Елорда медицинасы: саланы қандай өзгерістер күтіп тұр?

Өткен жылы елордалықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 73 жасқа жетті. Халық саны 100 мың адамға артып, 1 млн 528 мың адамды құрады. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының отырысында басқарма басшысы Әлия Рүстемова мәлімдеді. Аталмыш жиынға Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейрханов пен ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ержан Нұрлыбаев төрағалық етті.
Соңғы деректерге сүйенсек, 2035 жылы қала халқының саны 2,3 миллионға жетеді деген болжам бар. Дегенмен, соңғы 7 жылда туудың орташа жылдық өсімі 5,7% төмендеген. 2024 жылы туу коэффициенті 19,41 құрады, ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 21,13 еді. Еліміз бойынша орташа көрсеткішке қарағанда, өсім 5,8%-ға жоғары болып отыр.
Жалпы өлім-жітім көрсеткіші 1,2%-ға артқан. Бұл демографиялық өзгерістер халықтың «қартайып» келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар денсаулық сақтау қызметтеріне деген сұраныстың артуы мен инфекциялық емес аурулардың ауыртпалығы да себеп болып отыр.
Қала басшылығының ең басты міндеттерінің бірі – денсаулық сақтау нысандарын салу бойынша инвестициялық жобаларды іске асыруды жалғастыру, медициналық кадрлар ресурстарын нығайту, инфекциялық және инфекциялық емес аурулардың қауіп факторларын анықтау жұмыстарын жүргізу.
Жүктеме көбейді
2024 жылы елорданың 47 емханасы 11,7 млн адамға, оның ішінде 4,2 млн балаға амбулаторлық көмек көрсеткен. Бұл келушілердің саны 12%-ға өскенін білдіреді. Ал 992,5 мың адам дәрігерді үйге шақыртқан. Дегенмен, салалық мамандарға деген сұраныс 12%-ға азайыпты. Ал профилактикалық екпе қабылдағандар саны 2,2 есеге артса, 16 жасқа дейінгі балаларды жоспарлы вакцинациялау 85,3%-ды құрады.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемованың айтуынша, қазіргі таңда қала емханалары ауыр жүктемені арқалап отыр. Әр емхана орташа есеппен 1,5-2 есе көп тұрғынға қызмет көрсетеді. Мәселен, барлық емханалар жоспарға сәйкес 11 мың келушіні қабылдау керек болса, бүгінде нақты 22 мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді. Бұл мәселені шешу үшін алдағы 3 жылда 6 жаңа толыққанды емхана ашу жоспарланған, оның ішінде 2 мемлекеттік емхана болады.
Халық санының өсуі мен қала құрылысы жоспарына сәйкес, денсаулық сақтау қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін емханаларды ұлғайту және өндірістік базалар – филиалдар ашу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 12 ірі мемлекеттік емхананың 27 филиалы (отбасылық медицина орталықтары) болса, алдағы уақытта 12 жеке медициналық ұйымның 46 филиалы ашылады.
«Орталық емханаларда кеңес беру-диагностикалық көмек көрсету жоспарлануда, ал босатылған алаңдарда клиникалық-диагностикалық орталықтар ашу арқылы тіркеу кезегін қысқарту және диагностикаға қолжетімділікті жақсарту көзделіп отыр. 2025 жылы филиалдар ашу жұмысы жалғасады. 2024 жылы 548 мыңнан астам скринингтік зерттеу жүргізіліп, жылдық жоспардың 98,4%-ы орындалды. 20 мыңнан астам ауру анықталды, оның 88,2%-ы диспансерлік есепке алынды. Әсіресе, сүт безі және жатыр мойны обырын ерте анықтауға назар аударылып, әйелдерге арналған профилактикалық тексерулердің қамтуы ұлғайтылды» дейді басқарма басшысы.
Хирургия орталықтары ашылды
2024 жылы жастардың денсаулығын қорғау орталықтары 10-29 жас аралығындағы 109 427 адамға медициналық көмек көрсеткен. Сондай-ақ хирургиялық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін қаладағы 9 медициналық ұйымда амбулаторлық хирургия орталықтары ашылып, инвазивті емес араласулар жүргізілуде.
Емдеудің нәтижелері бойынша, жүрек-қан тамырлары ауруларының таралуы 2,9%-ға азайғанымен, миокард инфарктісі бойынша аурулардың көбеюі байқалады.
«Биыл Мемлекет басшысының «Жұмысшы мамандықтары жылын» жариялау аясында денсаулық сақтау саласында орта медициналық персоналдың практикалық дағдыларын дамытуға ерекше назар аудару қажет. Біз медбике практикасын дамытуға, орта медициналық персонал арасында тәлімгерлікті қалыптастыруға және олардың жетістіктерін ынталандыруға баса мән беретін боламыз» дейді басқарма басшысы Әлия Рүстемова.
Біліктілікті арттыру арқылы шамамен 500 медициналық қызметкерді қамту жоспарлануда, соның ішінде эпилептолог, сурдолог секілді тағы басқа сирек мамандар бар.
Пәтер мәселесі қашан шешіледі?
Елордада жас мамандардың көбі жалдамалы пәтерде тұратыны жасырын емес. Жалақыны жыл сайын көтерсе де, күн сайын қымбаттап бара жатқан баға бір бүйірден қыспаққа алады. Биыл дәл осы мәселеге қатысты медициналық қызметкерлерді әлеуметтік қолдау күшейтілмек. Мәселен, Астана – Қарағанды тас жолы бойында 303 пәтерлік жатақхана құрылысын аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар, «Үркер» тұрғын үй алабында 160 пәтерлік тағы бір жатақхана салу көзделуде.
Жаңа нысандар бой көтереді
Айта кету керек, министрлік тарапынан 2024 жылы 7,2 миллиард теңгеге 435 бірлік медициналық жабдық сатып алынды. Сонымен қатар, 47 жедел жәрдем көлігі қолданысқа берілген болатын. Халық санының өсуін ескере отырып, өткен жылы екі перинаталдық орталық пен көпсалалы аурухана құрылысын бастау жобалары қолға алынды. Қазіргі уақытта Сарыарқа ауданында перинаталдық орталықтың құрылысы жүргізілуде. Бұйыртса, 2027 жылы пайдалануға берілмек. Алматы ауданында екінші перинаталдық орталықтың және көпсалалы аурухананың жобасы биыл аяқталып, олардың да құрылысы басталады.
«Қосымша Өндіріс және Capital Park тұрғын ауданында тағы екі мемлекеттік емхана және Байқоңыр, Нұра, Алматы аудандарында жедел жәрдем станцияларын салу жоспарлануда. Бүгінде дәл осы жобалар бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қалалық әкімдік денсаулық сақтау нысандарының құрылысына жеке инвестицияларды тарту бойынша да белсенді» дейді Әлия Рүстемова. Оның айтуынша, биыл «Нұрлы жол» теміржол вокзалы мен Хуссейн Бен Талал аудандарында толыққанды екі жеке емхана іске қосылады. Ал алдағы үш жылда инвесторлар есебінен Viamedis Жағалaу тұрғын ауданында және DV Project Тельман тұрғын ауданында екі емхана ашылады деген жағымды жаңалық бар.
Гүлмира Аймағанбет