Басты ақпарат

Елмен бірге жаңғырған елорда

2000 жылдардың басында елордада 400 мың халық болса, биыл бас қалада тұрғындар саны 1 млн 200 мыңнан асты. Халық көбейген сайын соған сай барлық салада сұраныс та артады. Елордалық жұрттың сол қажеттіліктері қаншалықты қанағаттандырылып отыр? Астананың бүгінгі әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша осы және өзге де көрсеткіштері қандай? Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов ­«Мемлекет басшысының Жолдауы аясында Нұр-Сұлтан қаласының дамуы туралы» ­деген ­тақырыппен өткен брифингте айтып берді.

[smartslider3 slider=1186]

Ұжымдық иммунитет қалыптасты ма?

Жаз айларында «қызыл» аймақта болған кезде елордада күніне 1600-ден астам науқас анықталып отырды. Қазіргі уақытта жағдай біршама жақсарып, күніне 120-130 адамнан тіркелуде.

«Қазір «сары» аймақтамыз. Біздің ойымызша, бұған ұжымдық иммунитеттің қалыптасуы септігін тигізді. Себебі қазір біз 66 пайыздан астам ересек азаматтарды вакциналаудан өткіздік. Ал екінші компонентпен жоспарланған ересек азаматтардың 61 пайыздан астамы екпе алды – 434 мың адам. Қараша айында ревакцинация басталды. Әзірге 1177 адам ревакцинациядан өтті» деді қала басшысы.

Сондай-ақ ол әлемнің ірі қалаларында «Омикрон» штамының кесірінен шектеулер қайта күшейіп жатқанын еске салды. «Сонымен бірге, өздеріңіз білетіндей, «Омикрон» штамы пайда болғалы вирус мутациядан өтіп жатыр. Халықаралық аренада ірі қалалар мен мемлекеттерде қосымша шектеулер орнатылып жатыр. Осындай қосымша шектеулер орнатылмас үшін санитарлық нормаларды қатаң сақтауымыз қажет. Сонымен бірге вакцинацияны әрі қарай жалғастырамыз» деді ол.

Мектеп көбейсе, сапасы арта ма?

Нұр-Сұлтан қаласында алдағы 5 жылда 70 мектеп салынады. Ал биыл қалада 15 мектеп салынды, бұл шамамен 40 мың оқушы орнын құруға мүмкіндік берді. Тәуелсіздік күні қарсаңында елордада 20 мыңнан астам оқушы орны бар 7 мектеп ашылды. Халықтың жыл сайынғы өсуін ескере отырып, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі оқу орындарының құрылысы бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Жыл сайын бірінші сынып оқушыларының саны түлектер санынан 3 еседен астам асады.

«Елордада жыл сайын ішкі көші-қон есебінен де, бала туу есебінен де адамдар саны өсуде. Бұрын жылына 6 мектепке дейін салсақ, қазір жыл сайын 10-15 мектепке дейін ашу қажеттілігі туындады. Ал алдағы жылы оны 20 мектепке дейін жеткізу жоспарланып отыр. Соңғы 10 жылда оқушылар саны 3 есеге артты. Жыл сайын бірінші сынып оқушыларының саны түлектер санынан 3 еседен астам асады. Мысалы, мамыр айында 7 мың түлек болса, бірінші сыныпқа 25 мың оқушы келеді. 2030 жылға қарай Нұр-Сұлтанда 400 мыңға дейін оқушы болады деп ойлаймыз. Әрине, бұл тамаша перспективалар, сонымен бірге бұл мектептердің белсенді құрылысын талап етеді. Биыл біз 15 мектеп салдық, бұл 40 мың оқушы орнын құруға мүмкіндік берді. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда екі есеге көп, 2019 жылмен салыстырғанда төрт есе көп. Бұл үш ауысымды мектептер санын бірнеше есеге қысқартуға және оқыту режимін қайта тығыздауға мүмкіндік берді» деді Алтай Көлгінов.

