Елімізде баспанаға сұраныс күрт артты
Қазақстанда шілдеде өткен айлармен салыстырғанда баспанаға сұраныс күрт өскен. Мамандар жаз уақытында тұрғындардың үй мәселесін реттеуі заңдылық екенін алға тартып отыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылғы шілдеде тіркелген тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 40 099-ды құраған. Оның 9 126-сы жеке тұрғын үйлерге, ал 30 973-і көпқабатты үйлердегі пәтерлерге қатысты келісімшарттар екенін атап өткен жөн.
2024 жылғы маусыммен салыстырғанда тұрғын үйді сатып алу-сату операцияларының саны 21,7%-ға өсті. Мәмілелер саны бойынша Алматы (7 091) және Астана (6 843) қалалары және Қарағанды облысы (3 208) көш бастап тұр.
«Батыс Қазақстан облысын қоспағанда (5%-ға аз) 2024 жылдың шілдесінде еліміздің барлық өңірлерінде транзакциялардың өсуі тіркелді. 2024 жылғы маусыммен салыстырғанда көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй операцияларының саны 24,5%-ға (6 088 транзакцияға) артты», – делінген Ұлттық статистика бюросы ұсынған мәліметте.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін биыл елімізде баспана бағасы 10-15 пайызға қымбаттауы мүмкін екенін жазған едік.