Ел тынысы

Еліміздің тағдыры – жастардың қолында

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында мемлекетіміздің тұрақты дамуының негізі – озық ойлы, бәсекеге қабілетті жастарымыз туралы келелі ой қозғап, жастар саясатының басым бағыттарына тоқталып, қоғам дамуының басты стратегиялық міндеттерін айқындап берді.

Қасым Жомарт Тоқаев: «Еліміздің тағдыры – жастардың қолында. Біз отаншылдығын нақты ісімен көрсететін әрі мәдениеті жоғары ұрпақ өсіруге міндеттіміз. Реформаның бәрін жастардың игілігі үшін жасап жатыр­мыз. Бұл – әншейін әдемі сөз емес, мемлекет стратегиясының түпкі мәні. Бүгінгі жастар біздің жас кезімізге қарағанда әлдеқайда көп біледі. Қазіргі технология дәуірінде бұл – қалыпты нәрсе. Қазақстанда дарынды, білімді әрі мақсатына ұмтыла білетін қыз-жігіттер көп. Дәл сол себепті мен жастарға сенемін деп жалықпай айта беремін»,- деп, жастардың қоғамдағы рөлін ерекше атап, өскелең ұрпақтың болашағына зор үміт артып, жан-жақты қолдау білдіретінін жеткізді.

Ел Президентінің бұл тұжырымы бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Жастарымыздың сапалы білім алып, кәсіби өсуіне және еңбек нарығында лайықты жұмыс орнын табуына жағдай жасау – біздің басты міндетіміз.

Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, еңбек адамының мәртебесін көтеру қажеттігін айрықша атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Біз еңбек адамының абырой-беделін көтеріп, еңбекқорлық, кәсібилік сияқ­ты құндылықтарды дәріптеу үшін әлі талай шаруа атқаруымыз керек. Экономиканың көптеген саласында жұмыс қолы жетіспейді. Жұмысшы мамандықтар мол әрі тез табыс табу тұрғысынан қызықтыра қоймауы мүмкін. Бірақ бұл мамандықтардың еңбек нарығында сұранысқа ие болатынына да, қоғамдағы мәртебесі жоғары болатынына да кепілдік бар. Мен кәсіпорындарды аралаған кезде жастарды жиі жолықтырамын. Олардың арасында жұмысшы әулеттерінің өкілдері көп екені көңіл қуантады. Мемлекеттің міндеті – жас мамандарға материалдық және моральдық жағынан көмектесу. Мен бұл шаруамен үнемі айналысамын»,- деп атап өтіп, жастарға мемлекет тарапынан жүйелі қолдау көрсетілетінін айтты.

Президент ел ертеңі жастарымыздың шетелде білім алып, тәжірибе жинақтауын қолдайтынын жеткізіп, осы бағытта мемлекет тарапынан атқарылып жатқан ілкімді істерге тоқталды.

«Рас, бүгінде жастардың көбі білім алу немесе қызметте өсу үшін шетелге шыққысы келеді. Бұл – жаһандану үдерісінің бір ерекшелігі. Оған түсіністікпен қараған жөн. Біздің жастарымыз әлемдегі беделді университеттерде жақсы білім алып, тәжірибе жинап, дүниетаным көкжие­гін кеңейте алады. Сондықтан мемлекет, әрине, шетелде оқуға кедергі жасамайды, керісінше, ондай бастамаларға қолдау көрсетеді. Халықаралық «Болашақ» стипендиясы баршаға белгілі. Жас ғалымдардың шетелдегі ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өтуіне жағдай жасалған. Бірқатар елмен студент алмасып тұрамыз. Жастардың кәсіби біліктілігін көтеру немесе көбірек табыс табу үшін шетелге шығуы қалыпты нәрсе деп ойлаймын. Олар үйреншікті мекенін тастап, өмірін күрт өзгертуден қорықпауы керек. Тіршілікке бейім, ширақ болуға тиіс. Өмір бойы бір ауылда немесе бір қалада тұрып, жарты ай жұмыста болғаны үшін биліктен жоғары жалақы талап ететін заман әлдеқашан келмеске кетті. Қазіргі жастар ондай болмауға тиіс. Қарым-қабілетің қай жерде қажетке жараса, сонда баруға тырысу керек»,- деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Президент шетелде білім алатын жастардың ұлттық құндылықтарды ұмытпай, туған еліне оралып, алған білімі мен жинаған тәжірибесін Қазақстанның дамуына арнауы қажеттігін баса айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Азаматтарымыз шетелде жүрсе де, халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетін дәріптеп, еліміздің абырой-беделін арттыруға атсалысып, Отанына пайдасын тигізе алады. Қазақстан деген брендті әлемге таныту да маңыз­ды миссияның бірі. Дегенмен шетелге шығу «Барсакелмеске» кету деген сөз емес. Ұл-қыздарымыздың жаңа технологияларды меңгеріп, тәжірибе жинақтап, Қазақстанға оралғаны жөн. Елімізде білікті мамандардың аяғын жерге тигізбей, қағып әкететін салалар көп.

Үкіметтің міндеті – олардың өз Отанында табысты еңбек етуіне жағдай жасау»,- деп, жаһандану дәуірінде жас ұрпақтың ұлттық болмысты сақтау қажеттігі туралы терең ой қозғайды.

Бұл – өте маңызды мәселе. Білімге құштар, алғыр жастарымыз жаңа технологияларды, әлемдік білім мен тәжірибені меңгеруі тиіс. Дегенмен, олар өз ұлтының түп-тамырынан ажырамай, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, төл мәдениетімізді әлемге танытса, еліміздің абыройы асқақтап, мемлекет дамуына үлкен серпін беретіні анық.

Жастар – ел болашағының діңгегі. Жас ұрпақтың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасап, елге адал қызмет ететін мемлекетшіл азамат ретінде қалыптасуына жол ашу – біздің ортақ міндетіміз.

Мемлекет басшысының бұл мақаласы осы мақсатқа жету жолындағы маңызды қадам деп білемін. Президент жастарға үлкен сенім артып қана қоймай, олардың әлеуетін ашуға басымдық беретінін айқын жеткізді.

Қасым-Жомарт Кемелұлының: «Еліміздің тағдыры – жастардың қолында» деген сөзі жай ұран емес, нақты іс-әрекетке үндейтін бағдар. Біз ұлттық болмысымызды сақтай отырып, жастарымыздың потенциалын ел игілігіне бағыттай алсақ, ел дамуын жаңа деңгейге көтереміз. Ел болашағы – жастарымызға зор сенім артамыз!

Мадина ӘЖІКЕНОВА,

Астана қалалық мәслихат депутаты

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button