Елорда бедері: өзгеріс пен өсім
Жуырда Дүниежүзілік қалалық деректер кеңесі (WCCD) Астана қаласын 19 негізгі сала бойынша мұқият бағалаудан өткізген болатын. Нәтижесінде елордаға халықаралық «Silver» деңгейі бойынша сертификат табысталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
2014 жылы жасалған ISO 37120 стандарты 2018 жылы қайта жаңартылғанын білеміз. Әлемде 140-тан астам мегаполис ғана аталған стандартқа сәйкес келеді. Олардың ішінде Лос-Анджелес, Лондон, Дубай, Йоханнесбург, Варшава сынды қалалар бар. Енді Астана ресми түрде қоғамдастыққа қосылып, «Тұрақты қала» мәртебесін алып отыр. Елорда Орталық Азиядағы «Тұрақты қалалар мен қауымдастықтар – Қалалық қызметтер мен өмір сапасының көрсеткіштері» стандартына лайық деп танылған алғашқы шаһардың санатына енді.
Бұл – мүмкіндік пен мәртебе, себебі сертификат туризмді дамытуда, халықаралық инвестицияларды тартуда, әлемдік әріптестермен байланысты нығайтуда көмегі көп.
Бағыт: әлеует пен әлеумет
Биыл елорданың жеке табысы алғаш рет 1 трлн теңгеден асты. Әсіресе кәсіпкерлік секторындағы аяқалыс ауқымды. Шағын және орта бизнес елорда экономикасының 72,1%-на жеткен – республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Өзге өңірлерде бұл статистика 38,2%-дан аспайтынын ескерсек, салаға салынған инвестицияның ықпалы сезілетіндей.
Әрине, мұндай көрсеткіш халық санының көбеюіне әсер еткені анық. 1,5 миллионнан астам тұрғын инфрақұрылымға салмақ түсіріп, әлеуметтік нысандарды салуға итермелеуде. Мысалы, 11 айдың ішінде Астана қаласында 3,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, жыл соңында 4 млн шаршы метрге жетеді деген болжам бар. Оған қоса биыл 142 үйдің құрылысы аяқталып, шамамен 15,6 мың үлескер-отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілген болатын. Ал 2029 жылға дейін 206 апатты үйдің тұрғындарын қоныстандыру жоспарланыпты.
Осы ретте инженерлік инфрақұрылым бағытындағы бастамаларды назарда ұстау орынды. Мысалы, елорда билігі «Тельман» газ жылу станциясының құрылысын қолға алғанын білеміз, келер жылы «Оңтүстік-Батыс» газ жылу станциясының құрылысы басталады. Нәтижесінде 2035 жылға дейін қаланы жылумен қамтуда олқылық болмайды.
«Астана кейінгі екі жылда жылу беру маусымын жылу профицитімен өткізіп жатыр. 2023 жылы «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» жаңа газ жылу станцияларының іске қосылуының арқасында ЖЭО-3 бірінші кезегінің жылу қуаты 30%-ға ұлғайды. Бұл қаланың қажеттіліктерін толығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мысалы, қазіргі уақытта ауаның орташа температурасы -10, -15 градус болған кезде жылу генерациясының профициті сағатына 1200 Гкал құрайды, – деді қала әкімі Жеңіс Қасымбек.
Айта кетерлігі, кейінгі жылдары Астанада рекордты көлемде мектеп салынды. Биылғы оқу жылының өзінде 18 мектеп салынуға берілген. Олардың бір бөлігі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жүзеге асқан.
Оқу орындары қаланың барлық ауданында, соның ішінде тұрғын алаптарда да салынып жатыр. Мысалы, желтоқсан айында Үркер тұрғын алабында жаңа үлгідегі мектеп ашылды. Оқу орны екі ауысымда 4 мың оқушы орнына есептелген. Қазіргі уақытта №69 мектеп-лицейінде балалар үш ауысымда оқиды. Осылайша, жаңа мектепте жүктеме азаймақ. Жалпы 2024-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 24 мектеп салынады деп жоспарланған. Жоба жүзеге асса, 90 мыңға жуық оқушы жаңа мектепте білім алады дегенді білдіреді.
Инфрақұрылымда мін бар ма?
Елорда тұрғындары үшін айтулы жаңалық – жаңа автобустардың көбеюі. Биыл Астана қоғамдық көлік паркі 45%-ға жаңарды. Кейінгі екі жылда желіге 700-ден астам автобус қосылған. Келер жылы қоғамдық көлік паркіне тағы 300 автобус қосылады деген жоспар бар.
