Басты ақпарат

Елорда – еліміздегі ең жайлы әрі тартымды қала

Елорда – елдің жүрегі, мемлекеттің орталығы, бар қазақтың бас қаласы. Сондықтан да Нұр-Сұлтан шаһарына халықтың назары да ерекше. Арқаның төріне, Есілдің жағалауына астана қонғалы өткен 24 жылда қала адам танымастай өзгерді. Елордамыздың бүгінгі тынысы, келешекке көзделген даму жоспары жөнінде кеше Орталық коммуникациялар қыз­метінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов жан-жақты баяндап берді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмалары аясында бас қалада атқарылып жатқан жұмыстар барысы қалай? Орталық коммуникациялар қызметінде кеше өткен брифинг барысында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов осы мәселе төңірегінде, жалпы елорданың әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы кеңінен баяндады және журналистер қойған сауалдарға үш сағатқа жуық егжей-тегжейлі жауап қайтарды.

[smartslider3 slider=3425]

Үлескер алданып қалмас үшін не істеу керек?

Елордада құрылысы қаңтарылған немесе ұзаққа созылған нысандардың жұмысын аяқтау бойынша жүйелі, нақты шаралар жүргізіліп жатыр. 16 мың үлескер отбасының 13 мыңының проблемасы шешілді. Осыған орай, елорда әкімі үлескер ретінде алданып қалмас үшін не істеу керек екенін айтты.

«Мемлекет басшысының тапсыр­масына сәйкес құрылысы ұзаққа созылған нысандардың жұмысын аяқтау бойынша елордада ауқымды жұмыстар жүйелі жүріп жатыр. 150 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің 90-ы аяқталды. 16 мың үлескердің 13 мыңы өздеріне тиесілі пәтерін алды. Қазір қалған 3 мың үлескердің проблемасымен айналысып жатырмыз. Олардың бір бөлігін биыл шешеміз, қалған бөлігін келесі жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Дегенмен, мұндай жағдайға душар болған жаңа үлескерлердің де болмауы өте маңызды. Өйткені қашан да қауіп бар. Алданған үлескер болмау үшін құрылыс жұмысын жүргізетін ұйымның өткен тарихын зерттеу, құжаттарын тексеру қажет» деді Алтай Көлгінов.

Бұл ретте мемлекет тарапынан құрылыс салушыларға қойылатын талаптар күшейтілген. Егер құрылыс салушы нысанды аяқтауға жеткілікті қаражаты болмаса, оның ішінде тұрғын үй кешенінің қаңқасы тұрғызылмаған болса, пәтерлерді сату мүмкін емес. Сонымен қатар тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қорының кепілдігі және әзірлеушінің банк кепілдігі болуы керек. Компанияның жағдайы да тексеріледі. Сондай-ақ әкімдіктің ресми аккаунттарында және БАҚ-та құрылыс жұмысын жүргізетін күмәнді ұйымдардың тізімін тұрақты түрде жарияланып тұрады.

Қала әкімінің айтуынша, құрылысы ұзаққа созылған нысандар бойынша біраз жұмыс атқарылды: бір жерде тек шұңқыры ғана қазылған, енді бір жерде апатты деп танылғанына қарамастан үйдің қаңқасы көтерілген, қаржылық аудит, жобалау-сметалық құжаттамасы болмаған. Сондай-ақ бір пәтерді екі-үш адамға сату жағдайы анықталған. Дегенмен, мұның бәрі бүгінде артта қалды. Бүгінде құрылысы ұзаққа созылған қалған нысандар бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары бар.

Газдандыру экология мен өмір сүру сапасына оң әсер етеді

Елордадағы Алматы және Сары­арқа аудандары газдандырылды. Бұл мәселе – Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Байқоңыр мен Есіл ауданында газ құбырының құрылысы басталды. Мысалы, бұл «Ильинка» (Үркер), «Өндіріс», «Пригородный», «Телман» елді мекендері, сол сияқты «Family Village», «Garden Village» және «Шұбар», т.б. шағын ауданында жобалау жұмысы жүріп жатыр.

