Басты ақпаратМәдениет

«Еліңді сүю ұлттық құндылықтарыңды жоғары бағалап, дәріптеумен өлшенеді»

Қазипа Қалиқызы

 Атамекеніне «Елімнің керегіне жарап, бір кетігіне қаланамын» деген ұлы мақсатпен оралған белгілі этнодизайнер Қазипа Мұхаметқалидың есімі ұлттық қолөнер, тігін бизнесі саласында жақсы таныс. 31 жыл бұрын еңбек жолын шағын ғана тігін ательесін ашудан бастаған ол бүгінде іс­кер­лік әлемінде өз қолтаңбасын қалыптастырған ірі кә­сіпкерге айналды. Осы жолда қиындықтар мен сы­нақтарға мойымаған нәзік жанның батылдығы, ұлтжандылығы мен асқан еңбекқорлығы таңқалдырып, жеткен жетістіктері тамсандырады. Табысқа жету жолында жинаған тәжірибесі мен кәсіпкерлік құпиясы, өмірдегі ұстанымы туралы  Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, «Ұлттық бренд» премиясының иегері, “Hazifa” сән үйінің директоры, «Казбренд» мүшесі, hazifa брендінің негізін қалаушысы, “Құрметті де ардақты дизайнер” атағының иегері, «Дәстүр» сыйлығының лауреаты Қазипа Қалиқызының өзінен сұрап білдік.

– Қытайдың Алтай қаласында өнерге жақын отбасында дүниеге келдіңіз. Өскен ортаңыздың сіздің бүгінгідей тұлға болып қалыптасуыңызға ықпалы қандай болды?

– Әке-шешем музыканы, ән салғанды жақсы көретін. Сондықтан отбасымызда 5 бала кішкентайымыздан ән мен биге, қолөнер мен суретке  жақын болып өстік. Мектептегі бүкіл іс-шараларды жүргізіп, ән салып, билеуден алдыма жан салмадым. Анам қолы шебер тігінші еді, сахналық ғана емес, күнделікті киімдерімді де сан алуан етіп тігіп, қуыршақтай сәндеп киіндіріп қоятын. Содан сәнқой болып, әдемі киінуді әдетке айналдырып өстім. Сахна деп жүріп сабақ үлгерімімді төмендеткен емеспін. Алайда отбасым менің әртіс болғанымды қалаған жоқ. Оның үстіне ол жақта мамандықты өзің таңдай алмайсың, яғни сынақтан алған балл қай мамандыққа түсуге жетеді, соған түсесің. Сонымен мен ауылшаруашылығы техникалары саласына оқуға түстім. Бірақ бұл оқу орнында да бүкіл концерттер мен іс-шаралардың басы-қасында жүрдім. Оны бітіріп, колледжге мұғалім болып орналасқан кезде де белсенді қызметкер ретінде өнеріммен танылдым. Алтай қаласындағы ансамбльде жүргізуші әрі әнші болдым, телеконцерттерді жүргіздім. Бой жетіп, талғамым өзгерген соң үстіме әдемі костюмдерді анамның көмегімен өзім тігіп алатын болдым. Бір саламен қарап қалмай «Қытай тілі және қазақ тілінде жазба аударма» бойынша екінші, оны болғасын жоғары дәрежелі партия мектебінен «Экономика саясаты» деген үшінші мамандықты оқыдым.

-Өмірлік миссияңыз – тігіншілік жолға қалай келдіңіз?

