Тағзым

ЕЛI СЫЙЛАГАН ЕСКЕРМЕС ЕДI…

Ескермес-ЕлемесовОл бір басында сазгерлік, әншілік, жазушылық пен журналистік тоғысқан әмбебап жан болатын. Бұл – табиғаттың берген дарын-қабілеті. Ал, осынау қыр­ларына қоса, Ескермес Иманбаевтың туа біткен азаматтық, адамшылық, жан баласына жамандық ойламайтын ақ жүректігі, қолынан келіп тұрса, жақсылығын аямайтын бол­мысы айналасын риза ететін. Көп жылдар қатар жүрдік. Асыл жары Сәулеге қосылғанда да, тұңғышы Жансая дүниеге келгенде де, алғашқы кітабы баспадан шыққанда да қуаныштарын бөліскенбіз. Сол кездегі Сәкен Сейфуллин атындағы Целиноград педагогикалық институтының музыка факультетінде сабақ бере жүріп, облыстық басылымдарға жиі қалам тартып, телерадио бағдарламаларына жиі атсалысатын Ескермес ақыры «ат басын» журналистикаға бүтіндей бұрған. Өзіндік жазу мәнері, ой толғау тәсілі, көркемдеп баяндауы бар туындылары әсте  жаттанды болмайтын.

Сол заманғы «төселген» журна­лис­тердің «КПСС Орталық Комитетінің Пленумында айтылғандай» деп, басталатын оқырманын мезі етер таптауырын тіркестері Ескерместің жазғандарында мүлдем қара көрсетпейтін. Нені жазып, не жайында айтса да, Ескең көрген-білгенін жүрегінен өткізіп, санасында саралап, адамдық, азаматтық тұрғыдан төгілдіре ақ қағазға түсіретін. Ол жылдарда «лито» деген қырағы көз болар еді. Оның бекі­туінсіз, қол қоюынсыз бірде-бір материал оқырманына, тыңдарманына жол тартпайтын. Ескерместің теледидардағы шығармашылығы осы кедергілердің баршасынан сүрінбей өтіп, елінің талай ризашылығын алған.

Журналистігін қалыпқа түсіре жүре, Ескең сазгерлігін де тастаған жоқ күй шығарып, ән жазды. Облыстық, респуб­ликалық айтыстарда өнерін ортаға салды. Достары өте көп болатын. Өзінің кіндік қаны тамған Қорғалжыннан бас­тап, сол кездегі астанамыз Алматыға дейінгі аралықта ел азаматы Ескерместі білмейтіндер кемде-кем еді.

Өнерін өсіріп, қаламын да мұқалтпай ортамызда еркелеп жүрді. Досымыздың шығармашылығының шыңдалуына асыл жары Сәуленің де үлесі болды. Қалада туып-өскен ол жан жарының шығармашылығына демеу, қамқор, тілектес бола алды. Ескермес секілді өнер адамының еркеліктерін де көтерді. Оған жан шуағын, жар құшағын адал сый етті.

Санаткер әріптесіміз сатираға да қалам тартып жүрді. Оған Ескерместің «Бас­тығымның бас терісі» деген кітабы дәлел. Оқыған адамды еріксіз езу тарт­қы­затын, күлкіге де кенелтетін шымшымалы шығармаларды көп жазды. «Кенеп мәшиненің кереметі» деген әңгімесінде «ауырдың үсті, жеңілдің астымен» жүруге бейім қос азаматтың қылықтары сын тезіне салынғаны есімізде. «Айнаның екінші беті» атты кітабында да Ескермес өзінің әзіл-қалжыңға бейімділігін дәлелдеді. Әттең, ол кездегі Целиноградта Ескермес секілді талантты жандарға ауадай керек орта болған жоқ. Тұрғындарының көбі өзге ұлт өкілдері болып келетін қалада қазақ тілінде жазатындардың мүмкіндіктері шектеулі еді. Барар жеріміз облыстық «Коммунизм нұры» газеті мен Қазақстан Жазушылары одағының облысаралық бөлімшесі ғана. Сосын уақыттары тым шектеулі облыстық теледидар мен радио…

Целиноградта, тіпті, ол жылдары қазақ филармониясы да болмайтын. Кейіннен ғана Алматыдан арнайы шақырылған әйгілі әнші Кенжеғали Мыржықбайдың күш салуымен облыстық қазақ филармониясы шаңырақ көтерген. Қазақ театрын ашу, Ақмоланың атын қайтару үшін ұлт зиялылары бастаған ел күрес жүргізіп жатқан… Целиноградта тұңғыш ақындар айтысы сол жылдары ақын Нұрғожа Ораздың белсенділігі арқасында ұйымдастырылған. Осы шаралардың да бел ортасында домбырасын ұстап, Ескермес Иманбаев жүрді…

Айта берсек, теріскейдегі шалғай жат­қан облыста ұлттық рухты тірілтуге, қазақ өнерінің алғашқы шымылдығын ашуға Ескерместің де үлесі болғаны анық.

Бүгінде ортамызда жоқ болса да, артында кітаптары, музыкалық туындылары, азаматтық жақсы аты қалған досымыз Ескерместің елі сыйлаған еңбегі мен өмір жолы ұмытылмайды деп сенеміз!

 

Смағұл Рахымбек,

жазушы

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button