Әкім ірі габаритті мектептер салу көзделіп отырғанын жеткізді. Яғни бұрын мектептер 1200 орынға шақталып салынса, енді 2000 орындық білім ошақтары тұрғызылмақ.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша оқу орындарының құрылысына ерекше көңіл бөлінеді. 2022 жылы елордада тағы 16 мектеп салынады. Кешенді жоспар аясында 5 жылдық кезеңге 70-ке жуық мектеп салу жоспарланған. Бұл процеске жеке инвестициялар да тартылады. Құрылыс кезінде мектептердің материалдық-техникалық жабдықталуы да ескеріледі: IT және STEM-кабинеттерде оқушылар 3D-объектілерді құра алады, роботтарды үлгілей алады, ғылыми-техникалық білімдерін бірден практикада қолдана алады; инклюзия, педагогикалық-психологиялық түзету кабинеттері және т. б. Оқу орындарына қажеттілік бар аудандарға назар аудара отырып, білім мекемелері қаланың барлық аудандарында, соның ішінде тұрғын алаптарда салынуда. Оқу орындарының құрылысымен қатар, қолданыстағы оқу орындарына да тиісті көңіл бөлінеді – 26 білім беру нысаны (мектеп, балабақша, колледж) жөнделді.

Шет аймақсыз қала

Елорда «Шет аймақсыз қала» қағидаты бойынша дамып жатқаны белгілі. Қазір қалада 16 тұрғын алап болса, сол алаптарда қала халқының 25 пайызы тұрады. Бұл – әрбір төртінші елордалық жеке секторда өмір сүреді деген сөз.

«Бұл жақтағы тұрғындарды не толғандырады? Біріншіден, инженерлік инфрақұрылым, жол сапасы, тротуарлар, абаттандыру, жарықтандыру, әлеуметтік нысандар, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды абаттандыру, көгалдандыру және басқа. Осы алаптарда 305,6 км газ тарату желілері тартылып, 133 көшеге тас жол төселді, 30 қоғамды кеңістік ашылды, 20-дан астам аула абаттандырылды. 4 мектеп пен 2 спорт кешені салынды. Қазір тағы 2 спорт кешені құрылысы аяқталуға жақын. Бұл тұрғын алаптардағы тұрғындардың тұрмыс сапасын айтарлықтай жақсартады» деді әкім.

Газдандыру жалғаса береді

Елорданы газдандыру 2019 жылы басталды. Ол үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең аяқталды, екінші кезең бойынша жұмыс жүруде. Үшінші кезең 2023 жылдың соңына дейін жалғасады. Барлығы 650 км-ден астам газ тарату желілері салынды. Соның басым бөлігі Алматы және Сарыарқа аудандарында жүргізілді. 9 тұрғын алапта газ тартылды. ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында елорда әкімдігі «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-пен бірлесіп, «Интернациональный», «Мичурино», «Күйгенжар» тұрғын алаптарына газ тарату желілерін жүргізді. «Газдандыру жобасы – Елбасының ауқымды жобасы. Қазіргі уақытта газ тарату желілері «Көктал-1», «Көктал-2», «Железнодорожный», «Промышленный», «Агроқалашық», «Оңтүстік-Шығыс», «Интернациональный», «Мичурино», «Күйгенжар» алаптарында жүргізілді. Яғни 1,5 мыңнан астам отбасы газға көшті. Бұл дегеніміз көптеген отбасы үйлерін көмірмен жылытпайтын болады. Ал бұл – орташа есеппен 20 мың тонна көмір. Бұл, сөзсіз, қала экологиясына жағымды әсер етеді. Тағы 4600-ден астам отбасы техникалық жағдайға ие болды» деді елорда әкімі.

Қазір «Қазақауыл», «Ақбидай» шағын аудандарында, сондай-ақ қаланың Потанин көшесіндегі ескі бөлігінде газды іске қосу үшін іске қосу-жөндеу жұмыстары жалғасуда.

«Көмірден газға көшудің көптеген артықшылықтары бар: тұрғындарға көмірді сатып алу, сақтау, сапасы туралы ойланудың және күніне бірнеше рет үйді жылыту үшін от жағудың қажеті жоқ, қаланың экологиясы жақсарады, бұл қалалықтарға жағымды әсер етеді. Газдандыру атмосфераға зиянды заттардың шығарылуын бірнеше есе азайтуға мүмкіндік береді» деді әкім. Қаланы газдандыру – Мемлекет басшысының бақылауында.

