Елорда қалай дамиды?
Астана қаласының Бас жоспары бойынша 2035 жылға қарай елорда тұрғындарының саны 2,3 миллион, ал 2025 жылға қарай 1,48 миллион болады деп болжанады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес және Бас жоспарды іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында қала әкімдігінің бастамасымен «Көгалдандыру жарғысы және қоғамдық кеңістіктерді дамыту тұжырымдамасы» қабылданды. Тұжырымдама бойынша қалада сан алуан жасыл өсімдіктер мен ағаштар отырғызылып жатыр.
«Астана Бас жоспары» ҒЗЖИ ғимаратында қалалық Қоғамдық кеңес мүшелерінің кезекті отырысы өтті. Онда Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Алтынбек Ахметов
Астана қаласы Бас жоспарының негізгі бағыттарын іске асыру туралы баяндады.
Астананың 2035 жылға дейінгі Бас жоспары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 25 қаңтардағы № 33 қаулысымен бекітілген болатын. Былтыр желтоқсан айының соңында аталған жоба елорданың Қоғамдық кеңесінде талқыланғаны туралы айта келе, басқарма басшысы онда елорда аумағын дамытудың негізгі бағыттары айқындалғанын атап өтті.
– Бас жоспар бойынша 2035 жылға қарай халықтың болжамды саны 2,3 млн, ал 2025 жылға қарай 1,48 млн адам деңгейінде болады деп күтілуде. Астана қаласының аумағы
79 733 га күйінде өзгеріссіз қалады. Есептік мерзімге тұрғын үй қоры 1 адамға 30 м2 нормамен 68,2 млн шаршы метр болып болжанады, оның ішінде 2025 жылға 38,4 млн м2 көзделген. Рекреациондық аумақтардың ауданы 2035 жылға қарай 1 адамға 18,7 шаршы метр есебімен 42,7 мың га құрайды. Мыңжылдық аллеясы, Тельман тұрғын алабы және Тұран даңғылының батысындағы аудандарда құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Осыған байланысты жаңа бас жоспарға сәйкес 2024 жылы қала аумағын құрылыстық аймақтарға бөлу жөніндегі жобалау жұмыстары жалғасуда, – деді Алтынбек Ахметов.
Бұл ретте қаланың төрт негізгі аумағы бойынша, атап айтқанда, Қабанбай батыр даңғылы, Сарайшық көшесі және Есіл өзені бойындағы шекараларда, «Технопарк» аумағында, Б.Момышұлы даңғылы, Қ.Сәтбаев көшесі, Р.Қошқарбаев даңғылы және Тәуелсіздік даңғылынан батысқа қарай шекараларда, орталық қалалық базар ауданында, Алаш тас жолы бойындағы аумақта егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын әзірлеу басталды. Осы жерлерде инфрақұрылым дамып, қоғамдық кеңістіктер көбейіп, адамдардың өмір сүру сапасы жақсарады. Бұл жұмыстар кестеге сәйкес осы жылдың соңына қарай аяқталады.
Реновация мәселелері маңызды
2035 жылға дейінгі жаңа бас жоспарға сәйкес қалада реновация бағдарламасы әзірленді және оны іске асыру басталды. Мұнда осы аумақтарды қала құрылысын игеруге қатысуға жеке құрылыс салушы компанияларды ынталандыру және тарту көзделген.
Реновацияның бірінші кезектегі аймақтары бойынша оның жалпы ауданы 2 582 га құрайды, оның ішінде 297 га Байқоңыр ауданына, әсіресе Асан Қайғы көшесі аумағына тиесілі. Бас жоспарға сәйкес осы ауданда 5200 орынға арналған 3 мектеп, 2600 орынға арналған 11 балабақша, 2 оқушылар үйін салу, сондай-ақ жалпы ауданы шамамен 2,4 млн ш.м. болатын 96 көппәтерлі тұрғын үй кешені, 14 коммерциялық нысан, 5 дене шынықтыру-спорт кешені, 6 емхана, 3 медициналық орталық және 9 паркинг құрылысы жоспарланып отыр.
Қаланың барлық қалған аудандарында осыған ұқсас жұмыстар жүргізілуде.
Инженерлік инфрақұрылым дамуда
Қазіргі уақытта қаланың су тұтынуы тәулігіне 330 мың текше метрді құрайды, оны жалпы өнімділігі тәулігіне 410 мың м3. болатын үш су-сүзгі станциясы қамтамасыз етеді. Бас жоспарда 2025 жылға дейін су қоймасынан сүзгі станциясына дейін диаметрі 1200 мм су құбырының екінші желісін салу және техникалық сумен қамтамасыз ету үшін «Тельман» СС кеңейту қарастырылған. 2035 жылға қарай есептік максималды-тәуліктік шығын 613 мың м3/тәул. құрайды, бұл үшін Ертіс-Қарағанды каналынан су құбыры тартылған. Қазіргі уақытта ССС-4 құрылысының жобасы әзірленуде.
