Басты ақпарат

Елорда қауіпсіздігінің қырағы күзетінде

Бүгін – тәуелсіз Қазақстан полициясының құрылғанына тура 30 жыл. 1992 жылғы 23 маусымда ҚР Жоғарғы Кеңесі «ҚР ішкі істер органдары туралы» Заң қабылдады. Бұл Қазақстан полициясының қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт болатын. 2007 жылғы 5 маусымда осы күн Полиция күні деп бекітілді. Содан бері қызмет сапасы артып, дами түскен елордадағы құқық қорғау органдары өкілдері бас қаладағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде қатерлі де күрделі қызметін күн-түн демей жалғастырып келеді.

Бүгінгі таңда елордада полиция қызметінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету, сервистік модельге көшу басты назарда. Алматы және Сарыарқа аудандарының аумақтарында «Полицияның қазақстандық сервистік моделі» қанатқақты жобасы іске асырылуда. Бас қаладағы қауіпсіздікті сақтау мәселелері туралы толығырақ Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Марат ТӨЛЕБАЕВ айтып берді.

[smartslider3 slider=3295]

 

– Марат Сағынтайұлы, Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында «Полицияның қазақстандық сервистік моделі» жобасы іске асырылуда. Жаңа модель арқылы жұмыс істеудің мүмкіндігі қандай?

– Сервистік полиция – бұл халыққа сапалы қызмет көрсетуге және қоғаммен байланыста қауіпсіздік мәселелерін шешуге бағытталған полиция қызметіне деген көзқарас. Қызмет көрсету сапасы жеке полицейдің де, жалпы полицияның да жұмысындағы жаңа стандарты мен көрсеткіші болуы керек. Құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті, азаматтардың тыныштығын бұзғаны үшін жазаның бұлтартпастығы елордалық полиция міндетінің ішінде бірінші кезекте тұр. Негізгі мақсат – полиция мен халықтың өзара тиімді іс-қимылы арқылы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтарға уақытылы көмек көрсету. Полицияның жаңа модель бойынша жұмысы халықпен тығыз, ашық қарым-қатынас жасауға, олардың қатысуымен қауіпсіздік мәселесін шешуге мүмкіндік береді, ал бұл жағдай тек олардың полицияға сенім артуымен ғана мүмкін болады.

Жоба шеңберінде «сервистік полиция» қағидатында жергілікті полиция қызметінің жүйесі жетілдіріліп, жұмыстың жаңа механизмі, құралы мен әдісі енгізілуде. Процестерді оңтайландыру негізінде «Тиімді учаскелік полицей» моделі жасалады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметін реформалау шеңберінде құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы негізгі буын саналатын учаскелік полиция инспекторларына ең көп жауапкершілік жүктеледі.

– Елордада қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін нығайту үшін жаңадан қандай бағытта жұмыс қолға алынуда?

– Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті нығайту, сондай-ақ азаматтарға ыңғайлы болу үшін полицияның модульдік бекеттері ашылды. Биыл модульдік үлгідегі 10 стационарлық бекет іске қосылды, олар тәртіп сақшылары қызметіне тез жүгіну мүмкіндігін береді және азаматтардың сұранысына полицияның уақытылы әрі сапалы әрекет ету арқылы жауап беруін қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында цифрлық инновацияларды енгізу және дамыту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде.

Қала көшелерінде арнайы құрылғылар орнатылып жатыр. Олар заңға қайшы әрекет немесе төтенше жағдай туындаған кезде дабыл белгісін беруге және полицияға шұғыл қоңырау шалуға арналған. Азаматтардың «SOS» батырмасын басқан кезде жедел басқару орталығының полиция қызметкерімен дереу байланысу мүмкіндігі бар. Орнатылған бейнекамераның көмегімен түсірілген барлық деректер жүйеде автоматты түрде тіркеледі. Мұндай жаңашылдық азаматтардың барлық өтінішіне жедел жауап беруге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта адамдар көп жиналатын және демалыс орындарында осындай 13 батырма орнатылған.

Тұрғындардың полициямен байланысы, құқық бұзушылықтың жолын кесу және қылмыстың ізін суытпай ашу үшін «102» мобильдік қосымшасы бойынша азаматтардың полицияға жіберетін хабарламаларын қабылдаудың жаңа процесі де тиімділігін көрсетті. Аталған мобильді қосымша арқылы қысқа хабарламаларды, сондай-ақ оқиға орнынан фото, видео жіберуге де мүмкіндік бар. Сонымен қатар бейнеқоңырау жасауға болады. Сол арқылы қоңырау шалушының орналасқан жері анықталады, ал жедел басқару орталығы операторлары не болып жатқанын көре алады және дереу тиісті шараларды жасауға кіріседі.

