Басты ақпаратЕл тынысы

Елорда – экономикалық драйвер

Отанымыздың жүрегіне, тәуелсіздігіміздің тірегіне баланған Астана бүгінгі таңда ел экономикасының драйверіне де айналып отыр. Бас қаланың жалпы өңірлік өнімділігі 4,1 пайызға өсіп, 4 триллион 753 миллиард теңгені құрады. Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде елорданың биылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек баяндады.

Орталық коммуникациялар қызметінде Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.  Елдің өзге өңірлері елордаға қарап бой түзейді. Сондықтан Астана қаласы өз тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық тұрғыда кемелденуінде дұрыс бағыт-бағдар алып, өзгелерге үлгі көрсетуі тиіс. Сонда ғана елорда мен ел біртұтас ілгерілеп, өркендеудің даңғыл жолына түседі.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ БАР

– Астана – елдің экономикалық драйверіне айналды. Мұны елорданың әлеуметтік-­экономикалық көрсеткіштерінен аңғаруға болады. Жалпы өңірлік өнім 4,1 пайызға өсіп, 4 триллион 753 миллиард теңгені құрады.

Әрине, бас қаланың экономикалық тұрғыда ілгерілеуінде шағын және орта бизнес оң серпінге ие болып, жаңа жұмыс орындары құрылып, бастысы, инвестиция тарту деңгейі артқанынан көруге болады. Нақты дерекке сүйенетін болсақ, инвестиция көлемі 4,7 пайызға өсіп, шамамен 1,3 триллион теңгені құрады. Ал белсенді кәсіпкерлік субъектілерінің саны 14,6 пайызға өсіп, 230 мыңнан асты. Бөлшек тауар айналымының көлемі 9,4 пайызға өсіп, шамамен 2,2 триллион теңгеге жетті, – деп бастады баяндамасын Жеңіс Қасымбек.

Елорданың сәулеттік келбеті көркейіп, өркендеп өсуінде құрылыс саласы шешуші рөлге ие, тіпті экономиканың негізгі драйвері саналады. Мәселен, құрылыс жұмыстарының көлемі 4,9 пайызға өсіп, 3,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Әкім осы бағыттағы жұмыстарды да ұмыт қалдырмай:

– Биыл жеңілдетілген мемлекеттік бағдарлама бойынша азаматтардың әртүрлі санаты үшін 5200 пәтер беру туралы міндет қойдық. Оның ішінде жетім балалар, көпбалалы аналар, әлеуметтік осал азаматтар, сонымен қатар жұмыс істейтін жастар. Қазір құжатты рәсімдеу бойынша тиісті жұмыстар жүруде. Келесі жылдың басында кезекте тұрғандар өз үйіне кіреді, – деп жағымды жаңалығымен бөлісті.

ОҢТАЙЛЫ ШЕШУ ЖОЛЫН ІЗДЕЙМІЗ

Бас қаланың басшысы әр саладағы ілкімді істермен бірге, негізгі мәселелерді жасырмай, оларды шешу жолын талдады.

– Реновация бағдарламасы бекітіліп, 2029 жылға дейін 206 апатты үйден 4710 тұрғын үй иесін көшіру жоспарланды. Алғашқы 3 апатты үйдің тұрғындары көшірілді. Астана қаласында тығыз салынған тұрғын үйлер қазірдің өзінде бірқатар мәселені алдымызға шығарды. Қала тұрғындары наразылық білдіріп, жедел шешімді талап еткен 20-дан астам нысан болды. Соған сай қаланың бас жоспарына егжей-тегжейлі өзгеріс енгізілді. Барлық шешім қала белсенділерінің қатысуымен қабылданды. Тығыз құрылыс объектілері аумағында мектеп, білім беру орталықтары мен денсаулық сақтау мекемелері сынды 8 әлеуметтік нысан және 9 қоғамдық кеңістік салу жоспарланды. Қалған нысандар бойынша сот шешімін күтіп отырмыз, – деді қала әкімі.

Бұған дейін газетімізде жосықсыз құрылыстың зардабы мен залалы туралы жан-жақты сараптап, бірнеше мақала берген едік. Әкім тұрғындардың өтініш-тілегіне назар аударып, жосықсыз құрылыс жүргізуді заңды тұрғыда шектеп, ендігі уақытта құрылыс компаниялары әлеуметтік инфрақұрылым жүргізбей, тұрғын үйлерді салуға рұқсат бермейтінін айтты. Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы осылай жүзеге асса керек-ті.

