20 жыл шежіресіТалайғы тарихТаным

Елорда – ел жүрегі

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылдың 20 қазанында «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» Жарлыққа қол қойды. Құжатта Ақмола қаласы 1997 жылғы 10 желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасының астанасы болып жариялансын деп қаулы етілген. Міне, сол кезеңнен бері арманға баланған, жоспарға енгізілген жаңа елордамыз бүгінгі таңда бар қазақтың бас қаласына, әлемге танылған шаһарға айналды.

Биыл – ерекше мерейлі жыл. Тәуелсіз мемлекет атанғанымызға 30 жыл толып отыр. Дербес мемлекет ретінде дамудың сындарлы жолдарынан өттік. Осы жылдарда қазақ елі үшін, қазақ халқы үшін ғасырға татитын тарихи оқиғаларға куә болдық. Солардың ішінде алтын әріппен жазылған ақжолтай оқиғаның бірегейі жаңа астанамыздың салынғаны болғаны сөзсіз.
Тарихқа көз жүгіртсек, 1994 жылдың 6 шілде күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы Кеңестің кезекті сессиясында мемлекет астанасын Ақмола қаласына көшіру туралы ұсынысын ортаға салғанда, сол кездегі Ақмола бүгінгідей астана болады дегенге жұрттың бірі сеніп, бірі күмән келтіргенін жоққа шығара алмаймыз. Алайда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігі мен табандылығы елдің стратегиялық мүдде­сімен үндесіп жатқанын түйсінгендер қатары көп кешікпей көбейді. Сөйтіп 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап Елбасының елдіктің келешегіне жасаған тарихи шешімі, яғни мемлекеттің астанасын көшіру туралы бастамасы ресми жағдайда жүзеге асты. Мемлекеттік ту, Елтаңба эталондары, Президент штандарты жаңа елордаға әкелінді. Алдымен облыстық әкімдіктің ғимараты, яғни бұрынғы Кеңестер үйі Президент резиденциясы болып қайта жарақталды. Қаланың орталық алаңындағы он тоғыз қабатты ғимаратқа Парламент орналасты. Есілдің сол жағалауында Үкімет, Министрліктер үйінің де қазықтары қадала бастады. Осылайша қала тұрғындары үшін ғана емес, барша қазақстандықтар үшін тарихтың жаңа беті ашылды. Ұлт рухын сілкіндірген ұлы көш басталды.
Екі ғасырдың тоғысында орын алған қиындықтарға қарамастан, мемлекеттің жаңа астанасын айқындаған Қазақстанға сол кезде бүкіл әлем қауымдастығы назар тікті. Бірақ жас мемлекеттің кемел келешегі, ұлттың баян­ды болашағы үшін осындай қадам жасауға бекінген Нұрсұлтан Назарбаев алған бағытынан айнымай, тәуекелге бел буып, жаңа астананы, жас қаланы салуға құлшына кірісті.
Мен осы қаланың тұрғыны болғандықтан, жаңа астанада салынып жатқан әрбір құрылысқа ерекше мән беріп қарайтынмын. Сол кездегі 300 мыңға жетер-жетпес тұрғыны бар Ақмолаға ел-жұрт ағылып жиналды десем де болады. Әсіресе, жастар жағы көптеп келе бастады. Ал енді бүгін қарап отырсақ, қазірге кезде елордамыздың тұрғындары 1 миллион 200 мыңнан асып отыр. Қаланың аумағы бұрын 300 мың шаршы метр жерді алып жатса, бүгінде бұл көрсеткіш үш есеге дейін ұлғайыпты. Қаланың өскендігі сондай, астанамыз 4 ауданға бөлінді. Бұрын бұл қалада 10-15 мектеп болса, бүгінгі таңда жалпы білім беретін орта мектептердің өзі 100-ден асып жығылады. Сондай-ақ қалада 100-ден аса мемлекеттік балабақша, 300-ге жуық жеке балабақша жұмыс істейді. Қаншама жоғары оқу орындары мен колледж­дерде мыңдаған жастар білім алады. Бұл дегеніміз қаншама адамның өміріне, келешегіне өзгеріс­тер әкелді. Бүгінгі таңда бас қаламызда астаналық деген менталитет қалыптасты.
Иә, өткен жылдарға бұрылып қарайласақ, бүгін елордамыз әлемдік сәулет өнерінің үздік үлгілерімен салынған зәулім ғимараттарымен көз тартатын әсем шаһарға айналыпты. Президент резиденциясы «Ақорда», Парламент және Үкімет үйі, Тәуелсіздік сарайы, «Бәйтерек» монумент-кешені, Қазақ елі алаңы, «Бейбітшілік және келісім» сарайы, Астаналық цирк, «Қазақстан» концерт залы, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ драма театры, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры, «Әзірет Сұлтан» мешіті шын мәнінде жоғары деңгейлі нысандар саналады. Бұларға жаңа заманға лайықталған тұрғын үйлер мен сауда орталықтарын қоссаңыз, қаламыз­дың қаншалықты өскенін, өркендегенін көресіз.
Өзім, негізінен, спорт саласында жұмыс істегендіктен қаланың спорт жағдайына ерекше ықыласпен қараймын. Бұл ретте бүгінгі елордамызды спорт қаласы, тіптен халықаралық спорт аренасына айналған қала деп те айтар едім. Біріншіден, қалада «Астана Арена», «Сарыарқа», «Алау», «Барыс Арена» спорт кешендері, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, Жеңіл атлетика сарайы сияқты әмбебап кешендер пайда болды. Бұл нысандарда тек қана республикалық жарыс­тар ғана өтіп қоймай, әлем чемпионаттары мен құрлық біріншіліктері де сан мәрте өтті. Сондай-ақ бұл ғимараттар қала тұрғындары үшін салауатты өмір салтын баулитын, бұқаралық спортты жандандыруға да қызмет етіп келеді. Спорттағы жетістіктеріміз арқылы елордамыз әлемге танылған күндер де естен кетпейді. Мәселен, «Астана» футбол командасының УЕФА чемпиондар лигасының топтық турнирінде өнер көрсетуі, «Астана» велокомандасының «Тур де Франс» және басқа да әлемдік додаларда жеңіске жеткендері барша қазақстандықтардың қуанышына ұласты.

Тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған бас қаламыз – Нұр-Сұлтан бүгінде республикадағы донор қаланың бірі болып отыр. Бұл қалада шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше мән берілген. Сонымен қатар өнеркәсіп саласы да даму жолына түскен. Бұл жерде әсіресе құрылыс индустриясының айрықша дамып отырғанын көреміз. Осының бәрі, айналып келгенде, елордамызға шетелдік инвесторлардың қызығып келуіне ықпал етті.

Мен биыл жыл басында Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты болып сайландым. Қазір қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәслихат тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстардың ортасында жүрмін. Мәслихаттың бекітілген жүйелі жұмысы бойынша әлеуметтік нысандарды жиі аралап, қаланың ішіндегі өзекті мәселелерді зерделеп, алдан шыққан проблемаларды қала әкімдігінің назарына ұсынып, ұтымды шешімдер қабылдауға өз үлесімізді қосып келеміз.

[smartslider3 slider=358]

Иә, елорданың келбеті жылдан-жылға көркейіп келеді. Қала тұрғындарының саны артқан сайын әлеуметтік мәселе туындайтыны заңдылық. Бұл ретте бірінші кезекте мектеп, балабақша, емхана мен аурухана керек. Міне, осының бәрі қаражатты, жұмыс күшін қажет ететіні сөзсіз. Осы орайда отандық және шетелдік инвестицияны тарту керек. Бұл орайда елорда әкімдігі тарапынан жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын көріп отырмыз. Мәселен, соңғы 4 жылды алып қарар болсақ, Нұр-Сұлтан қаласында 2018 жылы – 1100 пәтер, 2019 жылы – 2900 пәтер, 2020 жылы 7000 пәтер пайдалануға берілсе, 2021 жылы 10000 пәтер беру жоспарланған. Сондай-ақ биыл 15 мектеп салынатын болды. Бұл қосымша 40 мың оқушыны қабылдайтын болады. Сондай-ақ бірнеше балабақшалар құрылысы жүргізіліп жатыр.
Тағы бір қосарым, бүгінгі таңда қаланы газдандыру жұмысы бойынша қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазір қала бойынша 300 километрден астам газ тарату желілері салынды. Бірқатар тұрғын алап тұрғындары бүгінде газдың игілігін көріп отыр.
Бүгінгі Нұр-Сұлтан бар қазақтың бас қаласы ғана болып қоймай, Орталық Азия­дағы саяси-экономикалық, мәдени-рухани тұрғыдан стратегиялық орталыққа да айналып отыр. Елордамызда әлем саясаткерлері мен кәсіпкерлері, ғалымдары мен өнер қайраткерлерінің қатысуымен өткен форумдар халықаралық қоғамдастықтың жоғары бағасын алғаны анық.
Бүгін ойлап отырсақ, тә­уелсіздік тарту еткен елордамыз жыл өткен сайын сәулеті мен дәулеті өркендеп, барша қазақстандықтардың бас ордасына айналды. Осы жетістіктеріміз бен жеңістеріміз тәуелсіздіктің жемісі екені айқын. Мемлекеттік мәртебемізге, ұлттық мақтанышымызға айналған елордамыз шын мәнінде тәуелсіздігіміздің айшықты жемісі болып отыр.
 

Азамат АЙТХОЖИН,

Нұр-Сұлтан қаласы

мәслихатының  депутаты

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button