Басты ақпарат

Елорда: құрылыс қарқыны қандай?

Өткен жылы елордада 8 көппәтерлі тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Бұл – 3436 пәтер. Әлеуметтік нысандарға келсек, былтыр 15 орта мектеп салынды. Соның ішінде 4 орта білім беру нысанының құрылысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асты. Сондай-ақ 2021 жылы Сарыарқа және Байқоңыр аудандарында 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды. Бұл спорт нысандары «Көктал» және «Өндіріс» тұрғын алаптарында бой көтерді.

[smartslider3 slider=1922]

СПОРТ НЫСАНДАРЫ НЕГЕ САЛЫНБАДЫ?

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатында есеп берген елорданың Құрылыс басқармасының басшысы Әрсен Жанғасқанов баяндап, биылғы жоспарларға да тоқталды. Оның айтуынша, 2022 жылы 5 көппәтерлі тұрғын үй кешенін, 5 орта мектепті тапсыру жоспарланған. Бұл мектептердің арасында 1200 және 2000 орындық білім беру нысандары бар.

– Өткен жылы Есіл ауданындағы «Ильинка» және Алматы ауданындағы «Железнодорожный» тұрғын алаптарындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысына көп сын айтылды. Мердігерлер нысандардың қаңқасын ғана көтерді. Тиісті жұмыстар әрі қарай жүргізілмеді. Өкінішке қарай, қаржы қарастырылса да, мердігерлер үмітімізді ақтамады. Сондықтан олармен келісімшарт тоқтатылды. Қазір конкурстық жұмыстарды өткізіп жатырмыз. Конкурс туралы алдағы ақпан ­айында хабарлаймыз. Бұл үдеріс бір-бір жарым айға созылады. Жаңа мердігерлер анықталған соң, тиісті құрылыс жұмыстары басталады, – деді Әрсен Жанғасқанов.

Басқарма басшысының айтуынша, құрылыс материалдары қымбаттап кетті. Сол себептен өткен жылғы кейбір жобалар биылға шегерілді. Конкурс өткізу барысында да бұл ескеріледі. Конкурстық комиссия құрамында Құрылыс басқармасының басшысы, оның орынбасары және қалалық Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасының өкілдері бар. Осы орайда қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов қоғамдық бақылау үшін комиссияға мәслихат депутаттары мен қалалық қоғамдық кеңес өкілдерін қосу керектігін айтты. Құрылысы тоқтап қалған дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін биыл пайдалануға беру мүмкіндігін сұрады.

– Аталмыш нысандар 30 пайызға дайын. Сендвичтер Қазақстанға жеткізілді. Қажет құрылыс материал­дары қазір бұрынғы мердігердің қолында. Оларды өзімізге аламыз, – деп жауап берді Ә.Жанғасқанов.

КЕШЕН ҚҰРЫЛЫСЫ СОЗЫЛЫП КЕТТІ

Қалалық мәслихат депутаты ­Ләззат Разбекова-Төлеуханова өткен жылдың аяғында «Өндіріс» тұрғын алабындағы дене шынықтыру-­сауықтыру кешенін пайдалануға беру мерзімі созылып кеткенін сынаған еді. Депутат нысанның қазіргі жағдайын сұрады.

– Кешеннің құрылысы аяқталды. Қазір нысанды жауапты мекемеге тапсыру үдерісі жүргізіліп жатыр. Бірақ спорт ғимаратын пайдаланатын қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан бірқатар ескертулер бар, – деді Құрылыс басқармасының басшысы.

Мәслихат депутаты Владислав Сергеев оның сөзін теріске шығарды.

– Нысанның құрылысы аяқталды дейсіз, аяқталған жоқ. Оған кеше ғана бардым. Бір-бірімізді неге алдаймыз? Мердігерлер 15 ақпанға қарай ғана пайдалануға береміз деп отыр. Әлі өрт қауіпсіздігін бақылайтын құрылғыны, басқа да қондырғыларды орнату керек. Сондықтан тиісті жұмыстар толығымен аяқталмады. Нысанда тиісті спорттық құралдар да жоқ. Ғимарат 1 миллиард 700 миллион теңгеге салынды. Бірақ іші бос тұр, – деді В.Сергеев.

Дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілі «Өндірістегі» спорт нысанына жаттықтырушылар бекітілгенін айтты. Қазір штатты жасақтау жүргізіліп жатыр. Балаларды қабылдау да басталды.

