік Сейдуманов сияқ­ты қазір бүкіл елімізге белгілі азаматтар болды. Біз енді осы штабтың құрамында жұмысымызды одан әрі жалғастырдық.

Құрылтай қазақ халқының тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі ретінде үлкен табыспен өтті. Салтанатты мәжілісте ­Елбасы халқымыздың бүгіні мен болашағы туралы тебіреніп тамаша баяндама жасады. Жиналыста Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығын құру туралы мәселе көтеріліп, төралқа төрағасы болып Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев бірауыздан сайланды. Төрағаның бірінші орынбасарлығына Қалдарбек Найманбаев бекітілді. Кейін мұндай құрылтай Түркістан мен Нұр-Сұлтан қалаларында төрт рет ұйымдастырылды. Осы құрылтайлардың бәрінде де Елбасы әлемнің әр түкпірінен келген ағайындардың ортасында болып, қазақ халқының бүгіні мен болашағы жөнінде толғанысқа толы керемет баян­дамалар жасады.

Міне, осы алғашқы құрылтайдан бастап шетелдегі ағайындармен жан-жақты байланыс жасаудың негізгі салмағы Елбасы жетекшілік ететін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына түсетін болды. Осыған орай 1992-2004 жылдар аралағында Қауымдастық Төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған көрнекті жазушы, белгілі қоғам қайраткері Қалдарбек  Найманбаевтың бұл жұмысқа ерекше еңбек сіңіргенін атап айтқан жөн. Ол кісі дүниеден өткен соң, 2004-2017 жылдар аралығында бұл қызметті Талғат Мамашев атқарса, ал қазір Зауытбек Тұрысбеков жалғастыруда.

Мен Қауымдастықтың жұмысына құрылған алғашқы күннен бастап қатыстым. Қауымдас­тықтың 25 жылға жуық кезеңдегі бүкіл жұмысы, жеткен жетістіктері мен кездескен қиындықтары маған жақсы таныс. Қауымдастық шаңырақ көтерген алғашқы күннен бастап Елбасының белгілеп берген бағыт-бағдары мен тапсырмалары бойынша шетел қазақтарымен байланыс жасауды барынша жақсартуды жүйелі түрде қолға алды. Бұл ретте біз бірінші кезекте  алыс-жақындағы ағайындарді аралап, олардың тыныс-тіршілігімен, мұқтаж мәселелерімен танысуға кірістік. Көршілес жатқан Ресей, Өзбекс­тан, Тәжікстан, Түркіменстаннан бастап, сонау Моңғолия, Түркия, Ауғанстан, Иранға дейінгі қазақтар тұратын елдерді түгел араладық. Еуропадағы қазақтар да назардан тыс қалмады.

Осындай жұмыстардың нәтижесінде Қауымдастық біртіндеп шетелдердегі ағайындармен мәдени-рухани, оқу-білім саласында қарым-қатынас орнатудың барлық мүмкіндіктерін жүзеге асырды. Қандастарымыз тығыз орналасқан елдердің бәрінде қазақтардың кіші құрылтайларын сан рет  өткізді. Шетелдегі қазақ жастарының Қазақстанға келіп оқып, білім алу мәселесін алғаш рет көтеріп, дайындық бөлімдерінің ашылып, оған қабылданатын талапкер жастардың санының 1500-ге дейін көбеюін жүзеге асырды. Шетелдегі қазақ ақындарының мүшәйраларын тұрақты өткізіп тұрды. Шетелдегі қазақ балаларының Қазақстандағы лагерьлерге келіп тынығуына да мүмкіндік жасады. Иран, Ауғанстан, Түркия, Қытайдан келген кәсіпкерлер мен бизнесмендердің Қазақстанда жұмыс істеулеріне тікелей көмектесті. Түрлі жиындар мен бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ диаспорасына қатысты өзекті мәселелерді ортаға қою жүйелі түрде жүргізілді.

Қауымдастықта шетелдегі қазақ жазушыларының шығармаларын шығаратын «Атажұрт» баспа орталығы жұмыс істеді. Шетелдегі қазақтарға арналған «Туған тіл», «Алтын бесік» журналдары жарық көріп тұрды. Қазақ диаспорасын зерттейтін ғылыми орталық болды.

Бұл ретте, Қауымдастықтың құрылуы мен қандастар көшінің барынша жандануы  бір кезеңде қатар жүзеге асқанын да айта кеткен жөн. Яғни, 1991 жылдан бастап Қазақстан үкіметі көші-қонға да айрықша ынта-ықылас танытып,  барлық жағдай жасады. Мына жағы Моңғолиядан бастап, сонау араб елдері мен Түркиядан ағайындарды жүздеп, мыңдап көшіріп әкелді. Бұл жұмыстарды ұйымдастыруға сол кезде көші-қонның басы-қасында жүрген Саят Бейсенов, Ғазиз Есмұханов, Памир Камалиев, Мұхит Ізбанов, Марат Тоқсанбаев және басқа да азаматтар ерекше еңбек сіңірді. ҚР Ішкі істер министрлігі Паспорт және виза жұмыстары Бас басқармасының бастығы болған Өмірбай Мұсаев та бұл игілікті іске айрықша жанашырлық танытты.  Қазақстанның  тиісті орындары, әсіресе, Сыртқы істер министрлігі де шынайы жанашырлықпен қолдау көрсетті.

Қауымдастық «Шетелдегі отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы» мен «Көші-қон туралы» заңның қабылдануына да атсалысты. Нәтижесінде шетел қазақтары Қазақстанға ағылып келе бастады. Бұл көш, әсіресе, 90 жылдары айрықша мол болып, оралмандардың саны жылына 170 мың адамға дейін жетті. 2000 жылдардың ортасында да бұл көш 60-70 мыңның төңірегінде болды. Сөйтіп Қазақстанға бір жарым миллионға жуық қандастар оралды.

Бүгінгі таңда республика халқының жалпы саны 19 миллиондай болды, егер 1,5 млн оралмандар келмегенде Қазақстан халқы саны қазіргі деңгейге ешқашан жете алмас еді; әлеуметтік-экономикалық дәрежеміз, мәдени-рухани жағдайымыз дәл қазіргідей биікке көтерілмес еді.

V құрылтайдан кейін Дүниежүзі қазақтары қауымдас­тығының кеңсесі Нұр-Сұлтан қаласына  қоныс аударды. Ал Қауымдастықтың Алматыдағы төрт қабатты керемет ғимараты қазір ешкімге керек болмай, бос тұр. Кезінде Қауымдастық тікелей белсене араласқан қандастар көші де барынша азайған. Дегенмен мұның бәрі уақытша жағдай деп үміттенеміз. Өйткені Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелдегі қандастармен тығыз байланыс орнатып, олардың атажұртқа қоныс аударуына кең жол ашқан тарихи еңбегінің орта жолдан тоқтап қалмай, алдағы уақытта жаңа қарқынмен жалғаса беруі біздің бәріміз, бүкіл халқымыз бен мемлекетіміз үшін өте маңызды.

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,

1992-2017 жылдардағы

Дүниежүзі қазақтары ­қа­уымдастығы Төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург,

профессор

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button