Астана қаласында өнімділігі тәулігіне 254 мың м3. болатын бір кәріз тазарту станциясы бар. Бас жоспарда 2025 жылға дейін өнімділігі 188 мың м3/тәул. болатын екінші станция салу көзделген. Қазір оның жобасы әзірленуде. Қалада нөсерлік кәріздің 17 тазарту құрылыстарының кешені, 113 нөсерлік сорғы станциялары жұмыс істейді. 2025 жылға дейін 7 нөсерлік кәрізді тазарту құрылысының кешенін, 2035 жылға қосымша тағы 7 тазарту кешенін салу жоспарланып отыр.
Елорданы жылумен жабдықтаудың қолданыстағы жүйесі орталықтандырылған және орталықтандырылмаған жылумен жабдықтау жүйесі бар екі негізгі бағытта: жалпы қолжетімді жылу қуаты ~3893 Гкал/сағ. үш ЖЭО мен «Оңтүстік-Шығыс» ГЖС, «Тұран» гидро электр станциясы негізінде ұсынылған. 2035 жылға қарай жылу жүктемесіне қажеттілік 5820 Гкал/сағ. құрайды, ол үшін Бас жоспарда ЖЭО-3 2-кезегі мен «Тельман» және «Оңтүстік-Батыс» екі станция құрылысы қарастырылған. Бүгінгі таңда максималды электр жүктемесі 825 МВт құрайды, оның көздері ЖЭО-1, ЖЭО-2 және «KEGOC» АҚ болып табылады. 2035 жылға арналған электр энергиясы көздерінің есептік қуаты 1800 МВт құрайды, болашақта 110/10 кВ 14 қосалқы станция салу көзделген.
Елорданы газдандыру «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының, «Астана» АГРС-1 және «Астана» АГРС-2 іске қосылуынан басталды, олардың жалпы өнімділігі 460,0 мың м³/сағ. Бүгінгі таңда елорданы газдандырудың бірінші кезегі аяқталды. Екінші кезек ішінара іске асырылуда. Газдандырудың үшінші кезегі «Сарыарқа» магистральдық газ құбырынан АГРС-3-ке дейін ұзындығы 71,707 км газ құбырының тармағын және 2025 жылға қарай өнімділігі 350 м3/сағ болатын АГРС-3 құрылысын қамтиды. 2035 жылға қарай өнімділігін арттыра отырып, қолданыстағы «Астана» АГРС-1 және «Астана» АГРС-2 реконструкциялау жоспарлануда.
Жасыл желек жайқалуда
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес және Бас жоспарды іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында қала әкімдігімен Көгалдандыру жарғысы және қоғамдық кеңістіктерді дамыту тұжырымдамасы қабылданды, осыған сәйкес қалада осы бағытта жұмыстар белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Қабылданған жарғы шегінде пайдалануға енгізілетін құрылыс объектілерінің дендрожоспарларын қайта келісу жүзеге асырылуда, бұл көгалдандырылған аймақтардың саны мен сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
– Осы жылы қалада шамамен 1,1 млн жасыл екпелер, оның ішінде 35 мыңнан астам ірі ағаштар, Германия питомниктерінен 2 мыңға жуық ағаштар отырғызылды. Сонымен қатар бүгінгі таңда 170 қоғамдық және аула кеңістіктерін абаттандыру бойынша кең ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2023 жылы абаттандырылған Қ.Сәтбаев көшесінде 32,7 мың жасыл желек отырғызылды, оның 28 мыңы нақты тамыр жайды. Елорданы көгалдандыру «Жасыл белдеудің» жалпы ауданын ұлғайту мақсатында Бас жоспарда қарастырылған. Бұл үшін осы жылы қосымша 2 700 гектар бөлінді, – деді басқарма басшысы.
Бұрын Астанада «Talan Towers» және Жасыл орам аумағында неміс питомниктерінен әкелінген ағаштар отырғызылды. Бұл ағаштар жергiлiктi климаттың ерекшеліктеріне қарамастан жақсы жерсінді. 2023 жылы қалада 3,7 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 1,6 млн ш.м. тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл Астанада 3,8 млн ш.м. көппәтерлі тұрғын үй кешендері тұрғызылады.