Әлеуметтік пәтерлер көбейе береді

2021 жылы Нұр-Сұлтанда 10 мың әлеуметтік пәтер салынды. Сондай-ақ Елбасының бастамасымен қолға алынған «Жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы жалғасын тапты. Тәуелсіздіктің 30 жылдығында елордада жастарға арналған «Elorda Jastary» арнайы тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды.

«Тұрғын үй мәселесі – басым бағыттың бірі. Пандемияға қарамастан, өткен жылы елордада 3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Оның 80 пайызы – жеке инвестициялар. Мемлекет басшысы жеңілдікпен берілетін тұрғын үй көлемін ұлғайту мәселесін ерекше бақылауда ұстайды. Мысалы, 2018 жылы 1100 әлеуметтік пәтер, 2019 жылы 2900 жеңілдікті пәтер салынса, 2020 жылы 7 мыңнан астам әлеуметтік пәтер салынды. Бұл көрсеткіш биыл 10 мың пәтерге дейін ұлғайтылды» деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.

Осы айда 2,5 мың әлеуметтік пәтерге арналған 6 көппәтерлі тұрғын үй кешені (қолжетімді тұрғын үй) пайдалануға беріледі. Елорда әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша тұрғын үй сертификаттарының сомасы 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайтылды, тұрғын үй сертификаттарын алушылардың санаты кеңейтілді және т. б. 2022 жылы қалада жеңілдікпен берілетін тағы 10 мың пәтер салынады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен елордада қолжетімді баспана 3 есе артты.

Үлескерлер мәселесі шешімін табуда

Нұр-Сұлтанда 16 мың үлес­кердің 13 мыңының мәселесі шешілді. 2018-2019 жылдары 16 мыңнан астам отбасы үлескерлер қатарында болды. Бүгінге дейін мемлекеттің қолдауымен 12900 үлескердің мәселесі шешілді. Биыл елордада тағы 57 тұрғын үй құрылысы аяқталады, осылайша 7 мыңнан астам 500 үлескер отбасының мәселесі шешіледі. 2022-23 жылдары қалған көпқабатты үйлерді аяқтау жоспарлануда.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылысы ұзаққа созылған нысандардың құрылысын аяқтау бойынша ауқымды, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2019 жылдың жазында 52 нысан ұзақ құрылыс ретінде есептелген еді, бұл дегеніміз – 150 көппәтерлі тұрғын үй кешені. 2019-2020 жылдары біз 33 көппәтерлі тұрғын үй кешенін салып, пайдалануға бердік. 5 мыңнан астам үлескер отбасы ұзақ жылдар бойы күткен пәтерлерін сатып алды. Биыл тағы 57 көппәтерлі тұрғын үй кешенін аяқтаймыз. 2022 жылы тағы 40 көппәтерлі тұрғын үйді, 2023 жылы 20 тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Осылайша 2023 жылы елордадағы үлескерлер мәселесін толық шешуді жоспарлап отырмыз» деді Алтай Көлгінов.

Елорда әкімі қаладағы кейбір үйлердің құрылысы 15-16 жылға созылғанын айтты. Үлестік құрылыстың барлық нысандарында әр түрлі көрініс болды: бір жерде тек шұңқыр, бір жерде қаңқасы (каркас) көтерілген, енді бір жерде құрылыс компаниясы бір пәтерді 4-5 адамға сатқан. Дегенмен әрбір ұзақ құрылыс бойынша қадамдық іс-шара жоспары бар. Сонымен қатар елордада тұрғын үй кешенін жөндеу, апатты және ескі үйлерді бұзу жұмыстары жүргізілуде.

Оңалту орталықтары желісі кеңейтілді

Қалада оңалту орталықтарының желісі айтарлықтай кеңейтілді. Елорда әкімдігі ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды оңалту үшін жағдай жасау жұмыстарын жүйелі негізде жүргізіп жатыр.

«Ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды әлеуметтендіру және оңалту үшін жағдай жасауға ерекше назар аударамыз. Мысалы, биыл жазда көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мамандандырылған балабақша ашылды (Кенесары көшесі, 9/1, Сарыарқа ауданы). Балабақшада педагогтармен қатар медицина қызметкерлері де балалармен айналысады. Бұл баланың физикалық, психикалық даму ерекшеліктерін, жеке мүмкіндіктері мен қабілеттерін ескере отырып, баланың жеке басын жан-жақты қалыптастыру, балалардың мектепке дайындығын қамтамасыз ету. Мекемеде физиотерапия, логопед-дефектолог, офтальмолог және т. б. кабинеттер бар» деп атап өтті Алтай Көлгінов.

Қала аудандарында 29 «Үй маңындағы дәрігер» нысаны ашылды, инватакси саны 2 есеге артты. Жаңа үйлердің бірінші қабатында «қадамдық қолжетімділік» қағидаты бойынша балаларға арналған шағын орталықтар, оңалту орталықтары, балабақшалар, медициналық орталықтар және т. б. ашылады. Бұдан басқа, өткен жылы елордада БЦП, аутизм, Даун синдромы және т. б. диагнозы бар балаларды оңалтумен айналысатын бірқатар ірі оңалту орталықтары ашылды, мысалы, «Асыл мирас» жаңа аутизм орталығы (Ш.Уәлиханов көшесі) аутистік спектрдің аурулары бар балаларды 50 пайызға көбірек қамтуға мүмкіндік берді. Бұл жоба Б.Өтемұратов қорымен бірлесіп іске асырылды. Сол үйде тағы бір оңалту орталығы БЦП, аутизм диагнозы және басқа да бірқатар аурулары бар балалармен айналысады. №1 қалалық балалар ауруханасы базасында Тұңғыш Президент қоры мен «Самұрық-Қазына» қолдауымен өткен жылдың күзінде «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды. Бұл БЦП диагнозы бар 600-ге жуық баланы жыл сайын қосымша тегін медициналық көмекпен қамтуға мүмкіндік береді.

LRT құрылысы қашан аяқталады?

Елордадағы LRT құрылысын аяқтауға қажет қаржыны 3,25 пайыздық несие арқылы жабу көзделіп отыр. «LRT жобасы өте күрделі екенін, үлкен капиталды қажет ететінін білесіздер. Бірақ басталған істі аяқтауымыз керек. 2016 жылы консорциуммен және банктермен келісімшарт бекітілген. Келісімшартқа қол қойылғанмен, кейбір банктермен проблемаға байланысты жоба уақытша тоқтатылған болатын. Қазір банктер арқылы инвестиция тарту бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Жобаны аяқтауымыз керек. Толық ақпарат берейін. Жобаның құны 1,8 млрд доллар тұрады. Оның ішінде 347 млн доллар қазірдің өзінде игеріліп қойған. О баста несие 4,9 пайызбен Қытай даму банкінен алынғанын білесіздер. Кейін біз үнемдеу туралы шешім қабылдадық» деді әкім. Сондай-ақ ол жобаны қайта қарау кезінде қанша қаражат үнемделгенін атады:

«Өз еліміздегі екінші деңгейлі банктерден 3,25 пайызбен облигациялық қарыз алу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Яғни бұл 4,9 пайыздан әлдеқайда аз. Оның үстіне қарызға қызмет көрсету бойынша 800 млн доллар үнемдейтін едік. Одан бөлек, EPC келісімшарты бойынша 200 млн доллар үнемдедік. Стансалар мен вагондардың санын қысқарту арқылы 150 млн доллар үнемделді» деді Алтай Көлгінов.

Қала басшысы жобаны аяқтау үшін 1 млрд доллар көлемінде қаржы тарту керек екенін тағы бір еске салды. LRT-ның қазіргі күйі қаланың сәулетіне сән кіргізіп тұр деу қиын. Бұған дейін қаншама қаржы салынды… Келешекте қаланың қоғамдық көлігін дамыту үшін, экология­лық таза көлікпен қамту үшін бұл қажет. Тұрғындардың саны өсіп келе жатқанын да ескеру қажет. Қазір қалада 1 млн 200 мың адам бар. Алдағы 10 жылда 2 млн адамға жетуі мүмкін.

