Басты ақпаратҚоғам

«Elorda Aqparat»-қа министр келді

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі «Elorda Aqparat» ЖШС-ке арнайы келіп, астаналық журналистердің жағдайын біліп, саланың ортақ мәселесін талқылады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында министр Дархан Қыдырәлі бірқатар өңірдің шығармашылық ұжымымен кездесіп, әріптестерімен емен-жарқын әңгімелесіп, аймақтағы журналистердің тыныс-тіршілігімен танысып жүргенін жақсы білеміз. Бас қаланың негізгі ақпарат құралдарын біріктірген медиахолдингке келуінен сондай сабақтастықты көрдік.

– «Elorda Aqparat» ЖШС иелігіндегі ақпарат құралдары бас қаланың ресми билігімен тығыз байланыста жұмыс істеп, халыққа сапалы қызмет көрсетіп келеді. Біздің басылымдар шығармашылық ұстахана ретінде белгілі. Журналист шығармашылық ізденісте жүретін интеллект иесі десек, компания қаламгерлерге жан-жақты жағдай жасауды қарастыруда, – деді ұжым басшысы Олжас Сыдықбек.

Қоғамның барлық саласына цифрландыру дендеп еніп, технология мен интернет жылдам дамыған уақытта дәстүрлі басылымдар қиындықпен бетпе-бет келді. Қазір шығармашылық ұжымдар газет-журналдарды шығаруда сараптамалық мақалалар мен журналистік зерттеулерге басымдық беріп, оқырманның талғамына сай жұмыс істеуде. Алайда басылым таралымы азайып, шығару шығыны көбейді. Нарық заңдылығына сай қағаз, тасымал, уақыт сынды құндылықтарды тиімді үйлестіре алған жаңа медианың дәурені жүріп тұр. Бұл – әлемдік тенденция. Министрдің газет өндірісіне мән беріп, бұл саланы қашанда қолдайтынын айтқаны көңілімізді жылытып, сенімімізді шыңдай түсті.

– Газеттің жұмысы өте ауқымды әрі жауапты. Тасқа басылған құндылықтың уақыт өткен сайын бағасы арта береді. Біз газет-журналдардың соңғы оқырманы қалғанынша қол­дауды тоқтатпаймыз. «Қазпочта» АҚ-пен меморандумға отырып, газет тарату ісіне сергек қарауға уағдаластық. Қағаз шығындарында да азайту бағытында жұмыс істеудеміз, – деді Дархан Қуандықұлы.

Астана қаласының тыныс-тіршілігі туралы жедел ақпарат таратып, жағымды жаңалықтың жаршысына, әлеуметтік мәселелердің таразысына айналған шығармашылық ұжым қызметкерлерінің еңбегін қалай дәріптесе де жарасады.

– «Elorda Aqparat» тәуелсіздікпен тұстас қалыптасып, Астана қаласының өсіп-өркендеуіне, рухани дамуына дем беріп келеді. Үлкен ұстаханаға айналған шығармашылық мектеп. Мұнда шығармашылығын шыңдап, елге танылған Талғат Батырхан, Бекен Қайратұлы, Қымбат Тоқтамұрат, Азамат Есенжол, Орынбек Өтемұрат және т. б. «Егемен Қазақстанға» ауысып, ел газетінде журналистік жолын жалғастырды, – деді Дархан Қыдырәлі.

Елдегі қоғамдық-саяси оқиғаларға журналистер белсенді араласып, елдіктің жолында адал еңбек сіңіріп келеді. 20 қарашада өткен кезектен тыс Президент сайлауында журналистер жедел жаңалық таратып, сараптамалық мақалалар жазып, саяси науқанның мән-маңызын дәріптеді. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі белсенді, білікті, беделді журналистердің елдік мұрат, ұлттық мүдде жолындағы еңбектерін атап, газет өндірісінің дамуына айрықша үлес қосып жүрген Ғалым Қожабековке, Лариса Увалиеваға және Гүлшат Сапар­қызына «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін табыстады.

– Астана қаласын басқарған әкімдердің ішінде бірінші рет Алтай Көлгінов редакцияға келіп, елордалық журналистермен арнайы жүздесіп, бірқатар қажеттілікті шешуге жәрдемдесті. Енді сала министрлерінің ішінде өзіңіз алғаш болып келіп тұрсыз. Бұл жыл осындай ерекшелігімен есте қалатын болды. Министрдің қолынан марапат алғанымызға қуаныштымыз! – деді «Астана ақшамы» газетінің қалыптасу кезеңінен еңбек етіп келе жатқан Ғалым Қожабеков.

Ал «Вечерняя Астана» газетінің бас редакторы Лариса Увалиева басылымдар күрделі кезеңді бастан өткізіп жатқанын, осындай кезде ресми биліктің қолдауы маңызды екенін атады. Сондай-ақ желіде фейк ақпараттар желдей ескен уақытта шынайы ақпаратқа сұраныс өскенін, ал ресми ақпарат көзі – газет екенін еске салды.

– Дұрыс айтасыз, қазір шынайылығы тексерілген ақпаратқа сұраныс жоғары. Қазір расталған ақпаратты жедел тарату маңызды болып тұр. Масс-медиа туралы жаңа заңда «ұлттық ақпараттық иммунитетті» қалыптастыру және дамытуға басымдық беріледі. Онда журналистердің мәртебесін көтеру, мемлекеттік қаржыландыруды реформалау, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жетілдіру, интернет-жарнаманы реттеу, басылымдарды құн салығынан босату, ақпаратқа қолжетімділікті арттыру секілді бірқатар артықшылық көзделуде, – деді министр.

Журналистердің құқығын нығайту және міндетін қайта қарау, сондай-ақ шығармашылық өкілдерінің артықшылығын кеңейтуді қарастыратын заңды журналистер қауымы асыға күтіп жүргені анық.

Дәстүрлі басылымның ішкі жағдайын терең түсінетін ­Дархан Қуандықұлы редакцияға келіп, шығармашылық өкілдерімен жылы сұхбат құрғанынан журналистер қауымы шабыттана түсті.

Журналистика саласында газетте қалыптасып, телеарналарда шыңдалып, баспасөз қызметінде халық пен биліктің дәнекері болған Гүлшат Сапарқызы:

– Мемлекетіміздің өркендеуі жолында жазған мақалаларымыз арқылы титтей болса да өз үлесімізді қоса алсақ, қарапайым халықтың жанайқайын, проблемаларын қозғап, халық пен билік арасындағы алтын көпір болып, тұрғындардың талап-тілегін жеткізе алсақ – мақсатымыздың орындалғаны. Осы бағыттағы еңбегімізді бағалағандарыңыз үшін алғыс білдіремін, – деді.

«Elorda Aqparat» ЖШС тарихында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі тұңғыш келуімен сипатталып, сақталатын болады.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button