Басты ақпаратСұхбат

ЕЛОРДА – ЕЛДІҢ МАҚТАНЫШЫ

«Астана Бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау инс­титуты» ЖШС директоры, өнер мен әдебиет саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ҚР Құрметті сәулетшісі Сәрсембек Жүнісов қалалық мәс­ли­хатқа №7 сайлау окру­гінің депутаты болып сай­­ланған. Депутат газет тілшісіне халыққа қыз­ме­тінің жаңа сапада қа­лай жал­ғасын тапқаны туралы әң­гімелеп берген еді.

13

– Өзін-өзі басқару жүйесінің маңызды бөлігі, мәслихат депутаты ретінде жергілікті тұрғындармен тікелей жұмыс жа­саудағы алғашқы тәжіри­беңіз емес пе? Белгілі сәулет­кер, шығармашылық адамы үшін қаланың тыныс-тірші­лігіндегі мәселелерді шешудің ерекшеліктері бар ма?
– Жасыратыны жоқ, сайлау алды кездесулерде сайлаушылармен бірден тіл табысып кеттім дей алмаймын. Ең күрделі округ менің үлесіме түскен екен. Тұрғындардың сынай қарап, сенімсіздік білдірген сәттерін бастан өткіздім. Мұнда негізінен ескі қаланың тұрғындары ме­кендейді. Бұларды кешегі Целиноградты қолымен салған, Ақмола облысына еңбек сіңірген ескінің көзі деуге болады. Ал­ғашында сынай қарағанның да сыры осында жатыр. Олардың әрқайсысы да құрметке лайық.
– Олардың ойындағысын тауып, ортақ тіл табудың да қиындығы бар шығар?
– Мен мәселені тікесінен қойдым. «Менің қолымда мына қағаз бен қаламнан басқа ештеңем жоқ. Сіздерге үйіп-төгіп уәде бере алмаймын. Бірақ сіздермен бірлесіп, осы аумақтағы түйінді мәселелерді шешуде сайлаушыларымның мүдделерін қорғауға дайын­мын» дедім. Салмақты өздеріне салып, егер өздеріңіз өзгерме­сеңіздер, ешкім сіздерді күш­теп өзгерте алмайтынын түсін­дірдім. Өзіме жақсы таныс, осы өңірдің даму жоспарын баяндап, тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартатын сол жобаларды жүзеге асырумен тікелей байланысты екенін жеткіздім. Ашық әңгімеден кейін адамдардың белсенділігі артып, қызығушылығы ояна бастады. Біртіндеп өздерін толғандырып жүрген ойларын ортаға салып, оның оң шешімін бірлесе іздей бастадық.
– Ол қандай түйінді мәсе­лелер екен?
– Елордада шешімі күрделі, өмірлік маңызды проблемалар жоқ деп айтуға болады. Біздің басты назарымызға абаттандыру, қалалықтардың саламатты өмір салтын ұстанып, демалысына қолайлы жағдайларды жасау сияқты сұрақтар алға шықты. Тұрғындардың қоғамдық-саяси өмірге белсенділігін арттыру да ескеретін жайт. Менің сайлаушыларымды шартты түрде екіге бөлуге болатынын байқадым. Біріншісі – айналадағы өзгерістерге ашық емес.
Екіншісі бәрін бір күнде жылдам жасап беруді талап етеді. Жалпы, халықпен жұмыс істеудің ерекшелігі бар ғой, аз ғана уақыт ішінде сайлаушылардың белсенділігіне қол жет­кіздім. Айт­қа­нымдай, осы төңі­ректегі бір­қа­тар жұмыстарға жан бі­тірдік. Жолдарды төсеп, тозығы жеткен ескі үйлерді сыруды бас­тап кеттік. «Елорда – даму» қалалық бағ­дарламасы бойынша апатты үйлерді сүріп, орнына жақсы үй салу жоспарланып отыр. Қаланың алдағы жыл­дардағы бюджетінде де қаражат қарастырылды. Демек, қала іргесіндегі аймақтар да жанданып, жаңа қарқынмен дамиды деп ойлаймын. Одан бө­лек, қаланың жаңа орталығын жаң­ғыртудан ауысқан құрылыс материалдарын да қала ірге­сіндегі қоныстардың кәдесіне жаратуды көздеп отырмыз.
Аталмыш аумақтағы күйіп тұр­ған мәселенің бірі – ескі мек­тептің жайы. Осы өңірдегі ең алғашқы, осыдан 80 жыл бұрын салынған ескі ғимарат.
– Сіз қала іргесіндегі қо­ныстардың жағдайын жақсы білетін, оны бір кісідей кө­теріп жүргендердің бірі еке­ніңіз белгілі. Оның оң нәти­жесіне жетудің басты шарттары қандай?
