Есірткі қылмысына қатысты жаза өзгерді
Ішкі істер министрлігі есірткімен күрес жазасына өзгерістер енгізді. Ол биыл наурызда күшіне енеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Нашақорлықпен күрестің негізгі жаңашылдықтары ведомствода өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Біріншіден, есірткі бизнесін ұйымдастырушылар мен есірткі таратушылар, соның ішінде «закладчиктер», яғни, есірткі жасырушылар үшін қылмыстық жауапкершілік айқындалып, ажыратылды.
Егер бұрын оларға Қылмыстық кодекстің 297-бабы бойынша бірдей жаза қолданылса, енді «закладчиктер» осы бап бойынша жауапқа тартылып, оларға жеңілдетілген жаза қарастырылады:
1-бөлігі бойынша жаза 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыруды құрайды. Бұған дейін 5 жылдан 10 жылға дейін болатын. Аталмыш жаза аз көлемдегі есірткіні сату кезінде ұсталған адамға қолданылады (мысалы, марихуана — 50 граммға дейін; гашиш — 5 граммға дейін, мефедрон — 0,02 граммға дейін, альфа-PVP — 0,01 граммға дейін);
2-бөлігі бойынша жаза 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды құрайды. Бұрын 6 жылдан 12 жылға дейін болатын. Бұл ірі көлемдегі есірткілерді сату кезінде ұсталған адамға қолданылады (марихуана — 1 кг-ға дейін; гашиш — 200 граммға дейін; мефедрон — 0,02 граммнан 1,5 граммға дейін; альфа-PVP — 0,01 граммнан 1 граммға дейін);
3-бөлігі бойынша жаза 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды құрайды. Бұрын жаза 10 жылдан 15 жылға дейін болатын. Бұл есірткілерді аса ірі көлемде сатқан жағдайда қарастырылады (марихуана — 1 келіден астам; гашиш — 200 граммнан астам; мефедрон — 1,5 граммнан астам; альфа-PVP — 1 граммнан астам).
Сонымен қатар, шартты түрде мерзімінен бұрын босату, жазаның өтелмеген бөлігін жеңіл жаза түріне, яғни айыппұл немесе бостандығын шектеуге ауыстыру мүмкіндігі бар.
Әрбір үкімнің сотта жеке қаралатынын айта кеткен жөн.
Екіншіден, заңмен Қылмыстық кодекске 297-1 бабы енгізіліп, онда есірткі бизнесін ұйымдастырушылар мен есірткі өндірушілерге, сондай-ақ лауазымды тұлғаларға жаза күшейтіледі.
1-бөлігі бойынша — 5 жылдан 10 жылға дейін;
2-бөлігі бойынша — 6 жылдан 12 жылға дейін;
3-бөлігі бойынша — 10 жылдан 15 жылға дейін;
4-бөлігі бойынша — 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы.
Үшіншіден, алғаш рет күшті әсер ететін заттар мен есірткі өндірісінде пайдаланылатын прекурсорлар бойынша заңсыз айналым үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі.
Бұған дейін қылмыстық жауапкершілік тек прекурсорлардың контрабандасына қатысты болған. Бұл өзгерістер прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттардың айналымына бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Айта кетсек, таяуда Қаржылық мониторинг агенттігі Алматы облысында аса ірі мөлшерде есірткі контрабандасы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.
Еске сала кетейік, өткен жылы ел аумағында 22 тонна есірткі тәркіленді.