«Есіл және Байқоңыр ауданында газ құбырының құрылысын бастадық, келесі жылы кварталішілік желілердің құрылысына кірісеміз. Қалада 2 аудан – Сарыарқа және Алматы толығымен газдандырылды. Ол үшін 680 км-ден астам газ тарату желісі салынды, кварталішілік желілер тартылды. 14 мың абонент газға қол жеткізді, 6 мыңнан астам абонент техникалық шарттар алды. Сонымен қатар 3,6 мыңнан астам үй газға қосылды (25%-дан астам).

Осы қыста жеке секторда газға қосылған үйлердің арқасында ауа әлдеқайда таза болды. Бұл айтарлықтай байқалады. Мысал ретінде оңтүстік-шығыс ауданын айтуға болады. Елорданы газдандыру қаланың экологиясына ғана емес, қала тұрғындарының өмір сүру сапасына да оң әсерін тигізді» деді шаһар басшысы.

Әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, қала әкімдігі бұған дейін бірқатар жеңілдіктерді қабылдаған болатын. Осылайша, мұқтаж жандардың газға қосылуына қолдау көрсетілген еді. Әлеуметтік көмек мөлшері бүгінде 200 мың теңгеден 400 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Ал қала тұрғындарының бәріне есептеуіштер тегін беріледі.

Сонымен қатар қала тұрғындарының өз үйін газға қосу үшін құжаттар жинауда қиындықтарға кезіккенін ескере отырып, құжаттар тізімі 2 есеге дейін қысқартылды. Бұрын құжаттарды жинауға 6 айға дейін уақыт кететін. Бұл шара Мемлекет басшысының «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиясыздандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы аясында қабылданды.

Бұдан басқа, ЖЭО-1 және ЖЭО-2-нің 13 су жылыту қазандығы газға ауыстырылды. ЖЭО-3 құрылысы қайта басталды, жаңа құрылыс аудандарын жылумен қамтамасыз ету үшін 3 жергілікті газ қазандығын жобалау жұмысы жүріп жатыр.

Көпір құрылысы кептелісті азайтады

Елордада Кешенді көлік схемасының тұжырымдамасы бекітілді. Бұл халықтың жыл сайынғы өсуін және жолдардағы трафиктің ұлғаюын ескере отырып, қалалық көліктің 10 және одан да көп жылға арналған бірыңғай техникалық пайымын әзірлеуге мүмкіндік береді.

«Жаңа сын-тегеуріндер мен урбанизацияны ескере отырып, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту қаланың бас жоспарында жеке жоспармен айқындалды. Кешенді көлік схемасы жаңа автомобиль көпірлерінің, көлік айрықтарының санын ұлғайтуды, көшелерді кеңейтуді, жерасты жолдарын, қоғамдық көлікті жаңғыр­туды және т.б. көздейді. Мысалы, Ұлы дала даңғылында екі автокөлік көпірінің құрылысын жүргізіп жатыр­мыз, оны биыл аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ол Мәңгілік ел даңғылының, А.Байтұрсынов, Р.Қошқарбаев, Ж.Нәжімеденов көшелерінің, Nova city ауданының, «Мыңжылдық» аллеясының жүктемесін ішінара азайтуға мүмкіндік береді, жаңа «Нұрлы жол» вокзалының, «Тельман» және «Промышленный» елді мекендерінің, «Метро» гипермаркеті ауданының, Жұмабаев даңғылы, Жүргенов көшесі және т.б. аумаққа оңай жетуді қамтамасыз етеді» деді әкім.