-Тігіншілік жолды бастауыма 1994 жылы жақын құрбым тұрмысқа шығатын болып, Қазақстаннан алдырған той көйлегін оған қысқартып, жөндеп тігіп беруім себеп болды. Бала кезден шешемнің қасында тігіншіліктің барлық базалық техникасын балалықпен ермек етіп жүріп, үйреніп алған екенмін. Сондай-ақ мектепте суретті өте жақсы салатынмын. Ою-өрнектің түр-түрін қию маған еш қиын емес еді, олардың сан алуан түрлерін жинадым. Ауылшаруашылығы саласында білім алған кезде сызу сабағы да менің суретшілік қабілетімнің дамуына септік етті. Сөйтіп әлгі құрбымның көйлегін әдемілеп өзгерткенім сонша, тойда оған тамсанып, көзі түспеген адам қалмады. Содан «той көйлектер тігіп шығаруға болады екен ғой» деген ой келді. Оқуымды бітіріп, Алтайға ораларда 10 түрлі көйлектің сызбасын салып, материалдарын алып қайттым. Жаз бойы соны тігіп, қазан айында 30-ға жуық әр түрлі көйлекпен «Ұлттық ою-өрнектер» атты алғашқы дүкенімді аштым.  Дүкенді қосымша қыз жасауы ретінде жастықтар, көрпе қаптары, киім мен сандық жапқыштармен толтырдық. Тігетін көмекшілерім – туыстарымыздың қыз-келіншектері болды. Сұраныс артқасын дүкен жанынан шеберхана және қызметкерлер тұратын жатақхана дайындадық. Прокатқа беретін дүкенімдегі той киімдерінің өрнегін сол кезде-ақ тек бисермен тіктік. Түрлі көрмелерге қатысып жүлделер алдым, тәжірибе жинақтадым. Өзім мемлекеттік мекемеде жұмыс істесем де қосымша кәсібімді осылайша дамытып, «Әз Сән» орталығын құрдым.

Атамекенге келуге не әсер етті?

-Пекинде Қазақстаннан келген бір қызбен танысып, соның еліміз туралы әңгімесінен кейін атамекенге қоныс аударуға ниет пайда болды. Құжаттар дайындап, Қазақстанда Әлем тілдері университетінде қандастарға арналған үш айлық дайындық курсынан өттім. Келе салып, жеке пәтер жалдап, екі қызбен ательемді ашып тастадым. Қытайға барып, жұмысымнан шығып, бір чемоданымды көтеріп, елге 1998 жылы түпкілікті көшіп келдім. Қаз ҰУ-дың экономика факультетіне магистратураға құжат тапсырдым. Ательемді Алматыдағы «Әсем» бизнес орталығына көшірдім. Бұл бір жағы үйреніп қалған кәсібім болса, екіншіден атамекенге келгендегі табыс көзім болды. Ал үшіншіден, Қытайда жүргенде экономика саласында білім ала отырып, дамыған елдердің саясатын зерттегенде, менің тақырыбым – Кеңес үкіметі елдерінің экономикалық жағдайы болды. Сол кезде Қазақстанның ішкі өндірісін, даму барысын, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жағдайын зерттеп, туған елге деген жанашырлықпен, осында келіп, оны дамытуға, ақсап тұрған тұсынан көмек беруге үлес қосуым керек деген ой, сезім туындады. Өзімді еліме керек сезіндім. Келіп, ателье ашқан соң бірыңғай қазақ тілді әйелдерді жұмысқа алдым. 40-қа жуық адамға жұмыс бердім. Өнер жарым-жарты білімді қажет етпейді, сондықтан «Сымбат-сән» академиясының үшінші курсына тігін технологиясы бойынша оқуға түстім. Бұл – менің осымен алтыншы оқуым еді. 1999 жылдары оқуды да оқып, тігін ательемді де дамытып, атамекендегі жұмысым өрге басты.

-Қазақстанда кәсіп жүргізуде қандай қиындықтар кездесті?

