Мәдениет

Елорда мәдениетінде орны ерек

Бүгін – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні. Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет басқармасына қарайтын мәдени мекемелердің арасында Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының алатын орны ерек. Ширек ғасыр бұрын Ақмола облыстық филармониясы негізінде құрылған өнер ошағы осы жылдар ішінде көптеген жетістіктерге жетті.

[smartslider3 slider=3026]

Бүгінгі таңда елорда филармониясы концерттік-ағартушылық бағыттағы мекемелердің арасында елімізде жетекші орынды алады. Өнер ошағында 11 шығармашылық топ бар. Атап айтқанда, қазақ оркестрі, симфониялық оркестр, үрлемелі аспаптар оркестрі, ішекті квартет, камералық хор, «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі, «Шалқыма» халық би ансамблі, бір мезгілде 75 шығарма орындап, Қазақстанның рекордтар кітабына енген «Қорқыт» этно-ансамблі, классикалық және эстрадалық вокал бөлімі, халық әні бөлімі, «Әлем» эстрадалық би ансамблі.

Елорда филармониясында елімізде ғана емес, кейбір шетелдерде де танымал Қазақстанның және Татарстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ернар Мынтаев, Айтқали ­Жайымов, ­Айгүл Қосанова, Бибігүл Жанұзақ, Азамат Жылтыргөзов, Алтынай Жорабаева, Гүлзира Бөкейхан, Арайлым Рахымқызы, «Құрмет» орденінің иегері Абдрасул ­Есекеев, Мәдениет қайраткері Нұрай Танабаев, т.б. өнер жұлдыздары жұмыс істейді.

Музыкалық мәдениеттің ең жақсы дәстүрлерін сақтау үшін филармония әлемдегі жетекші орындаушылар мен шетелдік дирижерлермен ынтымақтастық орнатқан. Бұл қатарда Ресей, Германия, Польша, АҚШ, Латвия, Израиль, Словения, Греция, Италия, тағы басқа елдердегі Кшиштоф Пендерецкий, ­Владимир Ашкенази, Александр Чайковский, Денис Шаповалов, Саулюс Сондецкис, Пласидо Доминго, Андреа Боччелли, Сара Брайтман, Лара Фабиан, Суми Джо, Денис Мацуев, Владимир Крайнев, Ринат Салаватов, Бенджамин Юсупов, Роберт Канетти, Анастасиос Паппас, Роберт Гуттер, Максим Венгеров, Марко Скьяво сынды танымал есімдер бар.

2019 жылы симфониялық оркестр «Festival Des Orchestres Du Monde» (Әлем қалаларының фестивалі) атты халықаралық фестивальге алғашқы отандық оркестр болып қатысты. Өнер ұжымын атақты француз дирижері Филипп Юи шақырды.

Филармонияда әлемге әйгілі әртістер мен Қазақстан композиторларының мерейтойлық концерттері үзілмейді. Соның ішінде кейінгі жылдары Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» фильмінің 45 жылдығына орай өткен концертті, Оспан батырдың 120 жылдығына арналған «Қайқая шапкан Қарагер», Кенен Әзірбаевтың 135 жылдығына арналған «Мен сүйемін халқымды», Сегіз серінің 200 жылдығына орай өткен «Мұхамедканапия. «Сегіз сері», Төлеген Момбековтің 100 жылдығына арналған «Салтанат» сынды концерттерді атап өтуге болады. Ал кеше ғана қазақ оркестрі көрнекті композитор Кенжебек Күмісбековтің туғанына 95 жыл толуына орай «Дала сыры» атты концерт өткізді.

Камералық хор халықаралық конкурстар мен фестивальдарда бірнеше рет мақталды. Сонда ұжымның кәсібилігі жайында да айтылды. 25 елден 500-ден астам адам қатысқан «Астана – әлемнің дауысы» атты ірі халықаралық фестивальді ашуға осы өнер ұжымына тапсырылуы да тегін емес.

Филармония әлеуметтік осал топтарға арналған көптеген қайырымдылық шараларын өткізеді. Жыл сайын қарттар үйінде, балалар үйінде, балаларды оңалту орталықтарында, емханаларда және түзету мекемелерінде концерт береді. Өнер ошағы кештеріне зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін кіре алады.

Филармония солистері арасында көптеген халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары бар. Мәселен, күні кеше ғана Қызылорда қаласында өткен әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Батырхан Шөкенов­тің туғанына 60 жыл толуына арналған «Отан-­Ана» ІІІ республикалық әншілер байқауына елордалық филармонияның классикалық және эстрадалық вокал бөлімінің солисі Ақбота Құснадин қатысып, бас жүлдені жеңіп алды. Ал оның филармония­дағы әріптесі Айдын Жұмабай екінші орынға ие болды.

Өткен жылы елордалық филармонияға көрнекті композитор, КСРО халық әртісі, Қаз КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Еркеғали Рахмадиевтің аты берілді. Қазір өнер ошағы әртүрлі бағыттағы музыкалық шығармаларды насихаттауға өз үлесін қосып, ағартушылық бағытты да қатар ұстап отыр. Ел мен елорда мәдениетінің өрлеуінде де филармонияның өзіндік үлесі бар. Жас ұрпақты тәрбиелеу, ұлттық өнердің мәйе­гін сақтау және жетілдіру, әлемдік үрдістерден қалмай, алға өрлеу қызметін де орындап келе жатыр.

Филармония ұжымдары мен әртістерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, шығармашылық табыстар тілейміз! Әрдайым өнердің өрінде болыңыздар!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button