Ел тынысы

Елорда ғалымдары «Жас ғалым» бағдарламасы бойынша баспаналы болды

Астанада Л .Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 10 жас ғалымы «Жас ғалым» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік алды. Оларды университет ректоры және «Отбасы Банкі» АҚ орталық филиалының өкілдері құттықтады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz. 

ЕҰУ Жасушалық биология және геномика институтының ғылыми қызметкері Әсия Құсайынова 2013 жылдан бері молекулалық генетика саласында еңбек етеді. Ғалым радон мен асбест әсерінен туындайтын өкпе обыры патогенезінің молекулярлық-генетикалық аспектілерін зерттейді. Ол жас ғалымдарға арналған жеңілдікпен несие беру бағдарламасының арқасында бір бөлмелі пәтердің иесі атанды.

«Өз меншігіңде баспананың болуы әрқашан тұрақтылық пен болашаққа деген сенімділікті ұялатады. Жас ғалымдарға арналған ипотекалық бағдарламаның ашылуы мені қатты қуантты, жігерлендірді және біз тиімді шарттармен жеке баспана сатып алу мүмкіндігіне ие болдық», – деді Әсия Құсайынова.

Ғалымдарды ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов пен «Отбасы Банкі» АҚ орталық филиалы директорының орынбасары Жанар Ізімбетова құттықтап, оларға несие алу туралы сертификаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.

«Соңғы жылдары отандық ғылымға бөлінетін бюджет қаражаты бірнеше есеге өсті. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында ғылым қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту, оның ішінде тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жаңа мүмкіндіктер жасалуда. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі және «Отбасы Банкі» АҚ-мен келісімге қол қойып, жас ғалымдарды баспанамен қамтамасыз етудің арнайы бағдарламасын іске қосты», – деді Ерлан Сыдықов.

ЕҰУ түлегі Мөлдір Бейсекова 2013 жылдан бері ғылыммен айналысады. Жас ғалым қазіргі таңда ауыл шаруашылығында өсімдік өнімділігін және тұздануға төзімділікті арттырудың жаңа стратегиялары әзірлеу үшін инновациялық зерттеулермен айналысады. Нәзік жан биыл кандидаттық диссертациясын қорғауды жоспарлап отыр.

«Мен сегіз жыл бойы өз үйімді армандап, пәтер жалдап келдім. Былтыр «Елорда жастары» байқауына қатысып, өтпей қалдым. Биыл жас ғалымдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның арқасында арманым орындалды. Мен өз университетіме және Ғылым және жоғары білім министрлігіне алғысымды білдіремін», – деп өз қуанышымен Мөлдір Бейсекова бөлісті.

ЕҰУ Цифрлық даму секторының менеджері Алтанбек Зулхажав компьютерлік лингвистика және білімдерді өңдеу саласында зерттеулер жүргізеді. Соңғы 3 жылда жас маман қазақ тілінің функцияларын кеңейтудің IT-ресурстары мен ғылыми-лингвистикалық негіздерін дайындау, қазақ саяси дискурсын талдау әдіснамасын іске асыру, қазақ есімдері мен географиялық атауларының ономастикасы бойынша қосымшаны әзірлеу тәрізді жобаларға қатысты. ЕҰУ қызметкері жас ғалымдарды қолдау бағдарламасының арқасында екі бөлмелі пәтер сатып алды.

«Біз жас ғалымдар үшін пәтер алу мүмкіндігі ұсынылғаны туралы естігенде қатты қуандық. Үкіметтің бұл бастамасы – өз өмірін ғылыммен байланыстырып, еліне пайдасын тигізуді ойлаған жас ғалымдарға үлкен мотивация. Арманыма жетуге көмектескен университет басшылығына және жауапты қызметкерлерге алғысым шексіз», – деді ЕҰУ Цифрлық даму секторының менеджері Алтанбек Зұлхажав.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің және «Отбасы Банкінің» жас ғалымдарға арналған тұрғын үй бағдарламасына Қазақстан азаматтығы бар, магистр дәрежесінен төмен емес, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен кемінде үш жыл айналысатын 40 жасқа дейінгі ғалымдар қатыса алады. Талаптардың бірі-жеке тұрғын үйдің болмауы.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button