Басты ақпаратҚала мен сала

Елорда бюджетінде ең маңызды мәселелер ескерілді

 Кеше Астана қаласы мәслихатының кезекті сессиясында әртүрлі бағыттағы 16 мәселе қаралды. Соның ішінде негізгілері елорданың 2025-2027 жылдарға арналған бюджетін бекіту және жастар саясатын жетілдіру, жастарды түрлі орталықтардың, бірлестіктердің, қоғамдастықтар мен қорлардың қызметіне белсенді тарту арқылы іске асырылатын жастар бағдарламаларының тиімділігін арттыру мәселелері болды. Отырысқа Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қатысты.

Бюджет жобасы жан-жақты қаралды

Алдағы үш жылдық бюджет бойынша қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айжан Түгелбаева баяндама жасады. Құжатты дайындауға қалалық мәслихат депутаттары белсенді қатысып, олардың ұсыныс­тары ескерілді. Қала басшысы Жеңіс Қасымбек сол үшін депутаттарға алғыс айтып, бюджет жобасы жан-жақты қаралғанын атап өтті.

– Бюджет – қала тіршілігін қамтамасыз ететін ең маңызды құжат. Соңғы екі айдың ішінде комитеттерде, жұмыс топтарында үлкен жұмыс атқарылды. Сол арқылы қалада көптен келе жатқан проблемалар шешімін тауып отыр. Бұл – тек әлеуметтік сала ғана емес, күнделікті қала өміріне байланысты  көптеген инженерлік мәселелер, қаланың әр тұрғынына өте маңызды жұмыстар. Жалпы бас қаланың экономикасы өзгеріп жатыр. Тарихта бірінші рет біз 4 триллион теңге көлемінде салық төлеп отырмыз. Оның 3 триллионы республикалық бюджетке, 1 триллионы қалаға құйылады. Әрине, бюджеттің негізгі бөлігі әлеуметтік салаға жұмсалады. Соның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, спорт, басқа да салалар бар. Және келесі жылы инфрақұрылымдық бірнеше жоба басталып, бірқатары аяқталады, – деді Жеңіс Қасымбек.

Мектептер көбейіп, мемлекеттік балабақшалар бой көтереді

Қала әкімі өз сөзінде қазір өте өзекті болып отырған мектептерді салу мәселесіне тоқталды. Биыл жыл аяғына дейін 24 мектеп тапсырылатынын, келесі жылы «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында тағы 9 мектепті тапсыру жоспарланғанын, бұған қоса, жергілікті бюджет қаржысына және инвесторлар есебінен орта білім беру ошақтары салынатынын атап өтті.

– Келесі жылы кемінде қосымша 30 мың оқушы орнына арналған мектептерді салу мақсатын қойып отырмыз. Биыл мемлекеттік балабақшалар құрылысын қайта қолға алдық. Соңғы 5-6 жылдың көлемінде бұл жұмыс тоқтап қалған еді. Алдағы үш айда әрқайсысы 250-300 орынға арналған 3 балабақшаны пайдалануға беруді жоспарладық. Аталмыш жобалар «Пригородный» тұрғын алабында, Әйтеке би көшесінде, қаланың басқа аудандарында іске асырылып, жалғасын табады, – деді Жеңіс Қасымбек.

Спорт және медицина нысандары салынады

Қала басшысы Қ.Мұңайтпасов стадионы, «Қазақстан» спорт кешені секілді тұралап қалған нысандар мәселесі алдағы үш жылдық бюджетте көрсетіліп, шешімін тапқанын, аты аталған стадионды келесі жылы пайдалануға беру, ал спорт кешенінің негізгі құрылысын аяқтау жоспарланғанын айтты.

– Бұл бюджетте көптеген медициналық нысандар бойынша жұмыстарды бастап, жалғастыру көрсетілді. «Самұрық-Қазына» АҚ, республикалық бюджет есебінен ірі жобалар іске асырылады. Атап айтқанда, №3 көпсалалы аурухананың құрылысы басталады. Перинаталды орталық бойынша келесі жылы негізгі жұмыстар атқарылады. Теміржол ауруханасына қаржы салдық. Биыл оны күрделі жөндеуді бастадық. Келесі жылы аталмыш нысанға қомақты қаржы бөлінді. Алдағы жылы мемлекеттік емхана құрылысын бастаймыз ба деп отырмыз, – деді қала әкімі.

Жаңа автобустар сатып алу жалғасады

Жеңіс Қасымбек қоғамдық көлік паркін көбейту жұмысы жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы 1,5 жылда 700 жаңа автобус сатып алынды. Келесі жылы бұл жұмыс жалғасып, тағы 300 автобус әкелінеді.

– Қала халқы артқан сайын қоғамдық көлікпен қамтудың маңызы да артып отыр. Егер қоғамдық көлікті дамытпасақ, жекеменшік парк алға шығады. Ал бұл жолдарда кептелістің көбеюіне әкеледі, – деді қала басшысы.

Жолдарды жөндеу көлемі кемімейді

Инфрақұрылымды дамыту бойынша келесі жылдың жоспарларына тоқталған әкім алдағы жылы жөнделетін жолдардың көлемі биылғыдан кем болмайтынын жеткізді.

– Осы жылы елордада өте көп халықаралық іс-шаралар өтті. Сондықтан биыл жөнделген жолдардың көлемін былтырғымен салыстырғанда айтарлықтай көбейттік, – деді Жеңіс Қасымбек.