«Биыл жалпы ұзындығы 60 км болатын 50 көшеге орташа жөндеу жүргізілді. Әл-Фараби даңғылынан Тәуелсіздік даңғылына дейінгі көпірдің құрылысы аяқталды, бұл Мәңгілік Ел даңғылындағы көлік ағынының азаюына әсер етті, сол сияқты оң және сол жағалау арасындағы жылдам қозғалысқа септігін тигізді. Сондай-ақ жыл сайын қалаға жаңа автобустар жеткізіп, қоғамдық көлік паркін жақсарту бойынша жұмыс істейміз», –- деді Астана әкімі.
Осы орайда урбанист мамандар қала инфрақұрылымын әзірлеу барысында көлік кептелісі мен халық көп қоныстанған аймақтарға мониторинг жасау қажет деген пікірде.
«Астана мен Алматы – жаяу жүргіншілерге арналған қалалар. Қалған облыс орталықтары да жаяу жүргіншілерге бағытталған, себебі мұндай «қалалық жоспарлау» Кеңес Одағынан мұра екені түсінікті. Бірақ қазір қала кеңейді, халық көп шоғырланған аймақ қаладан алыс. Көбі көлікпен қала орталығына қатынауға мәжбүр. Ал көлік қозғалысы кептеліске әкеледі. Осы тұрғыдан қалалық инфрақұрылымды ойластыру маңызды, – деді урбанист Ахмет Ахметов.
Бұл бағытта қала әкімдігінен Кешенді көлік жүйесін дамыту стратегиясы әзірленгенін білдік. Бағдарламаның негізгі міндетінің бірі – қоғамдық көлікті пайдаланудың үлесін 71%-ға дейін арттыру. Бұл қарбалас уақытта қозғалыс жылдамдығын ұлғайтуға әрі кептелісті азайтуға мүмкіндік бермек.
Сонымен қатар ЛРТ құрылысы аяқталса, жүктеме жеңілдейтіні белгілі. Қазір эстакада бөлігінің құрылысы аяқталып, станцияларда темірбетон жұмысы мәресіне жеткен. Есіл өзені арқылы көпір салынып, 18 станцияның құрылысы жүруде, әкімдік 2026 жылдың соңына дейін жобаны толық аяқтауды жоспарлап отыр. Оның ішінде Қабанбай батыр даңғылы мен Қалдаяқов көшесінің бойындағы LRT эстакадасы астындағы аумақты абаттандыру қарастырылған.
Астананың халықаралық сертификат иеленуіне инфрақұрылымнан бөлек көгалдандырудың үлесі мол. Қаланы көгалдандыру жарғысына назар аударсақ, айтарлықтай жұмысты аңғаруға болады. Биыл қала мен «жасыл белдеу» аумағында 1 миллион жасыл желек отырғызылған. Олардың ішінде жергілікті климатқа бейімделген еуропалық ағаш түрлері де бар. Оның үстіне әрбір құрылыс салушыға дендропланды іске асыру, өз нысаны айналасындағы жасыл желектерді үш жыл бойы күтіп-баптау міндеті жүктелген. Онсыз әкімдік нысанды қабылдамайды.
«Биыл абаттандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Тәуелсіздік сарайының алдындағы «Қазақ Елі» алаңында жалпы ауданы 13 гектар аумақта кешенді абаттандыру жүргізілді, Жүргенов көшесінде жасыл бульвар ашылды. Сондай-ақ Алматы ауданында Ақбұлақ өзенінің жағалауы абаттандырылып, өткен жылы Ш.Құдайбердіұлы даңғылынан Абылай хан даңғылына дейін жұмыс жүргізілді. Биыл Абылай хан даңғылынан Амман көшесіне дейін көгалдандырылады», – деді елорда әкімі.
Сонымен қатар Ұлытау, Мыңжылдық аллеялары, Мәңгілік ел және Тәуелсіздік, Тұран даңғылдары мен «Керуен» және «Хан Шатыр» СОО жанындағы гүлзарлардың көркі кіргенін байқадық.
Астананың ендігі межесі – ISO 37122, яғни «ақылды» қала сертификатын алу. Бұл бағытта нақты жоспарлар әзірленген, цифрландырудағы басымдық та осы салада. Мәселен, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін «Smart City» жобасы қолға алынды. Зиятты бейнебақылау жүйесіне құрылған жоба жол қозғалыс ережесін бұзу, ситуациялық талдауды жасанды интеллект көмегімен шешеді. Алдағы уақытта аталған бастама аясында 22 мың камера мен 1200 жылдамдық өлшегіш орнатылатын болады.
Айта кетерлігі қазір елордада 3 мыңнан астам «Сергек» камерасы орнатылып, iKomek жобасы жүзеге асуда. Бұл қауіпсіздік пен жедел әрекет етуде таптырмас көмекке айналған.