Елорда күні

«ELORDA CUP-2022»: керемет жекпе-жектер көрдік

Нұр-Сұлтан қаласындағы Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында бокстан өткен «Elorda Cup» халықаралық турнирі мәресіне жетті. Елорда күні мерекесіне орай ұйымдастырылған халық­аралық жарыста Қазақстан боксшылары жақсы бабында екені көрінді.

[smartslider3 slider=3422]

 

Шаршы алаңда алты күн бойы өткізілген жекпе-жектер жанкүйер қауымның делебесін қоздырып, қанын қыздырғанын аңғардық. Олай дейтініміз, бұл турнирге Қазақстан ұлттық құрамасының бірінші, екінші және үшінші нөмірлі боксшылары түгелдей қатысты. Сонымен қатар Куба, Өзбекстан, Жапония, Үндістан, Қытай, Моңғолия және Қырғызстан спортшылары да жарыстың көрігін қыздырғаны сөзсіз.

Екі жылдай пандемия салдарынан ірі жарыс­тарды көрмей қалған қазақ жанкүйері үшін «Elorda Cup» турнирі шын мәнінде спорттың үлкен мерекесіне айналғандай болды. Бұл ретте Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанкүйерлерді жарысқа тегін кіргізуге шешім қабылдағаны көпшіліктің көңілінен шыққанын айтуымыз керек.

Ал енді жарыстың нәтижесіне келсек, ­Олимпиада ойындарының жүлдегерлері мен әлем чемпиондары қолғап түйістірген турнирде шын мықтылар топ жарғаны сөзсіз.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Ракишев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев, Нұр-Сұлтан қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, Олимпиада ойындарының және әлем чемпиондары Данияр Елеусінов, Болат Жұмаділов, Әділбек Ниязымбетов, Мерей Ақшалов, Қайрат Ералиев және басқа белгілі спорт саңлақтары медальдар мен қаржылай сыйлықтар табыс етті.

Мерей Ақшалов, Қазақстанның бокстан мемлекеттік ­жаттықтырушысы:

– Бұл жарыс біздің боксшылар үшін өте пайдалы болды деп ойлаймын. Құраманың барлық боксшыларын қатыстырдық. Соңғы әлем чемпионатында жүлдегер болған жігіттер түгелдей жекпе-жекке шықты. Әрине, жастарды да сынап жатырмыз. Сондай-ақ жапониялық және кубалық әлем чемпиондары да бақ сынады. Өздеріңіз көргендей, керемет жекпе-жектердің куәсі болдық. Ең бастысы, елордамыздың тойына арналған турнир қонақтардың да, жанкүйерлердің де көңілін көтерген сияқты.

Емелиано Фируру Альварес, Куба құрамасының жаттықтырушысы:

– Жарыстың өткізілу деңгейі өте ұнады. Мықты боксшылар жиналыпты. Қазақстанның астанасында бірінші рет болуым, сол жағалаудағы ғимараттар әдемі. Бірақ қалада адамдар аз жүреді екен, дегенмен олар көңілді болып көрінді.

Нигина Уктамова,  Өзбекстан құрамасының мүшесі:

– Чемпион болғаныма қуаныштымын. Турнир өте жоғары деңгейде ұйымдас­тырылды деп айта аламын. Өте мықты боксшылар жиналды. Қазақстанның астанасы әдемі екен, соған көзім жетті.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button