Елорда тынысы

Елорда экологиясы қайтсе жақсарады?

Бас қала экологиясын негізінен жылдың суық мезгілдерінде жылу-энергия орталықтарынан және жеке сектордан шығатын түтінмен қатар автокөліктердің түтіні ластап отыр. Жуырда Астана қаласы мәслихатының құрылыс, экология, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында бұл туралы баяндаған қалалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Бердалин осы бағыттағы жұмыстарға тоқталды.

Оның айтуынша, Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, қазір елордада 1,4 млн адам тұрады. Ал автокөліктің саны – 420 мың. Осы жылдың жартыжылдық қорытындысын былтырғы осы кезең қорытындысымен салыстырғанда қаланың ластану деңгейі 6,2 пайызға төмендеді. Бұған кейбір автокөліктердің және ЖЭО-лар мен аудандық қазандықтардың жартылай газға ауыстырылуы, қаланың газдандырылуы оң әсерін тигізді.

– Дегенмен, соңғы бес жылда елордада көліктің саны 20,2 пайызға артты. Соның ішінде жеңіл автокөлік 19,5 пайызға, жүк көліктері 24,1 пайызға, автобустар 2,9 пайызға, тіркемесі бар көліктер 35 пайызға және мотоциклдер 63 пайызға көбейді. Жеке тұлғалар тіркеген автокөліктер 26 пайызға көбейіп, заңды тұлғалар тіркеген көлік керісінше 8,1 пайызға азайды. Соңғы үш жылда автокөліктердің қаланы ластау деңгейі жоғары болып тұр. Мәселен, 2021 жылы жылына 55 мың тонна болса, 2022 жылы 54 мың тонна болды, ал биылғы алты айда 27 мың тоннаға жетті. Бұған автокөліктердің көбеюі ғана емес, қала көшелеріндегі кептеліс кері әсер етуде. Қазір Лондон тәжірибесіне сүйеніп, бензин мен дизельмен жүретін, ластау көрсеткіші жоғары көліктерді қалаға кіргізуді шектеу мәселесі қаралып жатыр, – деді Е.Бердалин.

Баяндамашының сөзінше, қалада электрмен жүретін көліктерді көбейту жұмысы жүргізіліп жатыр. Қазір елордада мұндай көліктің саны – 560. Ал электрді толтырудың 51 стансасы бар. 2019-2020 жылдары әлеуметтік маңызды бағдарлар үшін 100 электроавтобус, биыл 20 осындай көлік сатып алынды.

– Жалпы қала экологиясын жақсарту үшін коммуналдық мекемелер де мүмкіндігінше электркарларға ауысу керек деп есептеймін, – деді Е.Бердалин.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button