Елімізде активтерді қайтару жалғасуда
Елімізде 2022 жылдан бері заңсыз иемделінген активтерді қайтарудың арқасында мемлекет кірісіне 2 трлн теңгеден астам қаржы түсті. Мемлекет басшысы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында бұл қаражат мектептер, инфрақұрылымы маңызды нысандар салуға және басқа да әлеуметтік міндеттерді жүзеге асыруға бағытталатынын атап өтті. Қайтарылған активтер ел игілігіне жарап, қазіргі таңда 8 әлеуметтік маңызды инфрақұрылымдық нысан мен 18 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланды.
Бұл активтерді басқаратын арнайы компания арнаулы мемлекеттік қорды толықтыру мақсатында оларды сатумен айналысады. Өткізу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін басқарушы компанияның барлық активі «еқазына» мемлекеттік мүлік порталында кезеңкезеңімен сатылады.
– Бүгінде қайтарылған активтерді сату барысында 16 млрд теңгеге жуық ақшаны Арнайы шотқа жібердік. Оның ішінде 500 млн теңге біздің қайтарылған активтерді басқаруымыздың арқасында табылған. 12 млрд теңгеге жуық ақша сатылған активтерден түскен. Барлығы 10 әлеуметтік нысан салу жоспарланды. Оның бәрі алдымен бюджеттік рәсімдерден өтуі керек, құрылыс ақша түгелдей бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсынан өткеннен кейін салына бастайды. «еқазына» мемлекеттік мүлік порталына әрбір қазақстандық тіркеліп, сатып алу аукционына қатысуына болады. Неге аукциондық тәсілмен сатылады? Себебі бұл бәсекелестікті қамтамасыз етеді, егер аукционға ешкім қатыспай, актив сатылмайтын болса, онда оны өзіміз басқарамыз. Қазір біздің басқаруымызда Астана қаласындағы «Думан» қонақ үйі бар. Ол бізге үш ай ішінде дивиденд ретінде ақша түсіріп тұр. Бұл ақшаның бәрі Арнайы қорға жіберіледі. Сатып алушыларға қойылатын талаптар – кепілдік салымды 15 пайызбен төлеуі, ҚР азаматы болуы, ЖШС немесе кәсіпкер ретінде тіркелуі қажет. Арнайы шот болғаннан кейін қор жұмысын ҚР Қаржы министрлігі бақылайды. Ақшаның бөліну рәсімі бюджеттік комиссиядан өтеді. Ол ақша жергілікті әкімшілік органдардың күнделікті шығындарына қолданылмауы, мемлекеттік органдарға несие ретінде берілмеуі тиіс. Сонымен қатар әлеуметтік нысандар салу сол салынатын жердің тұрғылықты азаматтары көтерген мәселе болуы, БАҚта және әлеуметтік желілерде көтерілген болуы керек, – дейді «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС Бас директоры Қуанышбек Мұқаш.
2023 жылы шілде айында «Заңсыз иемделінген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң қабылданды. Алайда бұл жұмыстар оған дейін бір жыл бұрын басталып кеткен болатын.
– Аталған заңда осы мәселе бойынша нақты талаптар көрсетілді, критерийлері белгіленді. Себебі мемлекеттің азаматтары өзінің меншігі бойынша қорғалуы керек. Ал сыбайлас жемқорлықпен заңсыз алынған активтер мемлекетке, халыққа қайтарылуы тиіс. Мұндай активтерге сыбайлас жемқорлық схемасымен жұмыс істегендер Қазақстан азаматтарының қаржысы есебінен ие болды, сондықтан олардан қайтарылған қаржы тіке халықтың өзіне, азаматтар игілігіне жұмсалуы қажет. 2022 жылдан бері 2 трлн теңге заңсыз активтер қайтарылды, бұл – айтарлықтай ауқымды сома. Біздің мемлекеттің бюджеті әлеуметтік салаға бағдарланған. Мемлекет бюджетінің 30 пайызға жуығы және Астана қаласының бюджеті сол жағына басымдық береді. Демек негізгі шығындар да соған кетеді. Сол себепті заңсыз активтердің қайтарылуы мемлекеттің бұл қаржыны әлеуметтік бағытқа қосымша құюына мүмкіндік берді. Соның жарқын көрінісі – «Жайлы мектеп» жобасының жүзеге асырылуы. Олардың көп бөлігі бүгінде салынып бітіп, халық игілігіне берілуде. Осылайша әділеттілік қағидаты салтанат құруда, сондықтан бұл дұрыс шешім болды. Бұл ретте елімізде жүргізіліп жатқан Жалпыға бірдей декларациялау да оң нәтижесін беруде, – дейді Астана қалалық мәслихатының депутаты Жанаргүл Құлмағамбетова.
ҚР Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіковтің айтуынша, активтер ерікті түрде қайтарылады, олай етпегенде мәжбүрлі түрде қайтарылуы мүмкін. Қайтарылған активтердің ішінде тұрғын үйлер және коммерциялық жылжымайтын мүлік, өндірістік база, тұрғын емес үйжайлар, заңды тұлғаның жарғылық капиталдарына қатысу үлесі, аяқталмаған құрылыс, жер учаскелері, жылжымайтын мүлік объектісінің тауарлықматериалдық құндылықтары мен негізгі құралдары мен зергерлік бұйымдар да бар. Активтердің дені Астана мен Алматы өңірлерінен қайтарылған. Жер қойнауына, өнеркәсіпке қатысты активтер елдің әр өңірінен қайтарылады. Активтердің қайтарылу уақыты олардың қарапайым немесе күрделі болуына байланысты 12 айдан 56 айға дейін созылады.
Дайындаған Райхан РАХМЕТОВА