Бас жоспарға сәйкес бүгінгі таңда 320 нысан жобалау сатысында, олардың ішінде жыл басынан бері құрылыс жұмыстарын жүргізуге 54 объект рұқсат алды. Жалпы ауданы
9 378 124 м2 жерде орналасқан 286 нысанда, атап айтсақ, Нұра ауданында – 114, Алматыда – 86, Есілде – 69, Сарыарқада 12 және Байқоңыр ауданында 5 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
25 мектеп бой көтереді
2035 жылға дейінгі демографиялық есептеулерді негізге ала отырып, Астанада 164 мектеп, 178 балабақша, 93 денсаулық сақтау мекемелерін салу көзделген. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігінің ҰСБ деректері бойынша 2024 жылдың басында қалада 175 мектеп, 524 балабақша, 44 денсаулық сақтау мекемелері болды.
– Бас жоспар бойынша 2024 жылы 25 мектеп салу, оның ішінде 3 жекеменшік, 7 мемлекеттік және 15 «жайлы мектеп» тұрғызу жоспарланып отыр. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша барлығы 90 мың оқушыға арналған 24 мектеп салынатын болады. Олардың 15-і қаланың қарқынды дамып келе жатқан Есіл және Нұра аудандарында орналасады. Сонымен, 2028 жылға дейін екі ауысымды 200 мың оқушыға арналған шамамен 80 артық мектеп салуды жоспарлап отырмыз, – деді Алтынбек Ахметов.
Бас жоспар бойынша мектеп салу үшін барлығы 183 жер учаскесі бөлінген, оның ішінде 40 мектепте құрылыс жұмыстары жүргізілуде және 143 мектептің құрылысы жобалануда. Инвесторлардың қаражаты есебінен – 16 жеке балабақша (2024 жылы – 1 балабақша, 2025 жылы – 2 балабақша, 2026 жылы – 13 балабақша), сондай-ақ 2029 жылға дейін 60 мемлекеттік балабақша салу жоспарланып отыр.
2029 жылға дейін жергілікті бюджет есебінен, сондай-ақ мемлекеттік-жеке серіктестік механизмін қолдану арқылы 15 заманауи Оқушылар сарайын салу көзделуде. Олардың біріншісі Тұран даңғылындағы «Сана» Оқушылар сарайы 2023 жылы пайдалануға берілді.
Медициналық инфрақұрылымды дамыту аясында 2024 жылдан бастап 2027 жыл аралығында 12 нысан, оның ішінде 2 перинаталдық орталық, 2 жаңа заманауи көпбейінді аурухана, олардың 1-і – балалар, 3-і мемлекеттік және 5-і жеке емхана бой көтеретін болады.
5 көпір салынады
Мемлекет басшысының тапсырмасына және Бас жоспарға сәйкес «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС қазіргі уақытта Астана қаласының көлік жүйесін дамыту жөніндегі кешенді бағдарламаның жобасын әзірлеуде. Ол 2024 жылдың желтоқсан айында аяқталады.
Басқарма басшысының айтуынша, жоба 8 модульден тұрады, атап айтқанда, 2025, 2030 және 2035 жылдарға дейінгі кезеңге стратегияларды әзірлеу; жүрдек қоғамдық көлік жүйесінің нысаналы моделі; тасымалдаушылармен жұмыс моделін және қаланың жерүсті қалалық жолаушылар көлігі нарығының реттеуші моделін жетілдіру; тұрақ кеңістігін ұйымдастыру және реттеу; қаланың қоғамдық көлік брендін нығайту; іргелес жаяу жүргіншілер аймақтарының жоспарлануын қоса алғанда, жүрдек қоғамдық көлік қаңқасының пилоттық дәлізінің көлік схемасын әзірлеу; іргелес аумақтарды абаттандыру тұжырымдамалары, паркингтерді орналастыру схемалары және көлік тораптарын орналастыру және толтыру тұжырымдамалары.
– Бас жоспарға сәйкес 2035 жылға қарай өтпе жолдарды ескере отырып, қаланың көше-жол желісінің жиынтық ұзындығы 2586 км құрайды. Қазір ол 1582,7 км. Қаланың негізгі магистралдарының жүктемесін азайту үшін бас жоспарда 5 ірі көпір салу көзделген, оның ішінде 2023 жылдың соңында әл-Фараби даңғылынан Тәуелсіздік даңғылына жаңа көпір пайдалануға берілді. Сондай-ақ биыл Кенесары көшесі мен Қорғалжын тас жолы ауданында салынатын жаңа көпірді жобалауды аяқтаймыз, 2025 жылы оның құрылысын бастау жоспарланған, – деді Алтынбек Ахметов.
Гүлбаршын Өкешқызы