Басты ақпаратҚала мен Сала

ЕЛОРДА АЙНАЛАСЫНДАҒЫ ЕН ТОҒАЙ

Арқа өңірінде орман-тоғай сиректеу. Мұнда көбінесе жазық дала. Содан болар, желдің қуаты да күштірек. Әсіресе, елордада қысы-жазы бір тынбайды. Бірақ, соңғы жылдары оның қарқыны да бәсеңсіді.  Себебі жоқ емес. Дәлірек айтқанда, 1997 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Астана төңірегін жасыл алқапқа айналдыру қолға алынды. Жасыл белдеу жобасы құрылды. Нәтижесінде, бас қаланың айналасы кәдімгідей құстар ән салатын, жұрт демалатын жасыл орманға айналды.

ERM_7996

ЖЕМІСІН БЕРГЕН ЖОБА
Жалпы, жасыл белдеу жобасын екі кезеңге бөлуге болады. Оның алғашқысы 1998-2004 жылдары іске асырылды. Осы уақытта 14 827 гектарға, соның ішінде 11 502 аумаққа 9,6 млн ағаш отырғызылды. Олардың барлығы тез жерсініп кетуі үшін куликтік әдіспен егілді. Отырғызылған ағаштардың 1,8 пайызы – қылқанды жапырақтылар. Осы жұмыстардың барлығы көп ұзамай өз жемісін берді.
Мемлекет басшысы 2009 жылы жасыл алқапты аралағанда бос жерлерге де ағаш отырғызып, оны орманға айналдыруға тапсырма береді. Осы міндетті орындау барысында 2011-2012 жылдары екі жоба дайындалды. Мамандар оны іске асыруға құлшына кіріседі. Мұны екінші кезең деп айтуға болады. 2012 жылдан бастап 2015 жылға дейін орман жолақтарының арасында 10324 гектарға 1 493 000 түп жас көшет егілді. Оның 889 415-і – қылқан жапырақты ағаштар. Бүгінгі таңда аталған ағаштардың барлығы да жапырақ жайып, бәйтеректей бой түзеген.
Биылғы сәуір айында 291 аумаққа 353 560 түп жас көшет отырғызылды. Негізі­нен, екінші кезеңде егілген ағаштардың 60 пайызы қылқанды жапырақтыларды құрайды. Емен ағаштары да бір қауым.
Бүгінгі таңда жасыл орманда қыр­ғауылдар көптеп кездеседі. «Біз оларды өзіміз өсіріп, алқапқа жібердік. Өйткені, жасанды орман болғандықтан, онда жануарлар өте аз. Ал жабайы орманда жануарлар мен өсімдіктер бір тепе-теңдікте болады. Біздің мамандар 2010 жылдан бастап қырғауыл өсіруді қолға алды. Оның барлығын әуелі зерттедік. Орман ішіне ферма салып, 65 қырғауыл сатып алдық. Алты жылдың ішінде олардың саны 6 283 жетті. Соның 5 883-ін жасыл алқапқа жібердік. Қазіргі күнде қырғауыл фермасында 400 бас үлкен қырғауыл мен 1500 балапан өсірілуде. Басқа құстарды өсіру үшін де зерттеу жұмыстарын жүргізудеміз» дейді «Астана орманы» ЖШС-нің бас агрономы Ардақ Хасенов.

ҚҰНАРСЫЗ ЖЕРЛЕР ҚҰНАРЛАНДЫРУДА


Кез келген өсімдік құнарлы жерде тезірек көктейді. Сондықтан, топыраққа көп нәрсе байланысты. Әрине, жердің бәрі біркелкі емес. Олардың кейбірі қара топырақты болса, екіншісі – сор, қалың батпақты келеді. Елорданың маңайында да осындай жерлер баршылық. Мәселен, топырақтың қалыптасуы табиғи жолмен мыңдаған ғасырға созылса, адам күшімен бірнеше жылда қалпына келмек. Ардақ Айдарұлының айтуынша, 2010 жылдан бері жасыл белдеудегі сор жерлерге түйежоңышқа егілуде екен. Бұл өсімдік топырақты құнарландырып қана қоймайды, энтомофагтарды көбейтуге септігі тиеді. Сонымен бірге, түйежоңышқының арқасында бірқатар омарташылар жаз айларында бал жинайды. Алдағы таңда мамандар құнарсыз жерлерді құнарландыру үшін гипс салуды жобалап отырған көрінеді.

