Қоғам

Еlorda Аqparat – «Ата салтым – асыл қазынам» байқауының жеңімпазы

Астана қаласы әкімшілігіне қарасты мекемелер арасында ұлттық салт-дәстүрді насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Ата салтым – асыл қазынам» байқауы өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар анықталды, деп хабарлады astana-akshamy.kz

Астана қаласы әкімшілігі мен Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырған ауқымды іс-шараға қырыққа жуық елордалық мекеме қатысты.

«Соңғы екі жыл көлемінде Ұлыстың ұлы күні Наурызнама тұжырымдасы бойынша 10 күн бойы тойланып келеді. Осыған орай елордада көптеген үлкен-кіші іс-шаралар өтіп жатыр. Солардың ішінде ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттауға басымдық берілген «Ата салтым – асыл қазынам» байқауын да ерекше атар едік. Біз кәсіби әртістерді, өнер саласындағы жүрген майталмандарды шақырып, үлкен шаралар өткіземіз. Дегенмен біздің елордадағы мемлекеттік мекемелер болсын, әкімшілікке бағынысты басқа да мекемелер болсын, өнерден хабары бар азаматтар өте көп. Осындай қазақтың дәстүрлі мейрамында біздің әр мекемеде жұмыс істейтін қызметкерлердің де мүмкіндігін көрсету, әлеуетін ашу, өнерпаз екенін таныту, сонымен бірге қазақтың дәстүрлерін насихаттау мақсатында арнайы сайыс өткізіп жатырмыз. Бұл сайыс ұжымның ауызбіршілігін жақсартуға да септігін тигізеді. Сонымен қатар салт-дәстүрімізді мекеме ішінде насихаттауға мүмкіндік береді. Біз этнографтар, мәдениеттанушылармен кеңесе отыра ұлттық салт-дәстүрлердің тізімін жасадық. Байқауға қатысатын мекемелердің бәріне тараттық. Олар соның ішінен таңдап алып, ұжым ішінде көрсетті. Қазылар алқасы оларды аралап жүріп баға берді», – деді Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп.

Аталған байқауда БАҚ, театр, музей, архив, кітапхана сияқты мәдениет және ақпарат саласына қарасты мекемелер мен денсаулық сақтау, спорт саласына қарасты мекемелер екі бөлек қарастырылды.

Нәтижесінде бас жүлдені Elorda Aqparat медиахолдингі, 1-орынды Астаналық цирк, 2-орынды Астана қаласы әкімдігінің Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры және 3-орынды «Жастар» сарайы жеңіп алды. Ал денсаулық сақтау және спорт мекемелері бойынша 1-орынға Бірлескен №7 спорт мектебі болса, 2-орынды Көпбейінді қалалық №1 аурухана мен Көпсалалы медициналық орталық иеленді. 3-орын Астана қаласы әкімдігінің «Дәулет» кәсіпорнына бұйырды. Жүлдегерлерге дипломдар мен сертификаттар, сондай-ақ арнайы кәдесыйлар табысталды.

Бұдан басқа көптеген мекемелер номинациялар бойынша марапатталды, бірқатары Алғыс хатқа ие болды.
Байқаудың қазылар алқасының мүшесі, қоғам қайраткері Ырза Тұрсынзада байқаудың діттеген мақсаты мен нәтижесі туралы айта келе бас жүлдені жеңіп алған  Elorda Aqparat медиахолдингінің ұлттық салт-дәстүр дәріптелген Наурыз мерекесін ұйымдастырудағы ерекшелігіне тоқталып өтті.

«Elorda Aqparat-қа барған кезде есіктен төрге дейін нағыз Наурыз думаны болды. Театрландырылған көрсетілім емес, кәдімгі дархан еліміздің қанына сіңісті Наурызды тойлаудың қалыпты жағдайын көрдік. Сондықтан біздің салтымыз, тіліміз, дініміз, мәдениетіміз қалыпты жағдайда жаңғырса екен дейміз. Наурызды мерекелеудің тамаша үлгісін көрсеткен Elorda Aqparat ұжымына алғысымызды білдіреміз», – деді Ырза Тұрсынзада.

Әнші Дос, «Жошы» этно-фольклорлық ансамблі, «Аламан», «1465» топтары мерекелік іс-шараны ән-күймен ажарландырды.

Сондай-ақ кеште «Салт-дәстүрдің маңыздылығы», «Ұлттық киім – ұлт мақтанышы» тақырыбындағы бейнесюжеттер көрсетілді.

Салтанат Мұратқызы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button