Елорда игілігіне салынған инвестиция
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әр жылғы жолдауларында және халықаралық кездесулерде Қазақстанның басты міндеті – әртараптандырылған және орнықты экономиканың негізін қалау екенін айтып келеді. Президенттің тапсырмасына сәйкес еліміздің жаңа экономикалық бағыты айқындалып, қазіргі таңда қуатты әрі қарқынды дамыған ел құру мақсатында құрылымдық реформаларды жүзеге асыру қарқынды жүруде. Тіпті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қатар инвестициялық дөңгелек үстелінде: «Қазақстан Орталық Азияда тікелей шетелдік инвестиция келетін негізгі ел болып қалуы үшін ең жоғары әлемдік стандарттарға сай жаңа инвестициялық циклды іске қостық» деген болатын. Сондай-ақ біздің ендігі мақсатымыз – Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің көрсеткішін 2029 жылға қарай 450 миллиард долларға жеткізу екенін де атап өткен болатын.
Ал Мемлекет басшысына елорданың биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы жөнінде мәлімет берген қала әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің алты айлық есебінде қаладағы барлық негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика барын, инвестиция көлемі 632 миллиард теңгеден асып, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,2 пайызға артқанын мәлім еткен болатын. Сондай-ақ әкім өңдеу өнеркәсібі, медицина, білім, көлік және логистика салаларындағы жобалар белсенді түрде жүзеге асырылып жатқанын да тілге тиек етті.
Шындығында «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» дегендей, қазақ елі өз тәуелсіздігін алғалы ел экономикасын көтеру бағытында қарқынды жұмыс істеп келеді. Биыл жаңа астанамыздың бой көтергеніне 26 жыл толды. Осы жылдар аралығында астанамыз аңыздағы Алпамыстай апта санап, ай санап өсіп келеді. Аз ғана жылдың ішінде ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жеткен бас қалада қазіргі таңда әртүрлі салаларда ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Ал осы жобалардың жүзеге асуына тікелей үлесін қосып келе жатқан Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 796 миллиард теңгені құрады. Жеке инвестициялардың үлесі жалпы тартылған инвестициялар көлемінің 75 пайыздан астамын құрайды
Басқарманың қызметі кәсіпкерлік, инвестициялар тарту, өнеркәсіпті дамыту, сауда, азық-түлік қауіпсіздігі, сондай-ақ туризм сияқты салаларды қамтиды. Осыған орай өткен аптада басқарма басшысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығының нәтижесінен есеп берген болатын.
Есеп барысында Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов әр сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға жеке-жеке тоқталды.
Шағын және орта бизнес қарқынды дамуда
Әңгіменің әлқиссасын шағын және орта бизнестің көрсеткішінен бастаған Халел Рахимұлы биыл елордада жұмыс істеп жатқан шағын және орта бизнес субъектілерінің саны былтырғымен салыстырғанда анағұрлым артқанын айтты.
– Қазіргі таңда Астанада 234 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері белсенді жұмыс істеуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға көп. Оларда 500 мыңнан астам адам жұмыс істейді, бұл елорданың экономикалық белсенді халқының 74 пайызын құрайды. 2024 жылдың бірінші тоқсанында кәсіпкерлер 3,3 триллион теңгеден астам сомада тауарлар, жұмыстар мен қызметтер шығарды (2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 26%-ды құрады). Осылайша, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны күн сайын артып келеді, біз оларға жан-жақты қолдау көрсетудеміз.
Сондай-ақ Астанада кәсіпкерлікті қолдаудың барлық негізгі шаралары инфрақұрылымдық қолдау, сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және кредиттерге ішінара кепілдік беру түріндегі шаралар көрсетілген 2023-2027 жылдарға арналған аймақтық даму бағдарламасы бекітілді. Осы бағдарлама аясында жылдық мөлшерлемесі 7 пайыздан аспайтын «Астана бизнес» жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы жұмыс істейді. Айталық, 2024 жылы осы бағдарламаға 2,5 миллиард теңге қарастырылған, – деді Халел Әкімжанов.
Өнеркәсіп өркендеуде
Сонымен қатар қазіргі таңда мемлекет тарапынан Өнеркәсіпті дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында елордадағы өнеркәсіп өндірісі 13 пайызға өсіп, 1,1 триллион теңгеге жеткен. Мұндағы өңдеу өнеркәсібінің өнімдерінің негізгі салаларына: металлургия (48,1%), машина жасау (25,2%), минералды өнімдер өндірісі (7,9%) жатады.