Сондай-ақ Есіл өзені арқылы Тәуелсіздік даңғылындағы көпірдің құрылысын жүргізіп жатырмыз, бұл жұмыс 2023 жылы аяқталады. Бұрын сот процестері болды, барлық процедуралық мәселелер шешілгеннен кейін көпір құрылысы қайта басталды. Бұл көпір Тәуелсіздік даңғылы, жаңа теміржол вокзалы ауданы, Қошқарбаев даңғылы, Нәжімеденов көшесі, Әзірет Сұлтан мешітінің аумағы, Байтұрсынов көшесі, Қордай, Айнакөл, Момышұлы даңғылының сол жақ жағалауымен қосымша байланысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қала әкімдігі жол инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Елорда басшысының айтуынша, осы айда күрделі жөндеуден кейін Алаш тас жолы бойында көпір ашылды. Сондай-ақ биыл 100-ге жуық көше салынады және жөнделеді. Жалпы, соңғы екі жылда 300-ге жуық көше жөнделді, олардың жартысы қала маңындағы елді мекендерде жүзеге асырылды.

Нөсер кәріздерінің проблемасы шешілді

Нұр-Сұлтан қаласында 146 проблемалы учаскеде су басу мәселесі шешілді. Оның ішінде қаланың ең өзекті даңғылдарының бірі – Бауыржан Момышұлы даңғылы. Осы көшеге 130 км-ден астам нөсер кәрізі мен арық-науа жүйесі салынды, 1 мыңға жуық бақылау және жаңбыр қабылдағыш құдық, сондай-ақ 20 км коллектор тазартылды, 6,5 мың құбыр буландырылып, 350 тоннаға жуық тұнба қалдық шығарылды.

«Елордада нөсер кәрізі мен оның құрылысы бойынша жұмыстар тұрақты негізде жүргізіліп жатыр. Қаланың ең проблемалы даңғылдарының бірі Б.Момышұлы даңғылы болатын. Толассыз жауын жауса, көліктердің жартысына жуығы су астында қалатын. Бұл даңғылда біз нөсер кәрізінің магистралды коллекторын салдық. Нөсер кәрізінің ұзындығы 500 метрді құрайды – Дауылпаз көшесінен басталып, Б.Момышұлы даңғылынан өтіп,  Елім-ай көшесіне дейін жалғасады. Жаңа құрылыс қолданыстағы нөсер кәрізі желілерінің өткізу қабілетін 1,5 есеге арттыруға мүмкіндік берді» деді А.Көлгінов.

Бұдан басқа, Жастар шағын ауданында, Тәшенов пен Амман көшелерінің қиылысында жеткізуші коллекторларды қайта жаңғырту арқылы тазарту құрылысы салынды. Жаңа құрылыстардың қуаттылығы – тәулігіне 42 мың текше метрден астам. Аталмыш тазарту ғимараты Тәшенов, Бараев, Уәлиханов, Пушкин, Иманбаева көшелерінің, Республика, Тәуелсіздік даңғылдарының жоғарғы бөлігінде су басу мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Бұл құрылыстың ерекшелігі – Есіл өзеніне құяр алдында жаңбыр мен еріген қар суын тазартып алады.

Сондай-ақ «Тельман» елді мекенінде тазарту қондырғысы мен магистральдық коллектор, «Пригородный» елді мекенінде және Алаш тас жолы бойындағы логистикалық орталық ауданында тазарту қондырғысы салынды, осыған дейін Мыңжылдық аллеясы ауданындағы 2 учаскеде нөсер кәрізінің проблемасы шешілді.

Алматы ауданындағы Ш.Қалдаяқов көшесі бойындағы жаңа вокзал маңында, Ұлы Дала даңғылында

және т.б. нөсер кәрізінің құрылысы жүріп жатыр. Нөсер кәрізі мен тазарту құрылысын салу және қуатын кеңейту бойынша жұмыстарды қала әкімдігі жүйелі деңгейде жүргізілуде.

«Жайлы қала» жоспары жүйелі жүргізілуде

Аулаларды абаттандыру жұмысы елорданың барлық ауданын қамтыды.

