Жаңалықтар

Еліміздің Ата Заңы үздіктер қатарында

Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда бірауыздан қабылданған болатын. Сол айтулы оқиғаға, міне, биыл
21 жыл толып отыр.
Конституция не үшін маңызды? Кез келген мемлекеттің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – осы Конституция. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері мен құқықтары көрсетілген.

03-1

Осыдан 21 жыл бұрын қабылдаған құжат Қазақстанның болашаққа деген бағыт-бағдарын айқындап, тәуелсіздігіміздің тірегіне айналды.
9 бөлімнен, 98 баптан тұратын Ата Заң еліміздің жаңашыл қадамдар жасап, түрлі тәуекелдерге баруына кедергі болған жоқ. Керісінше, Қазақстанның жасампаз, жас мемлекет ретінде танылуына мүмкіндік берді. Себебі Ата Заңда еліміз өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырып, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтарына кепілдік берді. Қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен шешуге бағытталды. Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғы­лықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайтыны нақты көрсетілген.
«Конституция» латыншадан аудар­ғанда «құрылыс» деген мағынаны береді. Яғни, ол – ел-жұрт болып бірігіп, мемлекет құру деген сөз. Қазақ­станның Ата Заңы – әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі. Сарап­шы­-
лардың зерттеуінше, Қазақ­стан­ның Конституциясы – әлемдегі жал­пы­адамзаттық құндылық­тарды дәріп­тей­тін ең үздік 50 Конституцияның бірі.
Тарихқа жүгінсек, Қазақстанда тұңғыш рет Конституция 1924 жылы, 1937, 1978, 1993, 1995 жылдары қабыл­данған. 1993 жылы Конституцияда ескі әкімшілік, әміршілдік ережелеріне, көбінесе кеңестік демократия қағида­ларына негізделгендіктен, жаңа қоғам талабына жауап бере алмады.
Ресми деректерге жүгінсек, құжатты талқылауға 3 миллион 345 мың адам қатысыпты. Жұртшылық тарапынан 31 мың 886 ұсыныс түссе, соның 1100-і Конституция жобасына ен­гізілген. Бұл жөнінде Елбасы «Қазақ­стандық жол» атты кітабында: «1995 жылғы Конституция тақыр жерден пайда болған жоқ. Ол егемен Қазақстанда конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелерді, сондай-ақ біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжі­рибелерді барынша толық пайдаланған еді. Сондықтан да кімде-кім еліміздің Негізгі заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын жақсы білуі керек» деген болатын. 1995 жылғы Конституцияны талқылау барысында еліміздегі беделді заңгерлерден бөлек, Францияның Конституциялық Кеңесінің өкілдері, осы елдің Мем­лекеттік Кеңесінің мүшелері, Ресей зерттеу орталығының ең беделді заң­герлері атсалысқан екен. Осындай терең сараптау мен сыннан өткен заң халықтың жүрегінен орын алды десек, қателеспейміз. Мамандар Ата Заңды қайта-қайта өзгерте беру тиімсіз деп санайды. Десе де, бірінші құжатқа толықтырулар мен өзгерістер енгізу, оның тиімді тұстарын алдын ала зерделеу – алдағы уақыттың еншісіндегі мәселе.
Қорыта айтқанда, мемлекетіміздің Конституциясы – бұл біздің бірлі­гіміздің, татулығымыздың кепілі, биліктің барлық буынының жолға қойылған тиімді жұмысы, еңбек ету, лайықты өмір сүруі.
Ата Заңмен өмір сүру – бұл демо­кратияның ең жоғарғы мектебі. Елімізді, тарихымызды, өзіміздің жетістіктерімізді қалай құрметтесек, Бірінші заңды да солай қадірлеуіміз керек. Конституцияны сыйлау, оның
талаптарын мүлтіксіз орындау – қо­ғамдық келісімге, тәртіпке, бейбіт­ші­лікке апаратын жол. «Мен елімнің патриотымын!» дейтін әрбір азамат осыны жадында ұстаса, Қазақстанның келешегі көркейе түсері сөзсіз.

Жансая СЫДЫҚБАЙ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button