Мәселе

Елорда маңындағы елді мекендер мәселесі шешіле ме?

Соңғы 10 жыл бойы Үкімет елорда маңындағы ауылдардың мәселесін шешеміз деп сылдыр сөз, құрғақ уәдесін беріп келеді. Мысалы, 2013 және 2017 жылдары Астана агломерациясын өңіраралық дамытудың жоспары мен схемасы бекітіліп, аталған құжаттарда іргелес елді мекендердің әлеу­меттік, инженерлік инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ 120 мыңнан астам тұрғыны бар Ақмола облысына қарасты үш ауданының тыныс-тіршілігін жақсарту көзделген еді.

Қабылданған жоспарды орындаймыз деп жүріп бес Үкімет басшысы ауысқанымен айтарлықтай нәтиже болмады, өкінішке қарай, барлығы қағаз бетінде қалды. 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жылдар бойы бір әкімнен келесі әкімге мұра болған мәселені шешуге бағытталған атқарушы биліктің мардымсыз әрекеттерін сынға алып, елорда және Ақмола облысының әкімдеріне жақын маңдағы елді мекендерді дамыту жөніндегі жоспарларын сәйкестендіруді тапсырған болатын.

Әйтсе де, Президент берген тапсырмаға 3 жыл өткеніне қарамастан, екі әкімдік тарапынан нақты шаралар қабылданған жоқ. Бұған мен Астана маңындағы Қараөткел, Қаражар және Тайтөбе ауылдарына барған кезде көз жеткіздім. Облыс пен елорда арасындағы ауылдар жапанда қалғандай. Тұрғындардың айтуынша, сумен қамтамасыз ету, сапалы медициналық қызмет көрсету, жолдарды жөндеу және әлеуметтік нысандарды салу, сондай-ақ үздіксіз электр қуатымен жабдықтау мәселелері ондаған жылдар бойы шешілмей келеді. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары жыл сайынғы көктемгі су тасқынынан зардап шегуде.

Әсіресе заңсыз қоқыс полигондарының мәселесіне назар аударғым келеді. Мәселен, тек Ақмола облысында 800-ден астам заңсыз қоқыс орны анықталған. Қоқыстың негізгі жиналатын орындары елорданың шетіндегі елді мекендері болып отыр. Сондай-ақ жылдар бойы қала маңындағы ауылдарға қатынайтын қоғамдық көліктерді дамытуға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келеді. Күн сайын елордаға Қараөткел және Қаражар кенттерінің 24 мың тұрғынының 11 мыңнан астамы жұмысқа қатынайды.

Әрине, жоғарыда аталған мәселелерді шешу үшін қаржы қажет. Алайда мәселелердің бір бөлігін ұйымдастырушылық деңгейде шешуге болады ғой?!

Мысалы, елордаға жақын орналасқан Жібек жолы ауылының тұрғындары аудан орталығынан 40 шақырымда орналасқан медициналық жәрдем бригадасын сағаттап күтуге мәжбүр. Ал жақын маңдағы Жедел жәрдем станциясы елорда аумағында орналасқан. Бұл – жергілікті атқарушы органдар өзара келісімге келу арқылы шешуге болатын қарапайым мәселелердің бір ғана.

Егер біз азаматтарымыз­дың өзекті мәселелерін шешпесек, онда бекітілген жоспарлардың, схемалар мен стратегиялардың түкке қажеті болмағаны. Сол себепті жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Үкімет басшысы елорда мен Ақмола облысының әкімдеріне «Агломерация­ларды дамыту туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануын күтпей, шешімін күткен проблемаларды шешу бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсыруы тиіс деп білемін.

Сондай-ақ елорда төңірегіндегі елді мекендерді дамыту жөніндегі өз жоспарларын қайта қарағаны жөн деп ойлаймын.

Мәди АХМЕТОВ, Мәжіліс депутаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button