«Жобаны түбі аяқтаймыз. Қазір банктермен жұмыс істеп жатырмыз. Солардың өтініші бойынша нақты қандай банк екенін айта алмаймыз. Келісімшартқа қол қойылған кезде ғана ақпаратын береміз. Нақты айтсақ, банктер консорциумымен жұмыс істеп жатырмыз. Солардың өтініші бойынша жарияламаймыз. Келісім мынадай мазмұнда жүріп жатыр. Бұған дейін бір қарыздан бас тарттық қой. Оның мөлшерлемесі 4,9 пайыз болса, бұл жолы 3,25 пайыз болады» деді елорда басшысы.

Көлік жүктемесін азайтатын көпірлер

Мемлекет басшысы елордада көпірлер мен көлік жолайырықтарын салудың маңызын атап өтті. Қараша айында Есіл өзені арқылы Тәуелсіздік даңғылындағы көпірдің құрылысы басталды. Бұрын құрылыс мерзімін кешіктірген сот процестері болған. Қазіргі уақытта барлық процедуралық сәттер шешіліп, көпір құрылысы басталды.

«Бұл көпір Тәуелсіздік даңғылы, жаңа теміржол вокзалы ауданы, Әзірет Сұлтан мешітінің ауданы, Қошқарбаев даңғылы, Нәжімеденов, Байтұрсынов, Қордай, Айнакөл көшелері, Момышұлы даңғылының сол жағалауымен қосымша байланысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» деді әкім. Оның айтуына қарағанда, Тәуелсіздік даңғылындағы көпір пайдалануға берілгеннен кейін Мәңгілік ел даңғылындағы жүктеме 20 пайызға дейін төмендейді. «Көпірдің құрылысын 2023 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз» деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.

Сонымен қатар қала басшысы Ұлы дала даңғылында көпір салынып жатқанын атап өтті. Оның пайымынша, Есілдің оң және сол жағалауын жалғайтын көпір Мәңгілік ел даңғылының, Ж.Нәжімеденов, А.Байтұрсынов, Р.Қошқарбаев көшелерінің, Nova city ауданының, «Мыңжылдық» аллеясының жүктемесін азайтады. Жаңа «Нұрлы жол» вокзалының, «Тельман» тұрғын алабының, «Метро» гипермаркеті ауданының, «Промышленный» тұрғын алабының, Жұмабаев даңғылының, Жүргенов көшесінің және т. б. қолжетімділігін арттырады.

«Сонымен қатар кейінгі екі жылда елордада 300 көше салынып, жөнделді. Олардың жартысынан көбі тұрғын үй алаптарында орналасқан. Сондай-ақ жаңа бағыттар, автобус жолақтары іске қосылды, автобус паркі жаңартылуда. Мұның бәрі қала тұрғындарына қала ішінде ыңғайлы жүруге, жол уақытын қысқартуға және қаланы мобильді етуге мүмкіндік береді» деді Алтай Көлгінов.

Жаңа тартылыс нүктелері

Елордада шөлейт жерлер, тастанды учаскелер мен батпақты жерлер айтарлықтай азайды. Олардың орындарына қала тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа тартылыс нүктелері салынды. Елордада алғаш рет Ә.Мәмбетов көшесінде «Demalys Promenade» демалыс күндерінің алғашқы көшесі, «Театральный» жаяу жүргіншілер бульвары («Жастар» сарайынан Жас көрермендердің музыкалық театрына дейін), «NS street life» көше спортының колизейі және т. б. ашылды. Осы жылы 200-ге жуық аула мен қоғамдық кеңістік (саябақ, сквер, бульвар) абаттандырылды.

«Нұр-Сұлтан – қолайлы қала» мастер-жоспары аясында біз жүйелі негізде аулаларымыз бен қоғамдық кеңістіктерімізді абаттандыруды, қала тұрғындарының уақытын өткізу үшін жаңа тартылыс нүктелерін құруды жалғастырамыз. Жаяу жүру белсенділігін ынталандыру үшін «Demalys Promenade» жаяу жүргіншілер көшелері мен «Театральный» бульвары құрылды. Жаяу жүргіншілердің жаңа көшелерін ұйымдастыру Нұр-Сұлтанның тарихи орталығындағы қоғамдық кеңістікті жандандыруға алып келді және маршрутты қалалық жағалаумен байланыстырды. Сондай-ақ Есіл өзені жағалауының бойындағы саябақ, «Атырау» көпірінің астында және «Ататүрік» атындағы саябақта скейт-алаңдар салынды» деді Алтай Көлгінов.