Жыл басынан бері азаматтардан барлығы 1608 өтініш келіп түсті, оларға полиция уақытылы жауап беріп, тиісті шара қабылдады. Полицияның халықпен өзара байланысы интерактивті коммуникациялар арқылы ныға­йып келеді. Қанатқақты жобалар іске қосылғалы бері учаскелік инспекторларды тану деңгейі 3 есеге жуық өсті, олардың жұмысы туралы ақпараттандыру деңгейі артты. Учаскелік инспекторлар танымал мессенджерлердегі үй чатында онлайн отырып, халықпен 24 сағат бойы байланыста болады.

Мұның бәрі ашық, айқын және адамдардың өтінішіне жедел ден қою үшін жасалуда. Бұл елорда тұрғындары мен полицейлер арасында тығыз қарым-қатынас орнатуға, ұсақ құқық бұзушылықтың алдын алуға және аса ауыр қылмыстардың жолын кесуге мүмкіндік береді. Учаскелік инспектор чаттар арқылы тұрғындардан проблема туралы ақпарат алады және оларды тез шешеді. Олар азаматтардың қоғамдық аумақта ішімдік ішу, белгіленбеген жерде темекі шегу, тыныштық пен қаланы абаттандыру ережесін бұзу, ұсақ бұзақылық жасаған кезінде тиімді шаралар қабылдайды.

Жұмыс тиімділігін арттыру үшін полицияның жаңа учаскелік пункттері ашылды. Тұрғындар өтінішіне қарай жедел әрекет ету үшін жергілікті жерде учаскелік полиция инспекторлары, кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспекторлар, жедел уәкіл жұмыс істейді. Бұл қала тұрғындары үшін қолжетімді болуға, аудандағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың санын азайтуға септік етеді. Учаскелік полиция пункттерінің жаңа үй-жайларында барлық қажетті коммуникация бар, азаматтарды жайлы қабылдау үшін толық жағдай жасалған. Учаскелік полиция инспекторының халықпен жұмыс істеу кабинеті қызмет көрсетуге ыңғайлы етіп жабдықталған, сондай-ақ бейнебақылау камералары қойылған. Учаскелік пункттің ашылуы полицияның халыққа қызмет етуге, олардың кез келген мәселесін шешуге ашық екенін көрсетеді. Біздің міндетіміз – ең алдымен, полиция пунктіне баратын тұрғындар үшін заманауи жайлы жағдай жасау.

– Қабылданған шаралар нәтижесін беріп, қылмысты анықтауда оң өзгеріс байқалып жатыр ма?

– Атқарылған жұмыстар нәтижесінде жыл басынан бері тонау 3,9 пайызға, бұзақылық 23,4 пайызға, есірткі қылмысы 22,1 пайызға, алаяқтық 9,8 пайызға азайған. Есірткі қылмысына қарсы күресте есірткіні жарнамалау, өткізу және елорда арқылы тасымалдау фактілерін анықтауға баса назар аударылады. Жыл басынан бері заңсыз айналымнан 123 келіден астам есірткі тәркіленді, 3 есірткі зертханасы қызметінің жолы кесілді және 177 есірткі сайты бұғатталды. Қанатқақты жобалар іске қосылғаннан бері учаскелік инспекторларды тану деңгейі 3 есеге жуық өсті. «Жұртқа жақын полицей» қағидаты да оң нәтижесін беріп отыр.

Жол қауіпсіздігі деңгейін арттыру – қашан да басым бағыттардың қатарында. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, елордада жол қауіпсіздігі жөніндегі кешенді жоспар іске асырылуда. Елорда жолдарында қосымша бағдаршамдар, жобаланған жаяу жүргіншілер өткелі салынды, жаяу жүргіншілер өткелдері жарықтандырылды, қозғалыс бағытын үйлестіретін жол белгілері қойылды, соның нәтижесінде жолдағы өлім деңгейі төмендеді.

– Кәсіби мереке қарсаңында полиция қызметкерлеріне айтар тілегіңіз…

– Полицейлер – қылмысқа, құқықтық тәртіпті бұзуға бірінші болып қарсы тұратын, азаматтарымыздың құқығы мен бостандығын қорғауда жанын беруге дейін баратын мамандық иелері. Полиция формасындағы адам сол елдегі заң мен әділдіктің жарқын бейнесі іспетті. Сондықтан қоғам тарапынан бізге қойылар талап та жоғары. Сол талап үдесінен шығу үшін біз елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласында қоғамдық тәртіптің сақталуын және азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Елорда полициясында қызмет ету – зор мақтаныш әрі үлкен жауапкершілік. Қазақстан полициясының 30 жылдығы қарсаңында баршаңызға мықты денсаулық, қызметіңізге сәттілік тілеймін!

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button