Қалалық мәслихат хатшысы ­Ерлан Каналимов «Көкталдағы» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жағдайына қатысты мәслихат депутаттары тарапынан бес ескерту болғанын айта келе, Дене шынықтыру және спорт басқармасына «Өндіріс­тегі» аталмыш нысан бойынша ескертулер жойылмайынша, нысанды пайдалануға беру құжатына қол қоймауды ұсынды. Келісімшартты орындамаған мердігерлер «қара тізімге» енгізіле ме деп сұрады. Әйтпесе осындай мердігерлердің арада бір-екі жыл өткенде қайтадан тапсырыс алатын жағдайлары кездесіп отырғанын айтты.

Әрсен Жанғасқановтың айтуынша, өткен жылы Құрылыс басқармасы үш мердігермен келісімшартты тоқтатты. Ал «қара тізімге» енгізу аталмыш басқарманың құзырында емес.

ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН ЖАСТАР БАСПАНАЛЫ БОЛА МА?

Қалалық мәслихат депутаты Бақдәулет Жанділдаев өткен жылы 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастарға 1050 пәтер беру жоспарланғанын, алайда жылдың соңында 800 пәтер ғана берілетіні айтылып, оның жартысы әлі берілмегенін жеткізді.

– Қаңтар айының аяғы болды. Абылай хан даңғылы-Айнакөл көшесінің қиылысындағы тұрғын үйлерде әлі күнге дейін жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жастар әлі пәтерлеріне кірген жоқ. Биыл тағы 1050 пәтер беруді жоспарлап отырсыздар. Бірақ тиісті конкурстар жылдың соңында, қараша және желтоқсан айларында өткізіледі. Меніңше, мұны алдын ала өткізуге болады, – деді Б.Жанділдаев.

Әрсен Жанғасқановтың айтуынша, пәтерлерді коммуналдық меншікке сатып алуға республикалық бюджеттен шаршы метріне 220 мың теңге бөлінеді.

– Бұл ақшаға қазір пәтер сатып алу мүмкін емес. Оның үстіне мұндай пәтер кіріп тұруға дайын болуы керек. Яғни жөнделіп тұруы шарт. Сол себептен жергілікті бюджеттен қосымша қаржы құйылады. Сонда шаршы метріне 320 мың теңге болады. Бірақ қазір 1 шаршы метрдің нарықтағы бағасы жоқ дегенде 480 мың теңге. Бұл – жөнделмеген пәтердің бағасы. Біз бірнеше рет 320 мың теңгеге конкурс жариялағанда бірде-бір ұсыныс түспеді. Бізге қарайтын «Елорда даму» компаниясы бар. Қажет пәтерлерді солардан және BI Group және «Елорда құрылыс» компанияларынан сатып алдық. Мәселе бағада болып отыр. Бұл жерде жағдайды нарық белгілеп тұр. Жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға сәйкес қимылдап жатырмыз. Жұмыс істейтін жастарға берілетін 800 пәтерді қалалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасына түгел тапсырдық, – деді Ә.Жанғасқанов.

 «ОТАУЛЫҚТАРДЫҢ» ӨТІНІШІ

Қалалық мәслихат депутаты Нұрдәулет Оразханов өткен жылы пайдалануға берілген «Отау» тұрғын үй кешені тұрғындарынан жолдың және автотұрақтың жоқтығы туралы, орта мектептің керектігі жайында арыз-шағымдар түсіп жатқанын айтты.

– Жол бойынша мәселеге мен жауап бере алмаймын. Себебі бұл мәселе біздің құзырымызда емес. Ал мектепке қатысты Bazis Construction компаниясымен келісіп жатырмыз. Нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынуы керек. Жұмыс жасалып жатыр. Тиісті жер телімі бөлінді. Қаржы бөлінсе, жобалауды бастаймыз. Ал автотұрақтар бар. Қар алып кеткен болуы керек. Бұл бойынша ПИК-тер жұмыс істеуі керек, – деді Құрылыс басқармасының басшысы.

Ал «Отау» тұрғын үй кешені аумағындағы жолдың құрылысы биыл басталуы керек. Өткен жылы инженерлік желілер салынғандықтан, бұл жұмысты істеу мүмкін болмады. Тиісті жұмыс А105 көшесін салу жобасына кіреді. Бұл туралы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Жансұлтан Сапарбаев айтты.

Қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов Құрылыс басқармасына өткен жылы пайдалануға берілген 20 тұрғын үйдің инфрақұрылымы бойынша есеп беруді талап етті. Жаңа орта мектептердің директорларымен жиналып, білім беру нысандарының жабдықталуы бойынша кеңес өткізуді ұсынды. Мектептер маңайын абаттандыру мен көгалдандыруды ұмытпау керектігін айтты. Жаңа мектептердің айналасындағы көліктер ағынын тәртіпке келтіру керектігін жеткізді.

