Sport

«Elorda aqparat» – чемпион!

Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арасында дәстүрге айналған ВАQ лига чемпионатының жазғы маусымы аяқталды.

Төртінші мәрте ұйымдастырылып отырған біріншілікке бұл жолы айтарлықтай өзгеріс енгізілді. Басты ерекшелігі – лига «А» және «В» болып, екі топқа бөлінді.
«Elorda Aqparat» ұжымы өткен қысқы маусымға қатыспағаны себепті «В» тобындағы командалармен күш сынасты. Жеті команда бас қосқан бәйгеде әріптестеріміз 12 ойын өткізіп, соның екеуінде ғана тең түссе, қалған матчтарда жеңіске жетті. Бас-­аяғы 32 ұпай жинап, қарсыластарынан қара үзіп кетті. Сөйтіп «В» лигасының мерзімінен бұрын чемпионы атанды. Ал екінші орынға 24 ұпаймен тұрақтаған «Хабар 24» жігіттері де қысқы маусымды жоғары лигада өткізетін болды. Ал 21 ұпай жинаған «Qazaqstan» телеарнасы ұжымының да дәл осы жетістікке жетер мүмкіндігі болып еді. Алайда шешуші кездесуде «Спорт 59» командасына 1:6 есебімен жол беріп қойды.

Турнирдің соңғы күні маусым бойы көзге түскен ойыншылар назардан тыс қалмай, арнайы номинациялармен марапатталды. Қарсыластар қақпасын 26 рет тулатқан, қатарластарынан оза шапқан «елордалық» Бексаттар Саттар «Үздік сұрмерген», сонымен қатар «Үздік шабуылшы» атағын алса, «Үздік ойыншы» номинациясында «Елорда Ақпараттың» капитаны – Елтай Нұрғазин топ жарды. Ал «Үздік қорғаушы» сыйлығы «хабарлық» Аят Дүйсембаевқа бұйырса, «Қаламгер» қақпашысы Қанат Базылхан өзгелерден бір саты жоғары болды.
Ал «А» лигасында «Хабар» агенттігінің жігіттері кезекті рет жеңіске жетсе, ел газеті – «Егемен Қазақстан» ұжымы жеңімпаздан екі ұпайға қалып, күміс жүлдегер атанды. Ал қола медаль Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің ЦАИ командасына бұйыр­ды. Лиганың «Үздік ойыншы» сыйлығына «Qazmedia» командасының шабуылшысы Құмарбек Азат ие болды.
Жаздан шығып күзге ұласқан бәсекенің кіл мықтыларын марапаттауға Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі, қазақ футболының аңызына айналған Сейділда Байшақов, «Elorda Aqparat» ЖШС директоры Қайсар Жұмабайұлы, «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы Дархан Қыдырәлі, «Хабар» агенттігі АҚ төрағасының орынбасары Ренат Кертаев, белгілі спорт комментаторы Амангелді Сейітхан секілді елеу­лі азаматтар қатысты.
Өз кезегінде Сейділда Байшақов «Үздік ойыншы» атағын алған Елтай Нұрғазинге жүлдесін табыстап тұрып, жарысқа қатысқан барлық журналис­терді, жарысты ұйымдастырушыларды чемпионаттың сәтті аяқталуымен құттықтап, осындай турнирлердің дәстүрге айналуы бұқаралық спорттың жанданғанын көрсетеді деп атап өтті.
Айта кетсек, «Elorda Aqparat» ұжымы өткен жазда, яғни «ВАQ Лиганың» екінші маусымында күміс жүлдегер атанған болатын. Сондай-ақ биыл жазда Сейдахмет Бердіқұл атындағы дәстүрлі республикалық турнирдің финалисі болды.
Сонымен ала жаздай журналис­тер қауымын ала доп­қа арбаған қызықты да тартысты футбол мерекесі де мәресіне жетті. Жарыстың негізгі ұйымдастырушысы «ВАQ Лига» жобасының жетекшісі Әзиз Жұмаділ мырзаға алғыс білдіреміз.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button