Ел тынысы

«Елім-ай» – елдік дастаны

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Қарындастан айрылған жаман екен,

Екі көзден мөлдіреп жас келеді.

Қазақ тарихындағы ең бір қиын да күрделі кезеңді сипаттаған «Елім-ай» дастанынан күні кешеге дейін естіп, білгеніміз осы жолдар еді. Мықты қолбасшы, атақты жырау Қожаберген Толыбайұлының теңдессіз бұл туындысы жеті бөлім, 3683 шумақтан, 14732 жолдан тұратынын атақты тарихшы, академик Манаш Қозыбаев ерінбей есептеп шыққан. Әр қазақтың жадында сақтаулы осы бір қасірет пен қайғы тұнған жырдың шыққанына биыл – 300 жыл. Ол қалай атап өтіледі? Ұлтымыздың болашағы үшін аса маңызды мерейтойға мемлекеттік деңгейде маңыз беріле ме?

«Алқакөл сұлама, ақтабан шұбырынды» заманында туған, яғни алғашқы нұсқалары 1723 жылы жазыла бастаған жырда бұл соғыстың себеп-салдары, маңызы, мазмұны толық ашылып айтылған. Бірақ мұндай дастан барын бұрынғы буын да Тәуелсіздік алғаннан кейінгі ұрпақ та дұрыс білмейді. Кеңес кезінде оның авторының аты ауызға алынбады. 41 жыл ғұмырын қырғында өткізіп, қол бастаған сардар болған Қожаберген жырау 61-ге қараған шағында соғыс­тың тұтану салдарын, оны өршітуге аса пейілді Қытай мен Ресейдің зұлымдығын, олардың сұрқия саясатын жілік майын шағып талдайды. Көреген саясаткер, қарақалпақ, ноғай біріккен әскер жасағының қолбасшысы, реформатор қазақ Қожаберген жырау Әз-Тәукенің оң қолы болған. Кейіннен қартайғанда Абылайға да бата береді. Оның «Елім-ай» жыры – халқымыздың ең бір қасіретті кезеңінен мол мәлімет беретін шерлі шежіре.

Академик М.Қозыбаев Тәуке хан тұсында «Жеті жарғыны» жазысуға қатысқан жеті бидің бірі – Қожаберген би екенін айтады. Бұл туралы жазушы Н.Әбуталиев жанама деректер тауып, Қожаберген жыраудың өз жырларынан айғақ көрсетеді. «Жеті жарғының» авторларының бірі ретінде әрі «Елім-айымен» ұлт тарихында ұлы құбылыс болып қалған Қожаберген жырау туралы тәуелсіздік тұсында ғана там-тұмдап айтыла бастады. Кезінде өзге ел архивтеріндегі деректерге жол жабық болғандықтан, ғалымдар жырау туралы нақты тұжырымдар жасай алмады. Ғалымдар елімізде Қожаберген туралы дұрыс насихатталмауына алаңдап, болашақ ұрпақ үшін осы олқылықтың орнын толтыру керек деп санайды.