Мемлекет басшысының бұқаралық спортты насихаттау жөніндегі тапсырмасы аясында биыл Студенттер саябағында «NS street life» көше спортының колизейі орнатылды, Есіл өзенінің жағалауында Триатлон саябақта бассейндері бар жасанды жағажай салынды. Ол өзенге қарайтын оқшауланған аралда жабдықталған.

Қоғамдық кеңістіктер қатары артады

2019-2021 жылдар аралығында елордада 103 қоғамдық кеңістік ашылса, соның ішінде 32-сі тұрғын алаптарда салынды. Осы аралықта 407 аула абаттандырылып, балалар ойнайтын алаңдар орнатылды. Қала тұрғындарымен кері байланыс кезінде қоғамдық кеңістіктер олардың көңілінен шығып жатқаны байқалады. «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жобасы аясында бұл бағытта көптеген жұмыс жасалды.

«Бос жатқан жерге жасыл желек егіп, спорт нысанын немесе балалар ойнайтын алаң салып, абаттандырып, жарықтандырып жатсаңыз, ол, әрине, адамдардың бос уақытын өткізетін демалыс жайына айналады. Бұл – үлкен қалалар үшін өте қажет жоба. Ал азаматтардың қатысуымен болатын бюджеттік жоба да қазіргі заманның талабы деп айтуға толық негіз бар. Себебі қала тұрғындарына өз ауласында қандай жоба іске асырғаны өздеріне керек. Сондықтан бұл жұмыстар жыл сайын жалғаса беретін болады» деді әкім тілші сұрағына жауап беріп.

Нөсерде су баспайды

ҚР Президенті тапсырмасымен нөсерге арналған кәріз жүйесі мәселелерін шешу бойынша шаралар қабылданды. Соның ішінде тазалау құрылғыларын жобалау бойынша жұмыстар бар. Елордада Таха Хусейн көшесінен бастап Тәшенев көшесіне қарай коллекторлар тазартылып, Тәшенев көшесі бойынша құбырлар 30 мың тонна қоқыс тазартылды. Сонымен қатар елордадағы ең өзекті мәселе – су басып қалатын Б.Момышұлы мен Тәуелсіздік даңғылдары, А.Бараев пен Ш.Уәлиханов көшелері, сонымен бірге Тұран мен Ұлы дала даңғылдары бойындағы мәселелер де шешімін тапты.

«Б.Момышұлы көшесіндегі құбырлардың диаметрі тым кішкентай болған, олардың 70 пайызы толып қалған. Құбырлар диаметрін екі есеге кеңейттік. Бұрын бұл жұмыстарды жүргізетін нақты кәсіпорындар болмады. Қазір олар бар және жүйелі жұмыс жүргізуде» деді әкім.

Елорда – елдің локомотиві

Аталған брифингте әкім Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында қала тарихындағы ең елеулі оқиғаның бірі ретінде Елбасының ел астанасын ауыстыру шешімін атап өтті. «Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде, қиын жылдарда Елбасы, көп адамның қарсылығына қарамастан, саяси шешім қабылдады. Қазір сол шешімі қаншалықты көрегендік болғанын көріп отырмыз» деді әкім. Ол ел астанасы Ақмолаға көшірілген кезде қалада 270-280 мың халық болса, қазір тұрғындар саны 1 млн 200 мыңға жеткенін атады. «Астанамызда әлемдік деңгейдегі халықаралық шаралар өтіп тұрады. Мысалы, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті. Яғни халықаралық деңгейде мойындалды деуге болады. Әлемдік дәстүрлі діндердің съезін де ұмытпайық. Қазақстан бейбітсүйгіш ел ретінде бейбіт шешімдер қабылдау үшін бас қосатын орын бола алатынын көрсетті. EXPO көрмесі сияқты халықаралық деңгейдегі шаралар мен стратегиялық маңызды шешімдерді ерекше атауға болады. Өзім өңірде жұмыс істеген кезде астанаға қарап бой түзеуге тырысатынбыз. Осы бағыттарды атауға болады» деді Алтай Көлгінов.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button