– Қалаларды дамыту үрді­сінде қай елдің, қай қаланың тәжірибесін алып қарасаңыз да, жаңа орталық ескі орталықты ешқашан басып озған емес. Солай болады да. Өйткені ескі қаланың өзіндік дәстүрі мен тарихы жаңа орталықтан оқ бойындай озық тұрады. Сан жылдар белесінде орнығып қалған адамдардың көңіл-кү­йінен де Есілдің оң жақ бетінде жинақылық сезіледі. Қала­ның жаңа бөлігіндегі уақыт ағымына ілесу, алға ұмтылу сияқты сезімдер басым түсіп жатады. Іскерліктің де нышандары осы жағалаудан есіліп тұрады. Бірақ өткен уақыттың елесі әр көшесінде, әр аялдамасы мен жол орамдарында бедері қалған ескі қаланың образы ескірмейді. Қала тұрғызушылардың қолы қалт еткенде қаланың ескі келбетін көріктендіріп, өз келбетін қал­пына келтіруге ұмтылғаны – заңды нәрсе. Егер тиімді жағын ойласақ, ескі үйді сүріп, орнына көп қабатты үлкен ғимарат тұрғызар едік. Алайда бұдан ескі қаланың көркі кірмейді. Сол себепті сүрілген үйлердің орнын гүлзар баққа айналдырып, жаңа келбетін ашқымыз келеді. Алдағы уақытта Есілдің оң жағалауын да жасыл баққа айналдыру жоспарда бар.
– Қала маңы аймағын көгалдандыру, қонысты аумақтың ішіндегі көгал­дандыру жұмыстары қала­лықтардың өмірінде өзгеше өзгеріс алып келеді деп ойлайсыз ба?
– Бәрі адам үшін, менің қалам, менің көшем, менің үйім деген ұғымның мәніне жетіп, қала тұрғындары оны жүре­гімен айтып, сезіну үшін сөз­ден гөрі іске көшу керек. Алдымен қалалықтардың бас қосып, жүз көрісетін, пікір алмасып, бос уақытын қалауынша өткізетін қоғамдық орындарын анықтауымыз керек. Ол үшін оң жағалаудағы кейбір көшелердегі көлік қозғалысын жауып, тек жаяу жүргіншілердің иелігіне қалдырамыз. Бұл шартты түрде алғанда, қоғамдық кеңістік деп аталатын болады. Осы арқылы көше мәдениетінің қалыптасуына әсер етеміз, адамдар да оқшауланбай, бір-бірімен жақындаса түседі. Өкінішке қарай, қазіргі ел­ордадағы қала бақтарында адамдардың демалуына көп жағдайлар жасал­маған. Мысалы, «Арай» саябағын алыңызшы. Ішінде емін-еркін сейілдеп жүрген жанды көргеніңіз бар ма?! Темір қоршауының өзі не тұрады? Демек, мұндай бақ­тардың қоршауын бұзып, бұ­қараның нағыз демалыс орнына айналдыруға мән бергеніміз дұрыс.
– Саламатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, бел­сенді демалыс түрлерін ұйым­дастыруда да қала басшы­ларының ескеретін тұстары бар дейсіз ғой…
– Осы мақсатта Есілдің жа­ғалау аймағын көркейту, дене шынықтыру-сауықтыру мақ­сатында веложолдарды дамыту жоспарлануда. Есіл арқылы өтетін 5 негізгі велосипед кө­пірлерін құру (барлығы 8), 3 типті велосипед жолдарын құру жоспарлануда. Мұның ішінде велосипедшілердің қозғалысына ғана ар­нал­­ған дербес жол, қо­ғам­­дық пай­да­лану­дағы жол­дардың құрамына веложол­дар қарас­ты­рыл­ған. Соңғы жыл­дары қала тұрғындарының арасында қала көлігінің бір түрі ретінде велосипедті қолайлы көретіндер артып келеді. Енді олардың еркін қозғалуына да жағдай жасау керек. Қаламыз тұрғындардың көз қуанышына айналып, шын мәніндегі иесіне айналып, мақтаныш тұта алса, Есілдің екі жағалауы қатар гүлдеп, жасыл ба­ғымыз орман болып, сая­сында астаналықтардың талай ұрпағы өркендеп, өсетін болады.
Түйіндеп айтқанда, елордамыз – тек қана астаналықтардың мақтанышы емес, бұл бүкіл еліміздің мақтанышына айналған бас қаламыз. Сондықтан бұл қаланың әрбір тұрғыны оның өніп-өркендеуіне өзіндік үлес қосып, жанашыр болып жүруге тиіс деп ойлаймын.

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button