– Жыл басында 4 мыңнан астам үлескердің баспанасын қамтыған 16 проблемалық нысан анықталды. Бүгінде 3,6 мыңға жуық салымшы пәтер кілтін алды. Келер жылдың бірінші жартыжылдығында қалған үлескерлерге пәтер кілті табысталады.

Енді инженерлік инфра­құрылым бойынша тоқталсам, елорданың жаңа аудандарын жылу энергиясымен қамтамасыз ететін №3 ЖЭО төртінші қазандығы және Тұран және Оңтүстік-Шығыс газ жылу станция­сы іске қосылды.

2024 жылы қаланы тағы 5 жыл бойы жеткілікті жылумен қамтамасыз ететін Тельман газ-жылу стансасының бірінші кезеңін мен Тұранның стансасының екінші кезеңін пайдалануға беру жоспарланды, – деді бас қаланың басшысы.

2022 жылғы жылыту мау­сымында 432 Гкал жылу тапшылығы болды. Биыл үш жылумен жабдықтау нысанының құрылысы аяқталғандықтан, жағдай керісінше, профицитке шығып тұр. Іске қосылған №3 ЖЭО қалаға сағатына 440 Гкал береді. №3 ЖЭО сол жағалаудың бір бөлігін және жаңа салынып жатқан аудандарды жылумен қамтиды.

СУ ТАПШЫЛЫҒЫ БОЛМАЙДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында суды тиімді пайдалану және ресурс ретінде бағалау саясатын жүргізуді тапсырды. Озық елдерде адамның өмір сүру сапасы – ауызсудың сапасымен өлшеніп, керек болған жағдайда, Антарктидағы мұздықтарды ауызсу ретінде тұтынуға жағдай жасайды. Яғни бірінші кезекте халқына сапалы сумен қамтамасыз етуді басымдық етеді. Тіпті тұрмыс­тық және ауыл шаруашылығы секторына керекті суды тиімді пайдалану жолын қарастырып, қолда бар су ресурсын қорғап, оны цифрлы технологияны қолдану арқылы өндіріп, тасымалдау тәсілін жаңғыртуды және үнемдеуді жолға қояды.

Ел бойынша 90-95 миллиард текше метр жерасты су қоры бар десек, оның 55-60 пайызы өзен-көлдермен тікелей байланысты. Қазақстандағы судың 42 пайызы трансшекаралық өзендер – Жайық, Ертіс, Іле, Талас, Сырдария өзеніне тиесілі. Олар басын Ресей, Қытай және Орта Азия елдерінен алады. Ал, Астана қаласына таудағы мұздықтар да, ағынды өзендер де тән емес. Сондықтан елорданың даму перспективаларын ескеріп, су мәселесін шешу өте өзекті. Қала әкімі осы бағыттағы жұмыстарды айтты.

Биыл жаз айларында қалада су тапшылығы орын алғаны белгілі. Әкім келесі кезекте ауызсуды шешу бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

– Қалада тұрғын үй санымен бірге, қала халқының саны артып, жыл сайын 50-60 мың адамға көбеюде. Соған сай суды тұтыну көлемі артуда. Мұның әсерін жаздың басында сезініп, су тапшылығы орын алды. Мәселені шешу үшін маусым айында Астана су қоймасынан қосымша құбыр желісі іске қосылды, бұл тәулігіне қосымша 90 мың текше метр су береді. Үшінші сорғы-сүзгі стансасының құрылысы аяқталды. Қазір елордада су тапшылығы жоқ. Келешекте су тапшылығы болмау үшін су құбырының екінші желісін тарту жұмысы жүргізілуде. Нұра жерасты суы кен орнының су құбырын жобалау, сондай-ақ Тельман сорғы стансасын кеңейту жобасы аяқталуда. Бұл жобалар 2030 жылға дейін қаланы тұрақты сумен қамтамасыз етуге жетеді, – деді Жеңіс Қасымбек.

КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ДАМИДЫ

2000 жылы Астана қаласында 381 мың тұрғын болса, арада 20 жыл өткенде халық саны 1 миллионнан асты. Нақты айтатын болсақ, 2020 жылы 1 миллион 160 мыңға жетті. 2021 жылы – 1 миллион 212 мың, ал 2023 жылы 1 миллион 354 адамға жетті. Алдағы 10 жылда елордалықтар саны 2  миллион 300 мың адамға дейін өседі деп күтілуде. Адам санымен бірге автокөлік саны да артатыны белгілі. Сондықтан жол инфрақұрылымын талапқа сай дамыту, қоғамдық кеңістіктер құру сынды мәселелер бірінші орынға шығатыны анық. Адами капитал әрбір мемлекеттің ұлттық байлығына айналған кезде, қала тұрғындарына ыңғайлы жағдай қалыптастыру маңызды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласын дамыту туралы кеңесте осыны ескерткен еді.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Бірыңғай көлік жүйесін дамыту стратегиясы әзірленді. Яғни жол қауіпсіздігін жақсарту, автокөлік кептелісін азайту және көлік қозғалысының қоршаған ортаға әсерін төмендету міндеті тұр. Биыл 72 көшеге орташа жөндеу жұмысы жүргізілді. Әл-Фараби даңғылынан Тәуелсіздік даңғылына дейін жаңа көпірдің ашылуы Түркістан, Ақмешіт және Мәңгілік ел көшесіндегі көлік ағымын 15 пайызға төмендетті. Келесі жылы Тәуелсіздік даңғылын Қабанбай батыр даңғылына шығатын тұсына дейін ұзартамыз. Айтматов көшесінің ашылуы Сығанақ көшесі мен Ұлы дала даңғылының аралығындағы Тұран даңғылындағы көлік кептелісін айтарлықтай азайтып, көлік жүктемесін 12 пайызға дейін қысқартады. Кенесары мен Қорғалжын тас жолын байланыстыратын жаңа көпірдің құрылысы келесі жылы басталады. Сонымен қатар, кіші айналма жолдың құрылысы жүргізіледі, – деді Жеңіс Махмұдұлы.

АВТОБУС САНЫ АРТТЫ

Астана қаласы Полиция департаментінің дерегіне қарағанда, 2019 жылы 264 мың автокөлік тіркелсе, 2023 жылы мамыр айында көлік саны 420 мыңға жетті. Бұған іргелес ауылдар мен аудандардан келіп жұмыс істейтін мыңдаған адамды және қонақ ретінде келіп-кететін жүздеген жүргізушіні қоссаңыз, бас қалада күнделікті 700-800 мың автокөлік жүреді. Екінші жағынан, қала тұрғындарының басым көпшілігі қоғамдық көліктерді тұтынады. Бұл – көшелерді кеңейтіп және көпірлер салумен қатар, автобус санын арттырып, жаңа бағыттарды ашудың маңызын көрсетеді.

– 2023 жылы 6 жаңа бағыт іске қосылып, 400 жаңа автобус сатып алынды. Соның нәтижесінде көлік паркінің 30 пайызын жаңарттық. Біз мұнымен тоқтап қалмай, 2024 жылы қоғамдық көліктер паркіне тағы 200 жаңа автобус қосамыз.

Қоғамдық көліктермен бірге қоғамдық кеңістіктер санын арттыру маңызды. Бұл – Президенттің тікелей тапсырмасы. Биыл 165 қоғамдық және аулалық аумақтарды абаттандыру жұмысы аяқталды. Оның ішінде 45 жасыл аймақ, оның ішінде екі саябақ, 10 сквер бар. 33 қоғамдық кеңістік құру, «жасыл белдеу» қалыптастыруда 1 миллионға жуық көшет отырғызылды.

2024 жылы Бейбітшілік және келісім сарайының артындағы саябақты қайта жаңғыртуды, Есіл өзенінің бо­йында тақырыптық аймақ­тар құруды, Мәңгілік ел даңғылын кеңейтуді жос­парлап отыр­мыз.

Бірыңғай абаттандыру тұжырымдамасы аясында Урбанис­тика орталығымен бірлесіп, Астана қаласын абаттандырудың хартиясы әзірленді. Бұл құжат құрылыс салушылар мен жылжымайтын мүлік иелеріне арналған абаттандыру ережелерін қамтитын ережелер жиынтығын қамтиды, – деді шаһар басшысы.

ӘЛЕУМЕТТІК САЛА – НЕГІЗГІ БАСЫМДЫҚ

Өзге өңірлерді қайдам, ел орталығында мектептердің сыйымдылығы мәселеге айналды. Қазір қалада 8 мектеп үш ауысымда жұмыс істейді. Осы мәселені шешуге бағытталған жұмыстарды қала әкімі Жеңіс Қасымбек былай түсіндірді:

«Биыл 7 мектеп пайдалануға берілді. Тағы 5 мектептің құрылысы аяқталуға жақын. 2024 жылы 25 мектептің құрылысы жоспарланды. Атап айтқанда, жекеменшік – 3, мемлекеттік – 7 және «Жайлы мектеп» жобасымен 15 мектепті қамтиды.

Жалпы «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 90 мың оқушыға арналған 24 мектеп салынады. Оның 15-і қарқынды дамып келе жатқан Есіл және Нұра аудандарында орналасады. Осылайша, 2028 жылға дейін екі ауысымда 200 мыңға жуық оқушы орнына арналған 80-нен астам мектеп салу жоспарланды.

