Басты ақпаратЕл тынысы

«Elorda Aqparat» биіктерді еңсерген жыл

Журналистика – қоғам мен азаматтардың игілігі үшін ­қызмет ететін, билікке бұқараның үнін жеткізіп, қалам ұшымен қоғам дертін де көрсете білетін маңызды әлеуметтік ­институт. Оның белсенді жұмысының нәтижесінде қоғамның түйінді мәселелерін шешуге атсалысып, елде болып жатқан игі істерді алдымен сүйіншілеп жатады. Елордалық тілшілер де өз оқырмандарының талпынысы мен таңдауына ықпал етіп, қоғам дамуындағы үлесін айшықтап келеді.

Жалпы Астананың ақпарат кеңістігінде 640-тан астам бұқаралық ақпарат құралдары бар. Соның 30-дан астамы телеарна болса, 490-нан астамы – баспа басылымы, 137-сі – интернет-ресурстар. Бұл астаналық журналистер арасында шығармашылық бәсеке бар екенін, кәсіби орта қалыптасқанын көрсетеді. «Elorda Aqparat» медиахолдингінің журналистер қауымы да осы ортаның көш басында келеді.

Биыл Президент Қасым-­Жомарт Тоқаев ең мықты деген журналистерді Ақордада жинаған кезінде: «Журналист – мәртебелі мамандық. Ол – ақиқат сөздің, өткір ой мен шынайы пікірдің және әділ істің жақтаушысы. Сондықтан біз медиа саласының мамандарына әрдайым зор құрметпен қараймыз. Түптеп келгенде, мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады. Өйткені ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болған. Қазір де солай. Кез келген еңбек бағалануға тиіс. Өркениетті қоғам масс-медиа майталмандарын ерекше қадірлейді. Жыл сайын елімізде үздік журналистерге сыйлықтар табысталады. Бұл – қалыптасқан дәстүр. Бұдан бөлек, былтырдан бері мереке қарсаңында журналистерге пәтер кілтін табыстауды дәстүрге айналдырдық. Бұл үрдіс биыл да, алдағы уақытта да жалғаса береді» деген болатын.

Расымен, қазіргідей құбылмалы заманда халыққа жан-жақты сарапталған, тексерілген, шынайы ақпаратты ұсынудың, азаматтарды адастыратын ақпаратқа жол бермеудің маңызы зор. Осы жолда ұлт мүддесін көздеген ақпарат құралдарында ондаған жылдар бойына еңбек етіп жүрген журналистер көп. Олардың көбі, әсіресе аймақтағы журналистер аз ғана жалақымен жүрсе де, баспанасыз, жалдамалы пәтерде күн кешсе де, қаламын басқа кәсіпке айырбастамай, өз қызметіне адал болып қалуда. Өз мамандығын шынайы жақсы көретін сондай журналистерге Президент бас­тамасымен соңғы екі жылда 132 пәтер беріліпті. Соның ішінде биыл да бірқатар БАҚ қызметкеріне 67 пәтер беріліп, журналистер қоныстойын тойлауда. Алдағы уақытта өзіміздің медикомпания журналистері осындай жақсылыққа жетеді деген үміттеміз.

Ақмолада жарық көріп, Астанада 30 жылдан астам уақыт бойына басылып келе жатқан, барша республикаға таралатын басылым – «Астана ақшамы» газетінің биылғы төл мереке қарсаңында сүйіншілетер жаңалығы көп болды. Соның ішінде ең үлкен марапат – газеттің шеф-редакторы, белгілі журналист Төлен Тілеубайдың Мемлекет басшысының өкімімен ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығын иеленуі. Төлен Тілеубай Президент Жарлығымен мемлекеттік награда – «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісін кеудесіне тақты.

34 жыл ішінде елорданың төл басылымы өсу-өркендеу кезеңінен өтіп, қаланың тыныс-тіршілігін, алған асулары мен жеткен жетістіктерін қалың бұқараға жүйелі жеткізуші ғана емес, ел руханиятындағы, халық тағдырындағы өзекті мәселелерге үн қосатын, мазмұны байыған, ойы кемелденген басылымға айналды. Оқырманның ұдайы үдесінен шығуға ұмтылатын басылымның қол жеткізген жетістігі де бір төбе. Соның бір дәлелі – 2002 жылы «Астана ақшамы» газеті Қазақстан журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығының лауреаты атанды. Басылым 2018 жылы ҚР Президентінің Алғыс хаты мен «Нұр-Сұңқар» сыйлығын алды. Бұл – өткен жылдар жетістігі.

Биыл елордамызда үш күн қатарынан жалғасқан Astana Media Week-2024 апталығында, жылдағы дәстүрге сай, «Үркер» ұлттық сыйлығының жеңімпаздары қатарында «Жылдың үздік журналистік зерттеуі» аталымы бойынша Нұрлат Байгенже оза шауып, бас бәйгені еншіледі.