– Тігіншілік бүгін тапсырыс беріп, ертең жоқ деп қарап отыратын кәсіп емес, оны істегесін, тігіншілерге үнемі үзілмейтін жұмыс тауып беруің керек. Қашан тапсырыс береді екен деп күтіп отырсаң аш қаласың. Сосын Барахолка базарындағы бутиктердің пальто сататын саудагерлеріне барып: «Сіз мына дайын пальтоны алып сатып тұрғанда 500 теңге пайда көресіз, мен сізге оны тігіп әкеп берейін, соны сатыңыз» деп ұсыныс айттым. Ақыры сөйтіп 14 контейнерді тауармен қамтамасыз етіп тұрдық, соңында олар маталарын өздері әкеп беріп, бізбен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге қатты ынталы болды. Осылaйшa, қол aстымдaғы қызмет­ші­лерімнің жұмыс орнын сaқтaп қaл­дым. Ательедегі келіншектердің күйеулері де жұмыссыз қалмасын деп, солар үшін серіппелі матрац жасайтын цех аштым. Сол аралықта академиядағы бір байқауда «Ең сырбаз модель» деген жүлдені жеңіп алдым. «Азия дауысы» фестивалі ая­сында ХІ халықаралық жас модельер­лер­дің байқауында бас жүлде бұйырып, кә­сібім одан әрі өрлей түсті. Киімдерімді танымал әншілер киді. Журналистердің көзіне түсіп, жұлдызды сәттерім басталып кетті. Телеарналарға, түрлі жобаларға жиі шақырып, баспасөзге мен туралы жазыла бастады. Сөйтіп шапқылап жүргенде 2000 жылы аяғымнан жарақат алдым. Бар қаражатым ем-домға жұмсалды. Та­лай ауыр оталар жасаттым. Кәсібім тұ­ралап қалды. Бірақ сонда да болса құр жата ал­мадым, орыс тілін үйреніп, одан әрі да­муға бар күшімді салдым. Аяқталмаған оқуым­­ды үйде отырып өз бетімше жалғас­тырдым, киімді кесіп-пішу технологиясын қытай теориясымен салыстыра отырып, «Киімді кесіп-пішудің қысқартылған үш өлшем теориясы» деген кітабымды жаздым. Ою-өрнектерді үй бұйымдарымен байланыстырып, сыза бастадым, перделердің түр-түрін жобаладым. Кестелі оюлары бар тұскиіздің заманауи үлгісі ретінде композициялық құрылымы әр түрлі пано картиналар жасадым.

-Түн артынан күн шығатыны сияқты бұл сынақты еңсергеніңіз қазір айқын көрініп тұр.  Сол кезде сізге не нәрсе дем берді?

-– Қайда барсам да, қайда жүрсем де ұлттық ою-өрнектерімізді дәріптеуге, на­сихаттауға, заманға сай етіп қайта жаң­ғыртуға тырысамын. Ою-өрнек біреуге қызық, біреуге таңсық, біреуге шимай болып көрінетін шығар. Ал сол шимай менің өмірімді жаңғыртты. Соның арқа­сында есімді жинап, ұмытқанымның бәрі санамда қайта жаңғырды. Екі аяғымды тең басып, орным­нан тұрдым, таянған балдағымды қоқысқа тастадым. Сол ою-өрнектің арқасында этно-дизайнер болдым. Менің түсінігімде, ұлтыңды сүю сол ұл­тыңның салт-дәстүрі мен құнды­лық­тарын жоғары бағалаумен өлшенеді. Заман талабына сай ою-өрнектермен кестеленген  ұлт­тық бұйымдарымыздың кез келген бір нұс­қасы туған халқымның кәдесіне жара­са, еңбегімнің ақталғаны деп білемін. «Ұлттық үлгідегі үй бұйымдары» атты шығармашылық жобамды қайтадан қолға алып, түрлі ою-өрнектерді зерттеп, үлгі­ле­рін жасаумен айналыстым. Кәсіппен айналысып жүріп тез шешім қабылдауға, жылдам әрекет етуге үйренесің. 5-6 айдың ішінде бірaз қaржы жинaп, ұлттық нaқыштaғы үй бұйымдaрын жaсaуды қолға алдым. Сөйтіп, қазіргі Hazifa  жоғары сапа­лы үй бұйымдары брендінің негізі қаланды.

– Астанаға 2010 жылы келіпсіз. Бас қалада бизнесіңіз қалай дамыды?

– 2016 жылы Астанадағы Ұлттық мұражайда Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Ұлы дала мұрасы» атты үлкен көрмем өтті. Оның ішінде 25 жылдыққа орай ою-өрнектері бір-бірін қайталамайтын 25 түрлі пано картинам, 25 метрлік қызыл кестелі жол кілемшем қойылды. 2017 жылы ЭКСПО көрмесі аясында Тәуелсіздік сарайында тағы көрмем өтті, оған 17 түрлі оюлы перделер қойдым. Сонымен қатар кестеленген дастархандар, көрпе жапқыштар, төсек қаптар, көрпелер, жастықтар қойылды. Одан кейін де Германия, Франция, Дубай, Беларуссия сияқты шетелдерде өткен көрмелерге қатыстым. Бірнеше дүкендер ашып қойдым. Алайда карантин кезінде бәрі жабылды. Пандемияда жұмыс тоқтады, бірақ тағы қарап отырмай, онлайн шеберлік сабағын ұйымдастырдым. Үйде отырған қыз-келіншектерге, көп балалы аналарға, аз қамтылған отбасылардағы әйелдерге арнап «70 сабақ.70 бұйым. Шеберлікке жетелейтін 70 қадам» деген тегін сабақты әлеуметтік желілер арқылы өткіздім. Бастаманы өзім көтердім, кейін «Отандастар» қорының ұсынысымен және ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен «Қазипа Отандастар» мектебі деп онлайн сабақ бердім. Сонымен қатар Астана қалалық жұмыспен қамту орталығы және «Атамекен» ҰКП қаржыландыруымен жылына бір рет өткізілетін жоспарлы шеберлік мектебім бар.

