Әлеумет

ЕЛІМІЗДІҢ ЗАҢНАМАЛЫҚ ТӨЛҚҰЖАТЫ

ppc_04

Әр елдің даму тарихы, мәдени-қоғамдық негіздері әрқилы. Осы үдеріске сай оның өзіндік заң-низамы жазылып, болашағын айқындайды. Біздің Ата заң да, әрине, тақыр жерде пайда болған жоқ, тарихи тамыры тереңде жатыр. ХV-ХVІ ғасырлардан бері дәс­түрлі қазақ қоғамында «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім хан­ның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті Жарғы» заң топтамалары дала конституциясы іспетті болғаны белгілі. Аса маңызды қоғамдық қарым-қатынастарды реттейтін әдет-ғұрыптық нормалар жиынтығы 1867-68 жылдары патшалық Ресейдің Уақытша ережелері енгізілгенге дейін негізгі заң ретінде қолданылып келген еді. Одан кейінгі Кеңестер Одағының Конституциясы өз заманына сай декларациялық әдіпте болғаны белгілі. Сол Одақ ыдыраған кезде кеңестік режим қапасынан шығып, өз бағытымызды анықтап, дербес жолымызға түсу үшін жаңа конституция қабылдау керек болды. Бұл ел тарихындағы күрделі кезеңмен тұспа-тұс келді. Ол кездегі Жоғарғы Кеңес Президент Н.Назарбаевтың импичмент, екі палаталы парламент шақыру және оны тарату, жерді жеке меншікке беру, сот реформасы мен азаматтардың әлеуметтік-экономикалық құқыларын қорғау тұрғысындағы идеяларын қолдамады. Күні өткен идеологияның постулаттарына малтыққан, депутаттардың өткен күндерге деген үміті мен қалыптасқан қасаң сананың салдары басым түсті. Нәтижесінде, нарықтық реформаларды жүргізуге кедергі келтіретін консервативтік конституция дүниеге келді. Бұл 1993 жыл еді. Көп ұзамай, оның қолданысқа енгеніне екі жыл өтпей жатып-ақ, жаңа Конституция қабылдау қажеттігі қайта туындады. Себебі, алғашқысы ел егемендігін алып, бағыт-бағдарын айқындайтын тарихи кезеңнің талабына жауап бере алған жоқ. Елдегі экономикалық-әлеуметтік реформалардың серпін алуына кедергі келтірді. Мен ол кезде Жоғарғы Кеңестің заңнама, заңдылық және құқық тәртібі комитетінің басшысы едім. Сот жүйесінде де бұрынғы институттардан бас тартып, реформа жүргізу керек болды. Алайда, басты заңымызда оны жүргізу тетігі қаралмаған еді. Дәл сол кезде түбегейлі өзгерістер қажет екеніне толық көзіміз жетті. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында болашақ Конституцияның басымдықтарын баяндап, жаңа жоба бүкілхалықтық талқылауға ұсы­ныл­ды. Сөйтіп, Ата заңымыз 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды.

Нұрсұлтан Әбішұлы үлкен қа­жырлылықпен конституцияның негізгі ережелерін құрастырып қана қойған жоқ, қоғамды әртүрлі әлеуметтік қақтығыстан, алмағайып кезеңнің ауыртпашылығынан алып шығып, мемлекеттің ерік-жігерін таныта білді. Президенттік респуб­лика үлгісін таңдаған Қазақстан сол уақытта кеңестік кеңістікте орын алған саяси-экономикалық берекесіздіктен абыроймен жол тауып шықты. Мемлекеттің қалыптасу кезеңінде түбегейлі өзгеріс, батыл қадамдардың дұрыс таңдалғанын бүгінгі күннің биігінен айта аламыз.

Осы Конституция арқылы мем­лекетіміз өзін демократиялық, зайырлы және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырып, оның қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқылары мен бостандықтары екенін іс жүзінде танытты.

Содан бері біздің Негізгі заңымыз өміршең қалыбынан танған жоқ. Оның әрбір ережесі аксиомалық сипатқа ие, дәлелдеуді қажет етпейді. Адам құқылары жөніндегі барлық халықаралық пактілер мен БҰҰ қа­былдаған Жалпыға ортақ адам құқы ережелерінің мән-мағынасы басты заңымызда тоғысты. Сол себепті де жеке тұлғаның мәртебесі оның алтын арқау, қызыл өзегіне айналды. Бұл – Ата заңымыздың жүздеген жылдарға дейін өзгермейтін ере­жесі, мәңгілік қағидаты.
Ата заңымыз – ұлттық құқық жүйе­нің бастауы деп айтуға болады. Қоғам өмірінің іргетасын қалайтын ең мәртебелі заңымызда мемлекет құрылымы және мемлекеттік органдар жүйесінің негізгі принциптері берік бекіді. Онда президенттік басқару, парламент, соттар мен сот төрелігі, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару прин­циптері айшықталып, сол бойынша жүзеге асырылуда.

2007 жылы Негізгі заңның құры­лымына, жеке адам­ның мәртебесі және мемлекеттік органдар жүйесі ережелеріне бірқатар өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, мемлекеттік органдар қызметі мен ұйымдастыру ұстындары уақыт талабына сай жетілдіріле түсті.

Содан бері саяси және эконо­микалық жаңғыртулар мен түбегейлі рефорамаларды жүргізуге жол ашқан Ата заңымыз уақыт сынынан сүрінбей өтіп, өзінің тиімділігі мен өміршеңдігін дәлелдеді. Ал 2007 жылғы енгізілген өзгерістер мен толық­тырулар заманға сай демо­кра­тиялық институттарды нығайтып, дамыту жолында әлеуетін арттырды.

Еліміздің заңнамалық төлқұжаты ретінде Конституцияның жи­нақы да ықшам түрде жазылған қағи­даттары мемлекетіміздің саяси, эко­номикалық және әлеуметтік негі­зін айқын сипаттайды.

Николай АКУЕВ,
профессор

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button