Білім

Елорда мектептерінде 91 педагог жетіспейді

Бұл туралы Астана қалалық мәслихатының отырысында елорданың білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев мәлімдеді. Сондай-ақ ол қалада қай пән мұғалімдеріне қажеттілік бар екенін де айтып берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

 «Бүгінгі таңда елорданың білім беру саласында 21 мыңнан астам педагог жұмыс істейді. Оның ішінде мемлекеттік жалпы білім беретін мектептерде 12 мыңнан астам педагог бар. Ұлттық білім беру деректері базасының мәліметінше, бүгінгі таңда педагогтарға қажеттілік — 91 адам. Қажеттілік орыс тілінде оқытатын бастауыш сынып мұғалімдері, математика, информатика, тарих, орыс тілі мен әдебиеті, физика, химия мұғалімдеріне көбірек байқалады», — деді Қасымхан Сенғазыев қалалық мәслихат отырысында. 

Соған қоса арнайы білім беру ұйымдарындағы арнайы педагогтерге, мектепке дейінгі мекеме тәрбиешілеріне де қажеттілік бар. Елордада 2029 жылға дейін 80 мектепті қолданысқа беру көзделуде. Соның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 24 мектеп салынады.

«Бас қалада жыл сайын бала саны 20 мыңға дейін өседі. Жылына 11-сыныпты 10-11 мың бала бітіретін болса, 1-сыныпқа 28-29 мың бала келеді. 2027 жылы елорда оқушыларының саны 330 мыңнан, ал педагогтерге қажеттілік 3 мыңнан асады деген болжам бар», — деді спикер.

Орын тапшылығы мәселесін шешу үшін 2018 жылдан бері педагогикалық мамандықтарға Астана қаласы әкімдігінің гранты бөлінеді.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button