Қазіргі таңда Астанада 234 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері белсенді жұмыс істеуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға көп. Оларда 500 мыңнан астам адам жұмыс істейді, бұл елорданың экономикалық белсенді халқының 74 пайызын құрайды
Сонымен қатар инвестициялық жобаларды кластерлеу және орналастыру туралы шешім қабылданып, қазіргі таңда 409 гектар аумақты алып жатқан жерде Индустриалды парк №2 құру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Бұл 500 миллиард теңге сомасына 150-ден астам жобаны тартуға мүмкіндік бермек. Тағы да бір ауыз толтырып айтатын жоба – елордада 220 гектардан астам аумақта ірі Логистикалық хаб құру. Бұл шешім ірі ойыншыларды бір жерде орталықтандыруға және елордада өз кәсіпорындарын локализациялау үшін халықаралық компанияларды тартпақ.
Инвестицияларды тартудың негізгі бағыттарының бірі – агроөнеркәсіптік кешенді дамыту болғандықтан қазіргі таңда басқарма Аграрлық-индустриялық аймақ құру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Оған 140 миллиард теңге көлемінде жеке инвестицияларды тарту жоспарланып отырғанын айтқан баяндамашы 7 айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемінің өсуінде оң динамика сақталуда екенін де атап өтті.
– Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 796 миллиард теңгені құрады. Жеке инвестициялардың үлесі жалпы тартылған инвестициялар көлемінің 75 пайыздан астамын құрайды. Ағымдағы жылдың соңына дейін инвестициялар көлемін 1,7 триллион теңге деңгейінде қамтамасыз ету жоспарлануда. Оның ішінде өнеркәсіптік кәсіпорындардың ашылуы және тұрақты жұмыс орындарын құруға басымдық беріледі. Осы жылдың бірінші тоқсанында тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 383,6 миллион АҚШ долларын құрады. Ал 2024 жылға арналған жоспар – 1 135 миллион АҚШ доллары. Қазіргі уақытта елордада инвестициялар көлемі 6,7 трлн теңгені құрайтын 650-ден астам жоба жүзеге асырылуда. Биыл біз 4,1 мың жаңа жұмыс орнын құрумен 272 млрд теңге көлеміндегі 55 жобаны іске қосу міндетін қойдық. Мұнда бір нақтылап айтатын жайт, елордаға инвестиция салушы елдер арасында ең белсенділері БАӘ, Түркия Республикасы болып саналады, – деді спикер.
Сауда-саттық сапасы артты
Инвестициялардан бөлек, қаланың экономикасының дамуына сауда және қызмет көрсету саласының қосатын үлесі зор. Өйткені бұл салалар жалпы өңірлік өнімнің 80,6 пайызын құрайды. Мысалы, атап айтар болсақ, 2024 жылдың алғашқы алты айында бөлшек сауда айналымы 1,1 триллион теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7 пайызға артқан. Ал көтерме сауда айналымының өсімі 2,9 триллион теңгені құраған. Қазіргі таңда Астанада 437 сауда нысаны жұмыс істеп тұр. Өйткені Астана ауыл шаруашылық аймағы болмағандықтан, мұндағы негізгі басымдық сауда инфрақұрылымын дамытуға және агроөнеркәсіп кешенінде өндірістер құруға бағытталған. Сондықтан болашақта тағы да 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Бұл, шамамен, 1000 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Ел экономикасының көтерілуіне аса зор ықпалын тигізетін тағы бір сала – туризм. Мәселен, қарап отырсаңыз, соңғы жылдары туристердің Астанаға деген қызығушылығы айтарлықтай артқанын көруге болады. Мысалы, 2023 жылы елордаға 1,3 миллионнан астам адам келген. Оның ішінде 287 мың шетелдік турист. Ал биыл елге ағылған туристер саны 1,5 миллионға дейін жетпек. Жалпы елордада туристердің келіп-кетуіне қажетті барлық инфрақұрылым жасалған, оның ішінде 257 қонақ үй және 70-тен астам туристік нысандар бар. Туризм саласында жұмыспен қамтылған халық саны 57 мыңнан асады.
– Бас қаламызда іс-шаралық, іскерлік және медициналық туризм сияқты бағыттар белсенді дамып келеді. Республикалық және халықаралық деңгейдегі іс-шаралардың (конференциялар, концерттер, спорттық шаралар, фестивальдер (музыкалық, гастрономиялық) кең портфелі қалыптасуда, негізгі басымдық олардың тұрақтылығына, қаланың танымалдылығын арттыруға берілген. Қазіргі уақытта туризм саласында жалпы сомасы 727,5 миллиард теңгені құрайтын 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Алдымызда алдағы 2 жылда әлемдік брендтерден екі 5 жұлдызды қонақ үй кешенін (Wyndham және Қытай Халық Республикасының бір желісі) салу міндеті тұр. Шын мәнінде 2024 жылдың бірінші жартысы біздің басқарма үшін сәтті өтті. Біз маңызды нәтижелерге қол жеткізіп, негізгі бағыттар бойынша тұрақты өсімді қамтамасыз еттік. Болашақта да осы қарқынды сақтап қалуға ниеттіміз, – дейді Халел Әкімжанов.
Шапағат ӘБДІР