– Қолыңыздан келмейтіні жоқ, кәсібіңіз де сан түрлі бағытта дамып келеді екен. Қазір қандай жобалар бойынша жұмыс жүргізесіз?

-Қоржыныма 1000-ға жуық ою-өрнек жиналды. Оларды әр түрлі тәсілмен қолданып жүрмін. Көйлек тігуде органза, сетка материалдарды қолдануды алғаш болып енгіздім. Тағы бір үлесім –ұлттық нақыштағы жоғары сапалы үй бұйымдарының кестеленген түрінен толық үлкен топтамасын жасап шығуым. Бұл бұрын соңды болмаған дүние. 100-ден астам үй бұйымдарының топтамасы бар. Соған қоса қазіргі кезде сол ою-өрнектерді принттеу, матаға таңбалау, бастыру әдісімен әр түрлі бұйымдар жасап жүрмін. Киіммен қоса түрлі композициядағы маталар шығарып жатырмын. 70-тен астам киім үлгілері болса, 50-ден аса мата бұйымдарының дизайндерін шығардым. Олардың түрлері бірін-бірі қайталамайды. Бір өкініштісі, бұл маталарды Түркияда жасатамын. Себебі елімізде бұл жағынан өндіріс дамымаған. Жоғары оқу орындарымен де дизайн кафедрасы студенттерінің тәжірибеден өтетін алаңы ретінде бізге келіп жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, ынтымақтастық орнаттық. Менің тігіп берген киімдерім арқылы кәсібін жүргізетін бірнеше брендтермен жұмыс істеймін. 30 жыл бойы қазақтың ою-өрнектерін киіммен, бұйымдармен байланыстырып келдім. Оюларды әр түрлі бағытта композиция етіп қолдануды зерттедім, оны маталарға, киімдерге, түрлі бұйымдарға қондырумен айналыстым. Осы менің ұлттық қолөнердегі өзіндік қолтаңбам деп санаймын.

-Болашақ кәсіп ашқысы келетін замандастарыңызға қандай кеңес берер едіңіз?

-Кәсіп бастамас бұрын, сол салада тәжірибеңіз болуы керек. Өз басым, бір істі ұнатсам, бетін сипап қана қоймай, оны ішіне үңіліп, тереңдей зерттеп барып, кірісемін. Қазақстанда жұмыс істеймін, кәсіп ашамын деген адамға мүмкіндік көп. Тек өзің сол саланы терең меңгеріп, қорықпай кіріссең алмайтын асу болмайды. Жалпы білерім, бойымда шығармашылық шабыт шексіз. Біреуі бітсе, екіншісі шығып жатады. Оған қоса бәрін адал еңбекпен, өз бойымнан толық өткізіп барып атқарамын. Қолға алған ісің жүрегіңе жақын болуы қажет. Талант пен жігер де керек. Қазіргі таңда негізгі цехымыз Алматыда. Астанада бірнеше дүкендеріміз, сән орталықтарымыз, фото студиямыз, басқа да нысандарымыз бар. Барлығы 30 шақты адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Киімдеріміздің сапасы жоғары, драптан оюланып, кестеленіп тігілгеніне қарамастан басқа нарықтағы дизайнерлердің өнімдерінен бағасы төмен. Себебі мен өзіндік құнын көтермеу үшін жұмыс күшін оңтайлы пайдаланып, басы артық қызметтерге мамандар алмай, көбін өзім атқара беремін. Менің ендігі арманым – бүгінге дейін жинаған бар білімім мен тәжірибемді кейінгі буынға үйретіп кету үшін жеке мектебімді ашу.

Сұхбаттасқан Райхан РАХМЕТОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button