Жаңалықтар

Елорда экологиясына қамқорлық қажет

есилов

Қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық қауіпсіздік  мәселелері талқыланды. 

Қоршаған ортаны қорғау – қазіргі кездегі өткір мәселе­лердің бірі. Жыл өткен сайын елорданың экологиялық ахуалы төмендеп, атмосфераға шығарылатын қалдықтардың көлемі артып отырғанын тілге тиек еткен Астана қаласы Табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқа­рушы Әділбек Сәрсембаев оның бірнеше себебін атап өтті. Солардың бірі –Астана көшелерінде автокөліктер санының өсуі. Сонымен бірге өндiрiс орындарынан шыққан қалдықтар, тұрғын үй және басқа да ғимараттарды жылытуда қатты отын – көмірді пайдалану да ауаны ластайтыны белгілі.
Атмосфераға шығарылатын осындай зиянды қалдықтарды азайту үшін алдағы уақытта кейбір қазандықтар газды пайдалануға көшірілмекші. Бұл ретте елорда маңына ағаш-талдарды көптеп отырғызудың, сондай-ақ қоршаған ортаның жағдайын тексеріп отыратын стансалық бекеттер санын көбейтудің де маңызы зор. Осы жөнінде баяндай келе, елордалық экология депар­таменті бас­шысының міндетін атқарушы Абзал Егем­бердиев тұрғындардың тұрмыстық қалдықтарды тиісті орнына тастамай, қалай болса
солай лақтыра салатынын, кей­бір автокөлік жуатын орындарда санитариялық талаптардың өрескел бұзылуына жол беріліп жатқанын жеткізді.
Жыл басынан бері бас қалада 1,8 миллион жарық бергіш лампа жиналып, зарарсыздандырылса, олар үшін 297 контейнер қойылған.
Талқыланған мәселеге орай депутаттар С.Богатырев, М.Шекенов, Т.Оразақов және тағы басқалар пікір білдіріп, Астананың ауасын ластамау үшін жолаушылардың қоғамдық көліктерді көбірек пайдалануын, қалада газдың жеткіліксіздігін және паркинг мәселесін алға тартты. Отырысты қоры­тын­дылай келе, қалалық мәсли­хаттың хатшысы Сансызбай Есілов елорда экологиясына жауапты мекемелерді бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button