Басты ақпарат

Елорда балалар үшін қауіпсіз бе?

Жазғы демалыс – мектеп оқушылары үшін сауық-сайран салып, жайбарақат жүретін шат-шадыман кезең. Әсіресе балалар көшеде жүруге, саябақта әткеншек тебуге, кешкі уақыттарда серуендеуге, түрлі ойын-сауық орталықтарына баруға әуес. Әрине, бас қалада балалар қауіпсіздігіне көп көңіл бөледі. Көмекке келушілер де сақадай сай тұрады. Десек те, қауіп аяқ астында. Ресми мәліметке сүйенсек, балаларға қатысты оқыс оқиғалар тұрақты (өткен жылы 48 және ағымдағы жылы 48). Сырттан қараған адамға елордада барлығы орнымен болғандай көрінеді. Бірақ іштегі кем-кетігіміздің де білініп жататыны рас.

[smartslider3 slider=3144]

Бала – болашағымыз. Жас буынның денсаулығы, білімі, қауіпсіздігі мен әлеуметтік жағдайы қашан да мемлекет назарынан тыс қалған емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2022 жыл Балалар жылы деп жарияланды. Иә, бала қауіпсіздігін сақтау – алдымен мемлекет тара­пынан шешілетін мәселе. Дегенмен, барлы­ғын бірдей билікке ғана тапсырып қойған тағы болмас.

Балалар қауіпсіздігін сөз қылғанда, назар аударатын бір мәселе – балалардың түнге қарай сейіл құруы. Кәмелетке толмағандардың ата-аналарының қарауынсыз бейқам жүргенін көргенде, отбасы тәрбиесі, ата-ана жауапкершілігі қайда деп қаласың?! 2022 жылдың басынан бастап Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғын үйлерінен тыс жерде болғаны үшін 800 заңды өкілді әкімшілік жауапкершілікке тартты. Осыған байланысты, «комменданттық сағат» енгізілгені бар. Яғни, түнгі 23.00-ден кейін балалардың сыртта жүріп-тұруына тыйым салынған. Алайда арқаны кеңге салып жүргендер де кездеседі. Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің мәліметі бойынша, жыл басынан бері балаларды тәрбиелеу бойынша міндеттерді орындамағаны үшін 115 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» екенін әсте ұмытпағанымыз жөн.

Абайсызда көлік астына жүгіретін жайттар да қалада аз емес. Ағымдағы жылдың басынан бас­тап қала аумағында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 14 ЖКО тір­келді. Осыған байланысты, Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бөлімінің басшысы Азамат Садықов балалардың жолдағы қауіпсіздігі туралы бірқатар іс-шаралардың жүзеге асып жатқанын айтады. «Балалардың жол-көлік жарақатының алдын алу және ескерту, сондай-ақ қала аумағындағы көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын бекіту мақсатында ағымдағы жылдың басынан бері «Абайлаңыз, балалар!» атты жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп келеді. Аталған бағыттағы жұ­мыстар жалғасуда және тұрақты бақылауға алын­ған». Іс-шара басталғалы бері полиция қызметкерлері «Сіздің жолаушыңыз – балалар» тақырыбында акция ұйымдастырып, мектеп және мектепке дейінгі білім беру ұйым­дарының өкілдерімен 150-ге жуық әңгімелесу мен дәріс өткізді.

Дей тұрғанымызбен, мәселенің анық-қанығын білу үшін Нұр-Сұлтан қа­ласының бірқатар көше­лерін аралап, қоғам пікірін сұрап көрдім. Сол жағалаудағы «Жетісу» саябағында ат­трак­ционның қызығы да, шыжығы да қатар. Ойын аттракциондардың балалар үшін қауіпсіздігі жайлы инженер Вячеслав Горлов былай дейді: «Жетісу саябағында қала тұрғындарына қыз­мет көрсету ісі қатаң қолға алынған. Арнайы механикалық құ­рылғыда төрт адам жұмыс істейді. Екі механик, элек­трик және инженер. Мысалы, «маятник» деп аталатын аттракцион қауіпсіздік жүйесінің күрделілігімен ерекшеленеді. Аталған әт­кеншекке отырған кезде келушілер орындыққа қарай ығысады. Яғни, әрі-бері шайқалмайды. Сондықтан, біздің саябақ балалар үшін толық қауіпсіз».

Алайда елордалық кей ата-аналар балаларының қауіпсіздігі үшін алаңдаулы көрінеді. «Қауіпсіз жер бар. Қауіпті жерлер де жоқ емес. Екі жақтан да қарасақ. Қаламыздағы барлық жер балаларым үшін қауіпсіз деп айта алмаймын. Мәселен, біздің аулада ескерту белгілері қойылмаған. Салдарынан бірнеше жағдайлар орын алды» дейді қала тұрғыны Серік Аманжан.

Ал 7-сынып оқушысы Алиасқар Дабаевтың айтуынша, бас қаламыз қауіпсіз. «Әдетте мен достарыммен серуендеп жүргенде, қауіпті жағ­дайларға ұрынбаймын да, көрмеймін де. Менің ойымша, біздің қаламызда қауіпсіздік мәселесі жақсы шешілген. Өзімнің көңілім толады».

Әлемдегі ең қауіпсіз елдер рейтингде 27-орынға жайғасқан Польша мемле­кетінде тәртіп басқа. Қоғам­ның кішкентай бөлшегі – балалар үшін жол қауіпсіздігі қатаң ба­қылауда ұсталады. Мәселен, аптаның бес күнінде мектеп жанындағы жаяу жүргіншілер жолында таңғы сағат 8.00-8.30-ға дейін қолында STOP белгісі бар, арнайы оқытылған адамдар кезекшілікте тұрады. Олар балаларға көлік ағынын тоқтатып, жолдан қауіпсіз өтуге көмектеседі екен.

Ендігі бір қызық, көпшілік жиналатын бұқаралық іс-шараларда балаларға міндетті түрде арнайы қағаз білезіктер тағылады. Әрі оған баланың аты-жөні мен ата-анасының телефон нөмірі жазылады. Осы арқылы баланың да, ата-ананың да көңілі жай. Себебі олардың емін-еркін, әрі қауіпсіз жүруін мемлекет қамтамасыз етіп отыр. Шет елдің мысалдарын саралай берсек, алар тәжірибе көп. Қазақи ұстанымымызға жағатыны да, жақпайтыны да бар.

Қала қауіпсіздігін қам­тамасыз етуде бірқатар цифрландыру жұмыстары жүзеге асырылған. Мәсе­лен, соның бірі – «Smart Astana» мобильді қосымшасы. Аталған қосымша қауіп­сіздік қызметтері, тәртіп сақшылары мен халық арасындағы байланысты нығайтуда тиімді. Осы секілді озық технологиялар қауіпсіз әрі ақылды астананың бой түзуіне ықпал етеді.

 Индира БЕРЖАНОВА, Л.Н. Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университеті студенті

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button