Осыған орай, бас қалада қоғамдық кеңістіктер ашу және аулаларды түбегейлі өзгерту жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Осы айда Бейбітшілік және келісім сарайы аумағында амфитеатр, қаланың оң жағалауындағы тағы бір жаяу жүргіншілер жолы, 100-ге жуық аула мен қоғамдық кеңістік салынды. Олардың барлығы елорданың визит карталарына – қала тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды орындарға айналды.

«Өздеріңіз білетіндей, біз «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспарын қабылдадық. Биыл тағы 200-ден астам қоғамдық кеңістік пен аула құрылады. Бұрын 500-ге жуық орын абаттандырылды, олар қазір орындарға айналып үлгерді. Мысалы, оң жағалауда біз алғашқы жаяу жүргінші жолын, орталық саябақты, қала алаңын субұрқақтармен, «Театральный» бульварымен «Жастар» сарайынан музыкалық жас көрермен театрына дейін, жағалауды жалғадық. Бейбітшілік және келісім сарайының жанында амфитеатр ашылды, Бараев көшесінде тағы бір жаяу жүргіншілер жолы абаттандырылды, көше спортының колизейі ашылды, көпір алаңдары абаттандырылды. Олардың барлығы қала тұрғындары үшін де, қала қонақтары үшін де тартымды орындарға айналды» деді шаһар басшысы.

Сондай-ақ елордада құтқарушылар, мұғалімдер, медицина қызметкерлерінің құрметіне саябақтар абаттандырылды. Мәселен, «Көктал» елді мекенінде саябақ ашылды. Қоғамдық кеңістіктер мен аула аумақтарында әркім өзіне ұнайтын орынды таба алады: баскетбол/футбол алаңдары, workout-аймақтар, демалысты тыныш орында өткізуге арналған аймақтар, әткеншектер, шығармашылық өнер көрсетуге арналған көріністер, скейт-аймақтар және т.б. Осылайша, елордада құрғап қалған орындар, қараусыз қалған учаскелер мен батпақты жерлер саны айтарлықтай азайды. Олардың орындарында қала тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды орындар пайда болды.

Мектеп көбейсе де, тапшылық бар

Соңғы үш жыл ішінде елордада 34 мектеп салынды. 2022 жылы Нұр-Сұлтан қаласында тағы 20 мыңнан астам оқушы орны ашылып, тағы 11 мектеп салынады.

«Халықтың жыл сайынғы өсуін ескере отырып, әлеуметтік нысандарға, оның ішінде оқу орындарына деген сұраныс артып келеді. Жоспарлы түрде оқушыларды тиісті оқу орындарымен қамтамасыз ету және жұмыс істеп тұрған орындарға артылып жатқан артық жүктемені алып тастау үшін жыл сайын кемінде 10 мектеп салу қажет. Үш жыл ішінде 34 мектеп салынып, пайдалануға берілді. Аталған оқу орындары 70 мың оқушы орнын құруға мүмкіндік берді» деді Алтай Көлгінов.

Оқу орындары қаланың барлық ауданында салынып жатыр. Мысалы, соңғы екі жылдың өзінде халық тығыз қоныстанған Есіл ауданында – 12 мектеп, Алматы ауданында – 7, Байқоңыр ауданында – 4, Сарыарқа ауданында 2 мектеп салынды.

Биыл қалада тағы 11 мектеп салынады. Аталған оқу орындары қосымша 20 мыңнан астам оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді. Қала басшысының мәлімдеуінше, Сарыарқа ауданындағы №65 мектептің ерекшелігі – мұнда инклюзивті білім беру бағдарламасы жүзеге асырылады. Бұл мектепте есту, тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар оқиды. Мұнда барлығы 3 мыңнан астам оқушы білім алып жүр, бұл оқу орнына жүктелген тиісті жүктемеден асып түседі. Мектептің қуатын арттыру үшін жанынан жаңа корпус салынып жатыр. Ол тағы 1200 оқушы орнын (екі ауысымда) құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Сауран көшесіндегі №59 мектеп-лицейі­нің аумағында жаңа корпустың құрылысы басталды.

Гүлбаршын Өкешқызы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button