Жылу қуаты артады

Шаһар басшысы қалаға жылу беру көздерінің де көбейіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, биыл «Тұран» стансасының құрылысы аяқталады, жақын 2-3 жылдағы маңыз­ды жоба болғандықтан, «Тельман» газ-жылу стансасы бойынша жұмыс белсенді жүргізіледі. Сондай-ақ үш локальді  тазарту стансасы бойынша жұмыс басталады. Оның біріншісі өндірісті аймақта болса, қалғандары «Лесозавод» пен «Көкталда» орналасқан. «Тұран» стансасынан «Жағалау» шағын ауданы, Ш.Айтматов көшесіне қарай желі тартылады.

– Бұл үш жылдық бюджеттің ерекшелігі – әлеуметтік саланың 90 пайыз қажеттілігін қамтамасыз етеміз. Биыл бюджетті нақтылау 5 рет жүргізілді. Өткен қараша айында газдандыру, қоғамдық көлікпен қамту мәселелерін тиянақтадық, – деді Жеңіс Қасымбек.

Ірі жобаларға тоқталған қала әкімі Тәуелсіздік көшесінің құрылысын бастау жоспарланғанын атап өтті. Бұл жұмыс жаңа көпірден басталып, «Пригородный» тұрғын алабын көктей өтіп, әуежайға дейін жалғасады.

– Сол арқылы Қабанбай батыр, Тұран, Мәңгілік ел даңғылдарындағы кептеліс мәселесін шешеміз. Н.Тілендиев даңғылындағы жолайрық салу мәселесі де шешімін табады. Бұл 5-6 жыл тұрып қалған жоба еді. Келесі жылы жолайрықты іске қосамыз. Жалпы мұндай жобалар аз емес, – деді қала әкімі.

Келесі жылы ел LRT игілігін көреді

LRT құрылысына тоқталған қала басшысы биыл оның эстакадалық бөлігінің құрылысы аяқталғанын атап өтті. Келесі жылы нысанды толығымен аяқтау жоспарланған.

– Қазір рельс құрылғыларының алғашқы шақырымдарын жаңа теміржол вокзалы аумағында салып жатырмыз. Бұл жұмыс қыс мезгілі бойы жалғасады. Келесі жылдың қыркүйек-қазан айларында пойыздар жүре бастайды деп отырмыз, – деді Жеңіс Қасымбек.

Қала әкімі 2-ЖЭО-дағы 7-8 қазан­дықтар туралы айта келе, бұл алдағы жылдары елорданы жылумен қамтудағы аса маңызды жоба екенін айтты. «Нұра» суағарының, «Тельман» тұрғын алабынан ЖЭО-ға қарай техникалық суағардың құрылысы басталатынын атап өтті. Келесі жылы ірі жоба кәріз-
тазарту стансасы (КОС-2) салынатынын жеткізді.

Тұрғын үймен қамту тиянақты

Жеңіс Қасымбек биыл үлес­керлердің негізгі мәселелері шешілетінін, келесі жылға қалған аяқталмаған нысандар тұрғын үй кезегінде тұрғандарға арналатынын атап өтті.

– Тұрғын үй кезегінде тұрғандар мәселесі шешіліп жатыр. Бюджетке тиісті қаржы салынды, – деді қала әкімі.

Жастармен жұмыс – ерекше бақылауда

Жастар саясатын жетілдіру жұмысы бойынша қала әкімінің орынбасары Есет Байкен баяндама жасады. Оның мәліметінше, қазір елордада 14-34 жас аралығындағы 456 мың адам тұрады. Оның 313 мыңы оқу оқып, жұмыспен қамтылған, 12 мыңы – ешқайда оқымайтын, жұмыс істемейтін жастар.

– Жастардың өзекті мәселелерін зерттей келе, елордалық жастар үшін бірінші орында экономикалық сипаттағы мәселелер тұр. Бұл – тұрғын үй, материалдық қиындықтар, жұмысқа орналасу және еңбекақы мәселелері. Екінші орында – мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындардағы білім сапасы. Үшінші орында – психологиялық мәселелер, яғни болашаққа деген сенімсіздік, депрессия және тағы басқалар. Бұл, негізінен, қаланың қарқынды өсуімен, халықтың, әсіресе жастар мен орта жастағылардың көптеп келуімен және туу көрсеткішінің жоғары болуымен байланысты, – деді Есет Байкен.

Қала әкімінің орынбасары осы мәселелерді шешу үшін қолға алынған жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқталды. Соның ішінде шаһар әкімдігі 2024-2026 жылдарға арналған «Елорда жастары» бағдарламасын басшылыққа алғанын атап өтіп, оның ең маңыздыларын баяндады. Атап айтқанда, қолжетімді және сапалы білім беру, кәсіби бағдар беру, жұмыспен қамту, жастар кәсіпкерлігі, тұрғын үймен қамту, жас отбасыларды қолдау, азаматтық қатысу мен жастарды әлеуметтендіру бағыттары бойынша жұмыстармен таныстырды.

– Қаладағы жас тұрғындардың қарқынды өсуін ескере отырып, жастармен жұмыс қала басшылығының ерекше бақылауында тұр және жоғары деңгейде жалғасатын болады, – деп түйіндеді баяндамасын Есет Байкен.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button