Жаңалықтар

Елорда экологиясы

Астана қаласын тазалау, абаттандыру, көгалдандыру бойынша 10 сәуір мен 10 мамыр аралығында өткен  экологиялық айлықтың қорытындысы шығарылды.

Елорда тұрғындары көшесі тазаның көңілі таза болатынын санасына сіңіргелі қашан. Соның бір көрінісі жылына екі мезгіл өткізілетін тазалық айлығынан да айқын аңғарылады. Астанаға деген жылы сезімін білдіргісі келетін әр тұрғын жыл сайын күрек-кетпендерін қолдарына ұстап, тазалық айлығына шығады. Бүгінде сенбілікке қатысушылардың қатары да арта түскен. Қала әкімдігінің берген мәліметіне сүйенсек, осы жолғы экологиялық айлыққа елорда бойынша 134 675 адам қатысқан. Соның ішінде Алматы ауданы бойынша – 69 902, Сарыарқа ауданы бойынша – 41 115 және Есіл ауданынан – 23 658 адам. Оларға көмекке келген техниканың күші де аз емес. Барлығы 519 жүк тиегіш көлік пен 1223 жүк техникасы жұмылдырылған.

Сенбілік кезінде елорданың сани­тарлық жағдайына ғана емес, көгал­дан­­ды­­ру ісіне де айрықша көңіл бөлінді. Қаланың көрікті болуына жайқалған жасыл тал-теректің де үлесі бар. Сондықтан келешекте елорданы жасыл желегі жайқалған әсем шаһарға айналдыру міндеті тұр. Осы жолғы көктемгі тазалық айлығында бас ордада Арқаның ауа райына төзімді 5 073 ағаш, 1202 көшет отырғызылды. Бұлар әлі-ақ жайқалып, айналамыздың ажарын айшықтай түсері анық.

Көптің ісінде береке бар. Кәрі-жас демей, еңбек майданына біркісідей жұмылған көпшіліктің арқасында Астана айнадай жарқырады. Көшелер мен тұрғын үйлердің айналасы күл-қоқыстан тазаланып, ғимараттардың іші-сырты, терезе есіктерінен тартып, мұнтаздай жуылды. 22 мыңнан астам шарбақ қайтадан қалпына келтіріліп, 2300-ден астам көше шамдары шаң-тозаңнан арылды, 5 мыңнан астам ағаштың түбі әктелді.

Сенбілікке белсене атсалысқан тұр­ғын­­дардың күшімен қаладан 7 571 тонна қоқыс шығарылды.

Қ.НҰРҒАЛИ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button