«Астана» халықаралық қаржы орталығында өткен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған БАҚ өкілдері арасындағы «Тұмар» байқауы аса беделді. Астана күніне арналған БАҚ өкілдері арасындағы республикалық байқаудың да танымалдылығы мен қатысушылар қатары артып келеді. Биылғы қорытынды бойынша топ жарған журналистердің арасында «Elorda Aqparat» ЖШС-ке қарасты «Вечерняя Астана» газетінің және elordainfo.kz сайтының қызметкерлері болды. Атап айтқанда, «Вечерняя Астана» газетінің шеф-редакторы Айгүл Алжаксина «Астана қаласы мәслихаты жайлы үздік материал» номинациясын жеңіп алды, ал elordainfo.kz сайтының журналисі Зарина Кеңесова Астана қаласының әлеуметтік-­экономикалық дамуы туралы интернет-басылымдардағы материалдар бойынша «Үздік шолушы» номинациясы жүлдегерінің бірі атанды.

«Таза Қазақстан» экобағдарламасы аясында өткен «Таза Қазақстан – таза Астана» байқауының жеңімпаздары марапатталды. «Астана Тазалық» қызметінің қалыптасуы, дамуы, жетістіктері мен келешегі туралы қалам тербеген тілшілердің арасында тағы да 4 журналист топ жарды. «Таза Қазақстан» экобағдарламасы аясында өткен «Таза Қазақстан – таза Астана» байқауының жеңімпаздары қатарында «Баспа басылымындағы үздік мақала» номинациясы бо­йынша 1-орынды «Астана ақшамы» газетінің белді журналисі Райхан Рахметова қанжығасына байласа, «Интернет-басылымдағы үздік жарияланым» номинациясы бойынша elordainfo.kz сайтының тілшісі Сәбина Кәкімжан 2-орынды иеленді. Бұдан бөлек, бірнеше БАҚ өкілдері «Астана Тазалық» компаниясының арнайы сыйлығымен марапатталды. Олардың қатарында әріптес­теріміз, elordainfo.kz сайтының тілшісі Мария Конюхова мен «Вечерняя Астана» газетінің тілшісі Екатерина Тыщенко бар.

Астана қаласы тұрғындары ара­сында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және парасаттылық құндылықтарын ілгерілету мақсатында өткен журналистер арасында «Сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік тақырыбындағы үздік жұмыстар» байқауында әріптесіміз Қалиакбар Үсемханның еңбегі аталып өтіп, бағалы сыйлық иемденді.

Биыл медиахолдинг ұйымдас­тыруымен журналистер мен қаламгерлер арасында бильярд жарысы Республика күніне орай және мәслихаттардың 30 жылдығы аясында Астана қалалық мәслихатының қолдауымен өтті. Жалпы жүлде қоры 1 миллион 900 мың теңгені құрайтын, биыл дәстүрлі түрде үшінші мәрте ұйымдастырылған турнирге Қойшығара Салғараұлы, Төлен Әбдік бастаған иісі қазаққа танымал ақын-жазушылар, ардагер журналистер, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, халық әртісі Секен Тұрысбеков сынды өнер жұлдыздары, қоғам қайраткерлері қатысты. Жарыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Астана қалалық мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов барша отандастарды ұлтымыздың ұлық мерекесі – Республика күнімен құттықтап, бұл күннің еліміз үшін маңызы айрықша екенін дәйекті дәлелмен атап өтті. «Биыл Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығына орай қаламызда көптеген іс-шара ұйымдастырылды. Соның бірі – «Elorda Aqparat» медиахолдингі дәстүрлі түрде өткізіп келе жатқан бильярд турнирі Республика күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан қатысушыларға мәслихаттардың 30 жылдығымен байланыстырып арнайы жүлделер де тағайындадық» деп өз сөзін түйіндеген ол арнайы марапаттарды өз қолымен тапсырды. Жүсіпбек Аймауытов атындағы номинация Мемлекеттік сыйлық пен Франц Кафка атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы Төлен Әбдікке берілді; Әлкей Марғұлан атындағы номинация – жазушы Қойшығара Салғараұлына; Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы номинация – Премьер-­министр кеңсесі басшысының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ермек Аманшаевқа; Қаныш Сәтбаев атындағы номинация Ұлттық ғылым академиясының академигі Уәлихан Қалижановқа табыс­талды. Жарыстың бас төрешісі белгілі спорт журналисі Несiп Жүнicбайұлы болды. Қатысушыларға қомақты жүлдеден бөлек, арнаулы сыйлықтар таратылды.

Бұл – компанияның бір мезетті сәті. Жыл бойына тынбай ізденіп, ел-жұрт, елорда тынысын жіті бақылап, елордалықтардың жақсылығына қуанып, жақсы істерге бастайтын компанияның қарбалас тірлігінің бір өлшемі ғана. Ең бастысы – «Elorda Aqparat» медиахолдингі ел алдында!

Айгүл УАЙС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button