ЖАСЫЛ АЛҚАП КЕҢЕЙМЕК
Бүгінгі таңда елорда тұрғындарының саны жылдан-жылға ұлғайып барады. Мемлекеттік стандарт бойынша халық саны 500 мың мен 1 миллионға жететін қалада әрбір 1000 адамға 25 гектар жасыл желек болу керек. Бүгінгі таңда осы көрсеткішке сәйкес болу үшін Астана қаласының жасыл белдеуінің ауданы 20 719 гектарға жетуі қажет.
– Астана әкімдігі жасыл орманды ұлғайтуға қала территориясынан қосымша 14 851 гектар жер бөліп отыр. Оның 8 067 гектарына жерге орналастыру құжаттары дайындалды. Соған биыл техникалық және экономикалық негіздеме жасалады. Содан кейін жобаланып, жас көшеттер отырғызылады. Сондай-ақ, орман ішіне халық демалатын орындар салуды қолға алдық. 2011 жылы Қараөткел ауылының маңындағы жасыл алқапқа ұзындығы 4 шақырымды құрайтын үш демалатын орны бар веложол салынды. Оған жаз айларында жұртшылық көбірек келеді. Жеміс-жидек тереді. Биыл бұл жолды одан әрі 19 км ұзартып, «Қарқаралы» тас жолына дейін созбақпыз. Жоба бойынша бұл жол орман ішін кесіп өтеді. Және үш шақырым сайын алты велотұрақ салынады. Тұрғындар келіп демалуға болады, – дейді «Астана орманы» ЖШС-нің бас агрономы Ардақ Хасенов.
Негізінде, жазық даладағы жасыл орман алқабы Көкшетаудың жасыл желегімен тұтасып, ен тоғайға айналуды жоспарлаған.
Қазіргі күнге дейін елордадан Шортанды ауданына дейін аумаққа толықтай ағаш егілген. Енді ол Ақкөл аумағы бағытына ұзарған.

ТҰРҒЫНДАР ДӘН РИЗА
Расында, Қараөткел кентінің маңайындағы жасыл алқапты өзіміз де барып көрдік. Құдды орман ішінде жүргендей әсерде болдық. Бұл жерге адамдар отбасылармен де көп келеді екен. Сондай тұрғынның бірі – Жанар Құсайынова. Ол төрт баласымен мұнда демалып жүр.
– Маған осы орман алқабы қатты ұнайды. Әр жексенбі сайын келуге тырысамын. Балаларым да осында келуді қалап тұрады. Таза табиғат аясында демаламыз. Велосипед тебеміз. Кәдімгідей тынығып қаламыз. Қаланың шуылы да жоқ, тып-тыныш әлем. Әрине, Бурабайға барғымыз келеді. Бірақ, оған жолымыз түсе бермейді. Үйдің іргесіндегі орман да бізге сондай әсер береді. Күз болғанда осы алқаптан жеміс-жидек тереміз. Оның өзі бізге пайда. Қысқасы, уақытымыздың көбін осында өткіземіз, – дейді ол.
Түйіндеп айтқанда, қыста ұйытқыған бораннан, жазда жүйткіп соққан желден пана болып, елорданың ауасына нәр беріп, тұрғындарға тыныс болып тұрған жасыл орманның бүгінгі келбеті көз тоярлық күйде. Оны жасыл орман алқабындағы табиғат аясында болғанда ерекше сезінесіз.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button