Жаңалықтар

Еліміздің ең сұлу қызы

Осымен төртінші жыл қатарынан өтіп жатқан сұлулық сайысы нағыз ұлттық шоуға айналды. Ұлттық құндылықтарымызды заманауи үлгіде ел ықыласына ұсынып жүрген жобаның бас продюсері Баян Есентаева және оның шығармашылық ұжымының тынымсыз еңбегінің нәтижесі кешегі өткен байқаудан анық көрінді.

Биыл алғаш рет елорда төрінде өткен «Қазақ аруы-2014» байқауына еліміздің әр өңірінен жиырма бір бойжеткен қатысты. Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, «Хабар» телеарнасы бағдарламалар дирекциясының бас продюсері Ринат Кертаев, театр және кино актері Ғани Құлжанов, белгілі тележүргізуші Айгүл Мүкей, дизайнер Аида Қауменова, отандық опера примасы Нұржамал Үсенбаева, айтыс ақыны Айнұр Тұрсынбаева, «Қазақ аруы – 2014» байқауының бас продюсері Баян Есентаева және қазылар алқасының тұрақты төрайымы ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған төрешілерге ажарына ақылы сай, нәзіктігі мен әсемдігі үйлескен, бірінен-бірі асқан арулардың ішінен хас сұлуды анықтау оңай болмады. Дегенмен, осы жылы қазақтың ең сұлу қызы деген атақ келісті келбетімен, назды қылығымен, ерекше еркелігімен сахнаны баураған жиырма жасар маңғыстаулық Гүлназ Жолановаға бұйырды. Гүлназға байқаудың былтырғы жеңімпазы Әйгерім Қанатбаева алтын тәжін қимастықпен табыстады. Бірінші орынды Шығыстың шырайлысы Аяулым Ерғазы, екінші орынды маңғыстаулық Ұлпан Нұрманова, үшінші орынды астаналық Гүлмарал Қажихан иеленді.

Сұлулар шеруінде, сонымен қатар, отандық жас дизайнерлер Аида Қауменова, Наил Байкүшіков, Малика Үсіпованың сән үлгілері мен Әсем Нұрсейітованың әшекей бұйымдар коллекциясы таныстырылды.

Нұргүл АХАНҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button