Елімізде 2000 жылдардың басында ғана Қожабергентану ғылымына жол салынды. «Жеті жарғы» және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР еңбек сіңірген заңгері, заң ғылымының докторы, профессор Бекет Тұрғараев жыраудың атын жаңғыртуға үлкен жанашырлықпен кірісті. Солтүстік өңірде бұл іске бел шешіп кірісіп кету де оңай болмаған. Бұл туралы кемеңгер жазушы Әбіш Кекілбаев: «Біреу өмірде болды, біреу өмірде болмады деп таласып-тартысып жүрген Қожаберген жыраудың бүкіл тұқым-теберімен, әулие ұрпақтарымен бәрін қайта тірілткен Бекет болды. Бекеттің сол қорды басқаруының арқасында Қожаберген даудан құтылды. Қожаберген шын мәніндегі ғылыми факторға айналды. Дәл осындай шаруалар республикамыздың әр түкпірінде істеліп жатыр» деді. «Елім-ай» дастаны жөнінде алғаш айтқан М.Қозыбаев солтүстікте жыраудың туған өңіріне оған арнап айбынды ескерткіш орнатылса деп ұсыныс айтты. Сол арманды Бекет Тұрғараев орындады. 2013 жылы Үкімет қаулысымен ұлы жыраудың 350 жылдығы атап өтіліп, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде үлкен ғылыми практикалық конференция ұйымдас­тырылды.  Петропавл қаласында мәдени іс-шаралар өткізумен қатар, жыраудың туған жерінде ескерткіш-бюсті қойылып, Жамбыл ауданының орталық алаңы Қожаберген атымен аталды. Мектептер мен көшелерге есімі берілді. Петропавл қаласында жыраудың ат үстіндегі айбынды ескерткіші орнатылды. «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халық­аралық қоғамдық қайырымдылық қорының бастамасымен «Заманының заңғары», «Мәңгілік елдің жыршысы», «Дауылпаз баба Қожаберген», «Елім-ай» жыр кітаптары жарыққа шығып, халыққа қайырымдылық есебінде таратылды. Қор 300 жылдыққа байланысты «Елім-ай» жырын 1000 дана тиражбен қайталап шығарып, конференцияға қатысушылар мен қалың көпшілікке қайырымдылық есебінен сатусыз таратып беруге жұмыстанып жатыр. Қазақ хандығының 550 жылдығында «Елім-ай» жыры қайта басылып, тегін үлестірілді. Түркістан облысы Қазығұрт ауданында Шымкент – Ташкент халықаралық күре жолының бойындағы 45-шақырымда тарихи этнографиялық «Мәңгілік ел» саябағында «Батыр бабалар» мемориалдық кешені орнатылып, «Елім-айлап» көшкен ел» атты тарихи панорама орнатылған. Қазақ-қалмақ соғысынан мағлұмат беретін «Отан қорғау шайқасы» деген панорамалық көрініс те ел тарихындағы алапат соғысты еске салып тұрады.

«Елім-ай» – намыс жыры. Ұлттық рух пен идеяның қайнар көзі. «Елім-ай» – бірлік концепциясы. Ол шерлі шежіре тілімен жазылған. Ел бірлігі, алауыздықтан арылу, рушылдық, жүзшілдіктен тазаруға үндейтін, алаш баласына қалған аманат еңбек. «Елім-ай» – шынтуайтына келгенде тірі тарих, тірі шежіре, бұлжымас дерек-дәйекке негізделген теңдессіз эпопеялық туынды, энциклопедия. Кеңес өкіметі сол тарихи шындықтан өлердей қорықты. Академик Қозыбаев оны «Илиада» мен «Одиссеяға» бекер теңемесе керек. «Елім-ай»-дың жанрын зерттеушілер оны қисса, дастан, тіпті шежіреге жатқызып, әрқилы пікір айтады. «Елім-ай» ел санасына алдымен, ән болып сіңді. Бұл – құдіретті әуен, әуен һәм зар.

Бірқатар қазақ зиялылары «Елім-ай» дастанының жазылғанына 300 жыл толуына байланысты биыл соны мемлекет деңгейінде атап өту үшін еліміздің осы жылы өтетін даталы күндер тізіміне ендіріп, айтулы іс-шаралар өткізуге ықпал етуін сұрап, тиісті орындарға хат жолдады. Одан бөлек, қазақ зиялылары осы жыр мен Қожаберген Толыбайұлының өмір жолдарын мектеп бағдарламасына, оқулықтарға енгізуді сұрады. Алайда ұсыныстың қалай шешілгені туралы әзірге мәлімет жоқ. Сонымен қатар Қожаберген Толыбайұлының шығармалары мемлекеттік кітапханалардан орын алып, мемлекет тарапынан «Елім-ай» жыры қайта басылып шығуы керек. Қысқасы, қан кешіп жүріп, қылышпен жазылған осынау алапат қиссаның 300 жылдығы елімізде жоғары деңгейде аталып өтуі қажет.

Мемлекет басшысы әрдайым өз сөзінде өткен тарихымызға, тарихи тұлғаларға құрметпен қарауға және бұл мәселеде популизм мен білімсіздікке жол бермеуге үндеп келеді. «Елім-айға» осы көзқарас, қазіргі өркениетті даму тұрғысынан қарау қажет. Себебі ол ешқандай аңызға қатысы жоқ, үш ғасырға созылған сұрапыл, тірі тарихтың өзі. Отанды сүю, отаншыл болу тарихты танудан басталады. Тарихыңды білу – рухани кемелденуге, рух биігіне жасалған қадам. Рухы биік ел ешқашан жеңілу, жалтақтау дегенді білмейді. Демек, Оқу-ағарту министрінен бастап, ­«Елім-айды»  толық мәтінімен мектептерде оқыту, оқу бағдарламасына ендіру міндеттелуі керек.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button