ОҢ ЖАҒАЛАУДАҒЫ МЕКТЕПТЕР ҰМЫТЫЛМАСЫН

– Біздің қолдағы мәлімет бойынша оң жағалаудағы, былайша айтқанда, ескі қаладағы 19 орта мектепке күрделі жөндеу жасалып, жапсаржайлар салынуы керек. Атап айтқанда, №7 және №25 мектептерге күрделі жөндеу қажет. №2 мектеп сүрілуі тиіс. №22 мектеп тұрғын үйлердің ортасында қалып қойды. Оған жапсаржай салу мүмкін емес. Бұрын қалада жалғыз қазақ мектебі – қазіргі Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясы болды. Онда әлі күнге дейін спорт алаңы жоқ. Оң жағалаудағы мектептерді де ұмытпайық, – деді Ерлан Каналимов.

Қалалық мәслихат депутаты ­Владислав Сергеев денсаулық сақтау нысандарының жағдайын көтеріп, шеткі аймақтарда мектептердің құрылысы мәселесін қозғады. Соның ішінде отбасылық денсаулық орталықтарының жайын сөз етті.

– «Өндіріс» тұрғын алабында осындай жақсы орталық бар. Оны жөндеуге болады деп есептеймін. Қазіргі құрылыс жағдайында емхананы кемінде 3-4 жыл саламыз. «Кирпичный» тұрғын алабында жағдай дұрыс шешілді ғой. Ондағы тұрғындардың бәрі риза. Осы нысанға белгілі бір аурулар бойынша маман дәрігерлер де жіберіледі, – деді В.Сергеев.

Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратовтың айтуынша, «Өндірістегі» «Достық» отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның бір бөлігінде бұрын полиция бөлімшесі отырды. Осы жылы жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатыр. Жөндеудің құны – шамамен 90-100 млн теңге. Осындай нысан «Железнодорожный» тұрғын алабында да бар.

– «Үркер», «Кирпичный» тұрғындары әлеуметтік желіде үнемі мектептерді салу мәселесін көтереді. Шеткі аймақтарда қашан мектептердің құрылысы басталады? – деп сұрады В.Сергеев.

Құрылыс басқармасының басшысы Әрсен Жанғасқановтың айтуынша, «Үркер» мен «Кирпичныйдағы» мектептердің жобасы сараптамада жатыр. Сараптама 9 ақпан күні аяқталып, нысандар құрылысы биыл басталуы керек.

БОСАНДЫРУ БӨЛІМШЕЛЕРІ КЕРЕК

Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов мәслихат депутат­тарына өтініш айтты. Оның сөзінше, қазір елордада сағат сайын 4 сәби дүниеге келеді. Бірақ 2009 жылдан бері босандыру бөлімшелеріне ­бірде-бір кереует қосылған жоқ. 2017 жылы бір жоба басталып, қайта-қайта шегеріле берді. Былтыр бұл эскиздік жоба ретінде бекітілді.

– Биыл бұл жобаның жүзеге асырылуын қолдауыңызды сұраймын. Ол 250 төсек орынға шақталған. Сосын патанатомиялық бюро бойынша да мәселе бар. Бұл нысан құрылысына конкурс жарияланды. Осындай нысанның қазіргі ғимараты 1968 жылы салынған. Мәйітхана 12 мүрдені сақтауға ғана арналған. Осының алдында крематорий салу жоспарланған. Бірақ крематорийді жаңа мәйітхананың бір бөлігіне ғана салу ұйғарылды. Қазір теміржол ауруханасы бойынша да мәселені шешу керек. Аталмыш нысанды қайта салу қажет. 800 кереуетке арналған медицина университетінің ауруханасы жобасы өте көлемді. Оны 2026 жылға дейін пайдалануға беру мүмкін емес. Ал елорда тұрғындары жыл сайын 60 мың адамға көбейіп жатыр. Ескі қала орталығында стационарлы нысандар мүлде жоқ, – деді Т.Мұратов.

Қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов бұл мәселе келесі аптада жеке қаралатынын айта келе, тұрғын үй кезегінде тұрып, баспана алған азаматтардың мәселесін көтерді.

– Рақымжан Қошқарбаев даңғылы, 43, 43А мекенжайларындағы тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Бұл үйлерден пәтерлерді, негізінен, мүмкіндігі шектеулі жандар алды. №43 үйдің бірінші қабатында «Үй жанындағы дәрігер» жобасы ашылуы керек еді. Алайда әлі күнге дейін ашылмады. Егер жоба жүзеге асырылмайтын болса, басқа жерден ашу керек, – деді Е.Каналимов.

Алда қалалық басқармалардың басшылары мәслихат депутаттарына жұмыстары бойынша есеп береді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button