Тәуелсіздікке 30 жыл

Елорда келмесе, ел де келмес еді

Астана Алматыдан Ақмолаға көшеді дегенде «жеті жоқты» қаптатып, аязы мен боранын алға тартып, кері толғағандар аз болған жоқ. Бірақ елорданы Есілдің жағасына көшірудің астарында үлкен саясат жатқанын, бұл шешімнің өте дұрыс болғанына бүгін, міне, көзіміз жетті.

[smartslider3 slider=1061]

Бұл істе Елбасы өте батылдық танытты. Егер астана көшпесе, Есілдің жағасындағы ескі қалаға осынша қазақ келмес еді. Мен астанаға 1998 жылы келдім. Көпбалалы отбасы ретінде баспана іздеген кезде, қолайлы жер үй немесе көпқабатты ғимараттардан бір ыңғайлы үй таппай қиналдық. 3 бөлмелі дейді, барып көрсең тауықтың кәтегіндей тар, 40­50 шаршы метр шамасындағы үйлер, тарлығы сонша 4­5 адам еркін айнала алмайды. Ал қазір ол кезбен мүлде салыстыруға келмейді. Бас қаланың іргесі кеңейді, жан саны өсті, қазағы көбейді. Күні бүгінге дейін астанада балабақша мен мектеп жетіспейді. Жетпесе жетпесін, қазағым көбейе берсін деп тілеймін мен. Қысқа ғана уақыт ішінде осындай әсем қала салу – үлкен ерлік. Тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстанның дамуы ұлттық және елдік құндылықтарды қалыптастыру, ономастика саласымен де тікелей байланысты екені белгілі. Астана көшіп келуден бұрын Целиноградта он адамның екеуі қазақ болса, қазір он адамның сегізі – қазақ. Тәуелсіздік алған кезде Целиноградтағы 34 мектептің біреуі ғана қазақ мектебі, Шымкенттегі 100­ге тарта мектептің бірен­сараны ғана қазақ мектебі болса, қазіргі таңда елордадағы 100­ден астам мектептің сегізі ғана орыстілді, қалғаны – қазақ немесе аралас мектеп. Яғни балабақша қазақша, мектеп қазақша, жоғары оқу орындары да қазақша. Осыған қарап­ақ, тәуелсіздік арқауы үзілуге айналған қазақ тіліне қайта жан бітіріп, тірілтті. Мысалы, 1997 жылы Елбасы астана көшіп келерден бұрын Целиноградты аралап болғаннан кейін, «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында: Целиноград солтүстіктегі облыстың орталығы емес пе, неге бірде­бір қазақша көше жоқ» дегені бар. 2002 жылы «қазақтың астанасын Сарыарқаға әкелдім десем, шетел атаулардың қаптап кеткені қалай?!» деп тағы айтты. Президенттің осы бір ауыз сөзін пайдаланып, елордада 700 нысан, 1000 көше, 1000 аялдаманың атауын қазақшаладық. Қысқасы, елорда мен тәуелсіздік қазір егіз ұғымға айналып кетті. Сосын да мен елорданың бүгінгідей деңгейге жетуін тәуелсіздіктің үлкен жетістігі ретінде бағалаймын.

Оразкүл АСАНҒАЗЫҚЫЗЫ,

Мәжіліс депутаты

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button