Бүгінде инвесторлардың қаражаты есебінен 16 жекеменшік балабақша салынуда, сондай-ақ 2029 жылға дейін 60 мемлекеттік балабақша салу жоспарланды. Бірінші кезең аясында 2025 жылы жергілікті бюджет және мемлекеттік-­жекеменшік әріптестік қаражаты есебінен 10 балабақша салу жоспарланды».

Оқушылар сарайы – бала­лардың өнерге, ғылымға, технологияға және спортқа қызығушылығын арттыратын алаң. Сондықтан мектеппен бірге оқушылардың қабілетін шыңдайтын орталықтар ашу керек-ақ. Астана қаласының әкімі 2029 жылға дейін жергілікті бюджет және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 15 заманауи Оқушылар сарайын салуды жоспарлапты. Биыл Тұран даңғылында «Сана» оқушылар сарайы пайдалануға берілсе, алдағы жылы қаланың әр ауданында 5 Оқушылар сарайының құрылысы басталады.

Тағы бір мәселе – медицина инфрақұрылымын дамыту. Бұл бойынша 2024-2027 жылдар аралығында 12 нысан салынады. Оның ішінде 2 перинаталдық орталық, 2 жаңа заманауи көпсалалы аурухана (оның 1-еуі – балалар ауруханасы), 3 мемлекеттік және 5 жеке емхана салынады.

25 МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

Халықаралық еңбек ұйы­мының «Жаһандық жұмыспен қамту және әлеуметтік ­перспективалар: 2023 жылғы трендтер» баяндамасына сәйкес, 2022 жылдың аяғында дүние жүзінде жұмыссыздар саны 205,2 млн адамды құрады. Халықаралық ұйым бұл көрсеткіш 2023 жылы тағы 3 миллионға артқанын мәлімдеді. Яғни әлем елдерінде жұмыссыздықты шешу – өзекті мәселе. Бұл еңбек мигранттарының ағымы қалыптасуға әсер етеді. Астана қаласы бұл мәселені оңтайлы шешіп, тұрақты жұмыс орындарын құруда белсенді іс атқаруда.

– Жұмыссыздық деңгейі 4,4 пайызды құрайды, бұл рес­публикалық орташа көрсеткіштен 4,7 пайызға төмен. Биыл жұмыспен қамту шараларымен 24,1 мың адам қамтылды.

Жұмыссыздарға көмектесу және олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесетін «JOLTAP» жобасын іске қостық. Соның аясында «Баршаға мүмкіндік» модульдік бекеттері арқылы тұрғындар кірісті арттыру туралы кеңес алды.

Соңғы үш жыл ішінде 30 мыңға жуық адам сұранысқа ие цифрлық және жұмыс мамандықтары бойынша дағдылар алады, – деді қала басшысы.

ЖҮЙЕЛІ ЖОСПАР БАР

Келешекті болжау мен жоспарлау – маңызды міндет. Онсыз тұрақты даму қиын. Сондықтан Астана қаласының әкімдігі алдағы онжылдықтағы дамудың стратегиялық бағытын айқындап, соған сәйкес жүйелі жұмыс жүргізуі керек. 2035 жылға қарай елордада халық саны екі есе көбейеді. Әлеуметтік инфрақұрылым: мектеп, балабақша, емхана, аурухана, спорт кешенін соған сай салып, көлік-логистика жүйесін уақыт талабына сай шешуді міндеттейді.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек бас қаланың Бас жоспарын 2035 жылға дейін түзіп, әр салада атқарылатын бастамалар белгіленгенін сөз етті.

Ұзақ жылдық жоспардың негізгі мақсаты – демография­лық және әлеуметтік-экономикалық жағдайларды ескере отырып, көліктік, инженерлік инфрақұрылым мәселелерін дер кезінде шешу. Астана қаласының аумақтарын функционалдық аймақтарға бөлу және пайдалануды шектеу, аумақты табиғи және техногендік құбылыстар мен процестердің қауіпті әсерінен қорғау, экология жағдайын жақсарту, көше-жол желісінің одан әрі жетілдіру және тағы басқа шаралар қамтылады.

Жоспарға сай тұрғын үй қоры екі есеге артып, 68 миллион шаршы метрден асып, 2035 жылға қарай 178 жаңа балабақша мен 164 мектеп, 93 денсаулық сақтау мекемесі салынады. Қысқасы, жүйелі жоспар бар, тек ондағы басымдықтарды сапалы атқару қажет.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button